«Көлеңкелі» экономика өсімді тежейді

1143

0

Өткен жылдың наурыз айында еліміздің 17 өңірінде басым бағыты «көлеңкелі» экономиканы азайту және кәсіпкерлерді қылмыстық қудалаудан қорғауды күшейту болып белгіленген аумақтық экономикалық тергеу департаменттері құрылды. Экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін және бюджеттің толықтығына мүдделі бұл органдардың қызмет ауқымы кең.

Ел Президенті Қ.Тоқаев биылғы Жолдауында «Көлең­келі» экономика» сыбайлас жемқорлыққа жол ашып отырғаны жасырын емес. Сондықтан Қаржы министр­лігіне қарасты экономикалық тергеу қызметінің жұмысын негізінен «көлеңкелі» экономикамен күресуге бейімдеуді тапсырамын» деген болатын.

Облыс бойынша эконо­ми­калық тергеу департаменті экономикаға ғана емес, қоғамға елеулі залал келтіретін бюджет қаражатын жымқыру, заңсыз кәсіпкерлік, салықтан жалтару, мұнай мен мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы, заңсыз ойын бизнесі сияқты қылмыстармен күреске бағытталған қызме­тінің биылғы 9 айын қоры­тындылады. Бүгінгі тәжірибе қоғамдық қаупі жоғары әрі маңызды қылмыстарды ашуға бағытталған. толықтай «саннан сапаға» принципіне көшіріл­ген, яғни, адал кәсіпкерлердің мүддесіне қайшы келмейтіндей, тек «көлеңкелі» экономика қылмыстарын анықтау және тергеу басты назарда.

Экономикалық және қар­жылық қылмыстар аясында жыл басынан бері 9 айда 57 қылмыстық істің өндірісі жүргізілген. Аяқталған істер­дің 52 проценті сотқа жолданды. Аяқталған қылмыстық істер бойынша мемлекетке келтірілген залал мөлшері 1,1 млрд теңге, оның қаржылай 208,8 млн теңгесі өндіріліп, 775,1 млн теңгенің мүлкіне тыйым салынды. Қылмыстық процесс барысында азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзу және бизнеске заңсыз араласу фактілері орын алған жоқ.

Мемлекеттік бағдарламалар аясында бюджеттен бөлінген қара­жатты жымқырудың 8 дерегі анықталған. Соның ішін­де, «Жұмыспен қамту – 2020 Жол картасы» бағдарламасы арқылы бөлінген қаражатты мақсатсыз пайдалану бойынша 2 қылмыстық іс тіркеліп, тергеу амалдары жүргізілуде. Жалпы анықталған ауыр қылмыстардың негізгі бөлігін бюджет қаражатын жымқыру бағытындағы істер құрайды.

«Көлеңкелі» экономиканың салдарынан аса ірі көлемдегі қаржы көздері бақылаудан тыс қалып, мемлекеттің экономикасына үлкен қауіп төндіріп отыр. Бұл бағыттағы заңсыздықтың кең тараған түрі – кәсіпкерлік субъектілерінің салықтан жал­тару және «қолма-қол ақша» алу мақсатында ресми бух­галтерлік құжаттарда шаруа­шылық әрекеттерді көр­сетпеуі. Мүліктік пайда алу мақсатында жеке кәсіпкерлік субъектісінің іс жүзінде орын­далмаған жұмыстарға, көр­сетіл­меген қызметтерге, тиеп-жө­­нелтілмеген тауарларға жал­­ған шот-фактура жазуы. Қол­ма-қол ақша алуға қатысты осындай қылмыстармен күресу кәсіпкерлік субъектілерінің қыз­меттері бойынша ақпарат­тардың жабық болуына байланысты күрделі болып ке­леді. Соған қарамастан, Қар­жы ми­нистрлігі Қаржы мониторингі ко­митетінің эко­но­микалық тер­­геу органдары аталған ба­ғытта жұмыстарды белсенді жүргізуде. Республика бойынша талдау көрсеткендей, негізі 2017 жылдан бастап, қаржыны қолма-қолға айнал­дырудың өсуі байқалады. Мем­­лекеттік сатып алу саласын­да, квазимемлекеттік секторда көлеңкелі айналым өте жоғары. Жымқырылған ақша қаражатының үлкен көлемі қолма-қолға айнал­дырылғаннан кейін республикадан сыртқа шыға­ры­латынын ескерсек, бұл –   мемлекетке келтірілетін үлкен залал.

Департамент, «СТОП ОБНАЛ» жедел-іздестіру шаралары аясында, 2017-2020 жылдар аралығында ұзақ уақыт бойы жалған шот-фактураларды жазу арқылы қыруар қаражатты қолма-қол айналымнан өткізген қылмыстық топты құрықтады. Алдын ала есеп бойынша бюджетке келтірілген залал көлемі 776 млн теңгені құрап отыр. Жылдың басынан бері бұл бағытта 6 қылмыс анықталған.

