Еңбекте бақ бар

546

0

Жуырда Жанқожа батыр ауылына жол түсті. «Тірек ауыл» санатын иеленген елді мекеннің қазіргі көрінісіне көңіл толады. Ауыз толтырып айтарлықтай жағымды жаңалықтар аз емес.  Осы жылдың өзінде Мәдениет үйі мен бірнеше  көшеге жөндеу жасалды. Оған қоса, талай жылдан бері ауыл тұрғындары зарыға тосқан ауызсу құбырын сервистік  желіге қосу жұмыстары  басталады деп күтілуде.

Десе де,  адамның  арманы тау­сылған ба?! Са­намның бір түк­пірінде «Ауылдың ахуалы бөтен емес. Көп жерде кездесе бермейтін спорт кешені,  өзге де нысандар салынып, көшелер асфальтталды, түн­гі жарықпен қамтылды. Көп кешікпей ауызсу құ­быры үйлерге кіргізіледі. Енді газ құбыры тартылса, шіркін! Ондай  жағдайда ауылдың келбеті аудан ор­талығынан кем болмасы анық» деген ой жылт ете қалды. Газ келсе несі бар?! Бұйырса, ондай күнге де жетерміз.

Ащы көлдің қырқасына көтеріл­генде тосын әрі қы­зықты көрініске тап кел­дік. Ауылдың төлқұ­жа­ты іспетті  ежелгі  көл көк­жи­ек­ті көм­керіп, ернеуінен асып, шалқып жатыр. Тол­қыны жағалауды ұрып,  тө­сінде түрлі құстар жүзген айдынға қатты сүйсіндік.   Ал іргедегі биік төбенің басында шағыл құмға бауырын төсеп, қаз-қатар жатқан түйелердің  қалың  келесін байқағанда таң­данысымыз арта түсті. Керемет, көрініс! Маңайға асқақ кейіпте көз тастаған, қос өркеші баладай, шеті­нен күйлі ойсылқара тұ­қымы тым айбынды-ақ. Ақи­қатына көшсек, бұған дейін баба атындағы ауылда мұншама  түйені көп кездестіре бермеуші едік. Шаруа қауымның шөлге төзімді осынау  киелі түлікті маса-сонадан қорғаштап, Сыр беткейіне аса жолата бермейтіні әмбеге аян. Енді жерсіндірсе неге ма­саттанбасқа?!

Оны айтасыз, Жан­қожа батыр ауыл­ында мемлекет­тен несие алып, түйе өсіріп, өнімін ұқсатып отыр­­­ған жеке кәсіп­кер бар екен. Қолы­мыздағы де­рек­те «Нә­ти­желі жұмыс­пен қам­туды және жаппай кәсіп­керлікті дамы­тудың 2017-2021 жылдарға ар­налған бағ­дарламасы­ның» екінші бағыты бойынша Алтынай Атымбаева  қайтарымсыз грант алып сиыр өсіруде. «Микробизнес-Қы­зыл­орда» өңірлік бағдарламасы  ар­қылы Нұргүл  Маханова 2 млн теңге несиеге 4 түйе, 1 бота алып түйе шаруа­шылығымен айналысуда. 2018 жылы Гүлбану Әлиева  жылқы өсіру бағытында «Ауыл шаруашылығын қол­дау қоры»  арқылы  2,5 млн теңге несиеге жылқы алған. Бір сөзбен айтқанда, мұның бәрі ауыл кәсібінің алға басуына дәнекер болып отыр.

Ал есімдері аталған Алтынай, Нұргүл, Гүлбану  бір үйдің келіндері екенін білесіз бе? Абысын тату болса, ас көп деген осы.  Мінажадин ағамыз бен Гүл­жахан анамыздың ша­ңы­рағындағы келіндер осы­лай ауылдың шаруасын дөң­гелетуге себепкер болуда. Мінажадин ағамыз мал шаруашылығының бі­лік­ті маман, округ әкімдігінде ұзақ уақыт бас маман қызметін атқарған. Қысқасы, осындай берекелі бастаманы ұйыс­тырып, еңбектен өнбек жолын са­бақ­тап отырған үлкен отбасының өнегесі өзгелерге де ой салса керек. Айтпағымыз осы еді.

Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<