Халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуы қашанда маңызды. Облыста үкіметтік емес ұйымдар саны жылдан жылға көбейіп, азаматтық белсенділік деңгейі артып келеді. «Қоғам және мемлекет: серіктестік пен дамудың 30 жылы «Birgemiz» атты ІХ облыстық Азаматтық форумның алғашқы күнінде саладағы маңызды қадамдар мен жетістіктер талқыланды. Ауқымды шараға облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет қатысты.
Форумда өңірлік сараптамалық диалог алаңдары ұйымдастырылып, өзекті проблемаларды шешуге азаматтық сектордың ықпал етуі, ҮЕҰ-дың бәсекеге қабілеттілігін дамыту мәселелері айтылды.
Өткен жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы аймақта 165 әлеуметтік жоба жүзеге асырылса, биыл 154 әлеуметтік жоба жүзеге асырылуда. Жуырда облыстық ішкі саясат басқармасы әлеуметтік жобалар жәрмеңкесін ұйымдастырды. Аталған шараның ауқымы кең, маңызы жоғары.
– Әлеуметтік жобалар жәрмеңкесі өңірдегі ҮЕҰ арасындағы бәсекелестікті арттырып, алдағы жылы жүзеге асырылатын әлеуметтік жобалардың тақырыптарын қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды. Осы жәрмеңкеде Сыр өңіріндегі азаматтық қоғамның потенциалын көрдік. Мұндай шаралардың өңірдегі азаматтық қоғам өкілдерінің белсенділігін арттырып, қоғамдық институттарды дамытуда маңызы өте зор. Сондықтан бұл бағыттағы шаралар алдағы уақытта да ассоциациямен бірлесіп тұрақты түрде ұйымдастырылатын болады.
Облыстағы ҮЕҰ саны жылдан жылға көбейіп келеді. Бұл да қоғамдағы азаматтық жауапкершілік пен белсенділіктің артқанын көрсетеді. Осыдан он жыл бұрын облыстағы қоғамдық ұйымдардың саны 150 ғана болды. Бүгінде олардың қатары 1000-ға жуықтады. Нақты айтсақ, 996. Біздің облыстың ерекшелігі ауылдық жерлердегі ҮЕҰ-ның үлесі қаладағыдан жоғары, – деді С.Ахмет.
Облыс әкімінің орынбасары күрделі кезеңде елге көмек көрсеткен азаматтық қоғам өкілдерінің жұмысына ерекше тоқталды. Айта кету керек, пандемия кезінде тұрмысы төмен 3800 отбасыға азық-түлік өнімдерін үлестіріп, 30 млн теңгеге облыс ауруханаларына 200 дана оттегі концентраторын алып берген «Ел Арай» қоғамдық қоры облыстық «Жомарт жүрек» сыйлығының иегері атанып, «Жылдың үздік ұйымы» номинациясымен марапатталды. Мұнан бөлек, сындарлы шақта халыққа жан-жақты қолдау көрсеткен «Қамқорлық» дағдарыс орталығы, «Ұмай» қайырымдылық үйі, «Шапағат» қоғамдық қорының да көмегі ел есінде.
Форумда облыс әкімінің орынбасары алдағы уақытта бұл саланың алдында ауқымды мақсат барын, тың жобалар мен мақсатты бастамалар облыс экономикасын қалпына келтіруге бағытталатынын атап өтті.
Шараға Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрбол Серікбеков онлайн қатысып, биыл азаматтық сектор саласында біршама жетістіктер барын атап өтті.
– Осы саладағы басты стратегиялық құжат – елдегі үкіметтік емес секторды дамытудың жаңа векторын қамтитын 2020-2030 жылдарға арналған азаматтық қоғамды дамыту концепциясы қабылданды. Қазіргі уақытта концепцияны жүзеге асыру үшін іс-шаралар жоспары әзірленуде, – деді Н.Серікбеков.
Сондай-ақ, ҚР Президенті жанынан құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі шын мәнінде жоғары деңгейдегі диалог алаңына айналғанын жеткізді.
Нұрбол Серікбекұлы ҮЕҰ-лар мемлекеттік тапсырыс арқылы қаржылай қолдауға ие болатынын, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберіндегі жобалар биыл 4,4 процентке артқанын атап өтті. ҮЕҰ-лар сапалық әрі сандық жағынан да өсіп келеді. Қазір елімізде 22 мыңнан астам ҮЕҰ тіркелсе, оның 16 мыңы белсенді ұйымдар қатарына кіреді.
Форумға ҚР Азаматтық Альянсының президенті Бану Нұрғазиева онлайн қатысып, Сыр еліне сапар барысы туралы сөз қозғап, ҮЕҰ өкілдерімен кездесіп, маңызды жұмыстармен танысқанын атап өтті.
Биыл облыста ҮЕҰ жұмысы серпінді дамуда. «Қызылорда облысының Үкіметтік емес ұйымдарының Альянсы Ассоциациясы» ЗТБ-ның төрайымы Анар Ізденнің айтуынша, әр ауданда альянстың өкілдіктері ашылған. Өкілдіктер бүгінде жергілікті мемлекеттік органдармен тығыз жұмыс істеуде. Олардың басты миссиясы – қоғамдық бақылау механизмдерін орнату.
Шарада Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры, филология ғылымдарының кандидаты Бейбіткүл Кәрімова, облыстық мәслихат депутаты Ибадулла Құттықожаев, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы, айтыскер ақын Мұхтар Ниязов облыстағы ҮЕҰ жұмысы, маңызы туралы сөз қозғады.
Форумның алғашқы күні мұнан бөлек, «Азаматтық бақылау: мәселелер мен болашағы», «ҮЕҰ бәсекеге қабілеттілігін дамыту. Қоғам мен мемлекет диалогы» тақырыбында сессиялар өтті.
Айта кету керек, бес күнге жоспарланған форум Азаматтық қоғам апталығы форматында өткізілуде.
Айдана ЖҰМАДИНОВА,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<