«Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында облыс кітапханашылары арасында өткен «Жыл кітабын бірге оқимыз» атты онлайн байқаудың жеңімпаздары анықталды. Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен өткен байқауда Ә.Әлімжановтың «Ұстаздың оралуы» шығармасын талқылау ұсынылған болатын.
Аудандық, қалалық және ауылдық кітапхана қызметкерлері сайысқа белсене қатысып, бейнеролик әзірледі. Осылайша кітапханашылар туындының мазмұнын оқырманға қызықты етіп жеткізуге тырысты.
Байқау қорытындысы бойынша үздіктер анықталып, Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханада жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтті. Қазалы аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №5 кенттік кітапхананың кітапханашысы Айнұр Әбілтаева І орын, Арал аудандық орталық кітапхананың кітапханашысы Гүлнұр Шалманова ІІ орын, Қармақшы ауданы Т.Көмекбаев ауылдық кітапханасының кітапханашысы Гүлнар Қыпшақбаева ІІІ орынды иеленді. Жеңімпаздар арнайы дипломдармен марапатталып, сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ, бірнеше кітапханашыға ынталандыру сыйлығы табысталып, қатысушылар алғыс хаттармен марапатталды.
Айта кету керек, шараға «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы демеушілік көрсетті.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<