Аумақтың әлеуметтік-эко­номикалық даму ерек­шелік­терін ескере отырып, тәуекелділігі басым объек­тілер, яғни қылмыс жиі жасалатын орындар бақылауға қойылды. Екі мәрте екінші деңгейлі банктердің қаты­суы­мен «дөңгелек үстел» кездесуі өткізілді. Талқыланған тақырып – заңды және жеке тұлғалардың есеп шоттарынан қолма-қол ақша шешуіне қатысты күдікті операцияларға талдау жасау, комплаенс-контроль қызметін жүйелі ұйымдастыру, күдікті операциялар бойынша шұғыл әрекет ету тетіктерін жетілдіру.

Мұнайлы өңірлердің бірі Қызылордада мұнай­дың заңсыз айналымына қатысты қыл­мыстық құқық­бұзу­шы­лықтар тоқтамай тұр. Биыл 5 қылмыстық іс тіркелген, 2 қылмыстық іс сотқа жолданды. Жақында Қызылорда қалалық №2 сотының қашықтан өткен ашық сот отырысы осындай бір қылмыстың жазасын тағайындады. 2016 жылдан бастап кәсіпкерлікпен, яғни облыстағы мұнай компанияларымен арада жасалған келісім-шарттар негізінде мұнай бассейндерін тазалау, нефте­шлам­дарды шығару және жою қызметтерімен шұғылданған азамат араға жылдар салып заңсыз әрекеттерге бет бұрған. Мұнай бассейндерін тазалау және қалдықтарды жою үшін жасалған келісімдерді пайдаланып, өңделмеген мұнай өнімдерін қыздырып, тұн­дырылған өнімді иемдену және сату жоспарын іске асырған. Пайда болған өнімді мұнай қалдықтарын тасымалдауға арналған көлік құралдарының көмегімен кен орнынан алып шығып, заңсыз өнімнің тоннасын 110 мың теңгеден бірнеше заңды тұлғаға сатуды жүзеге асырған. Осындай әрекеттері үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 197-бабы 3-бөлігімен, 218-бабы 1-бөлігімен 1 жыл 6 айға бас бостандығынан шектеу жазасына кесілді.

Заңсыз ойын бизнесі, теріс әлеуметтік салдарымен қоса, жалпы қылмыстардың өсуіне әкелуде. Эксперттердің бағалауы бойынша, осы сала­дағы жылдық көлеңкелі табыс 60 млрд теңгеден асады. Қызылордалық экономикалық тергеу дерпартаменті осы бағытта  5 қылмыстық істің өн­дірісін жүргізді. Жедел іздестіру шаралары нәти­жесімен тіркелген бұл істердің 3-еуі аяқталып, сотқа жолданған. Айналымнан 82 монитор, 77 процессор, 40 телевизор, 8 кассалық аппарат, 31 терминал, 9 бейнежазғыш және 10 млн теңгеден аса ақша алынды. Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетімен бір­лесіп, республикалық «ОЙЫН ТОҚТА» жедел-сауықтыру шаралары аясында Қызылорда, Алматы, Қара­ғанды, Тараз, Шымкент қалаларында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған қыл­мыстық топ құрықталды. Бір­неше қалада жүргізілген тінту нәтижесінде 5 покер столы, 11 ойын автоматы және 7 млн теңге, 60 мың АҚШ доллары айналымнан алынғанын бұдан бұрын хабарлаған болатынбыз. Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 262-бабының 1,2-бөлігімен, 307- бабының 3-бөлігінің 1,2-тар­­мағымен  қылмыстық іс аяқта­лып, сотқа жолданды.

«Ойын бизнесі туралы» Заңның  11-бабына сәйкес, казино мен ойын автоматтары залдарын Алматы облысының Қапшағай су қоймасының жағалауында және Ақмола облысының Щучье ауданында жергілікті атқарушы органдар айқындайтын аумақтар шегінде орналастыруға жатады. Тағы бір ескеретін жағдай – ойын бизнесін ұйымдастыруға үй-жайлар бергені үшін де заңмен жауапкершілік көзделген. Сонымен қатар, құмар ойын ойнағандарға әкімшілік жауап­кершілік қарастырылған.

Қоғамның және өскелең ұрпақтың болашағы үшін келтірілетін залалдың алдын алу мақсатында «Жастар заңсыз ойын бизнесіне қарсы» атты акция ұйымдастырылып тұрады. Акция кезінде студент жастармен кездесулер өткізіліп, арнайы жасалған бейнематериалдар арқылы түрлі оқиғалар мен жағдайлар түсіндіріледі. Са­уалнама жүргізу арқылы құмар ойындарға деген жас­тардың ішкі қарсы­лықтарын қалыптастыру әдістемесі  қолданылады. Заңсыз ойын бизнесі туралы мәліметтер болған жағдайда департаменттің 21-52-09 нөмірлі сенім телефонына хабарлауды өтінеміз.

Көлеңкелі сектор сыбайлас жемқорлықтың етек жа­йып дамуына қолайлы аймақ, экономиканың өсуін тежейді, сонымен қатар инфляцияны жо­ғарылатып, бюджет тап­шылығын туындатады. Ал эконо­микалық тергеу органдары осы кедергілермен күресуді жүзеге асырады.

Рашид Темірбеков,

облыс бойынша

экономикалық тергеу департаментінің басшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<