Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен инвестициялық жобалар бойынша мәжіліс өтті. Жиынға мемлекеттік орган өкілдері мен инвесторлар қатысты. Онда өңірімізде экспортқа бағытталған 2 инвестициялық жоба таныстырылып, жүзеге асырушы компания құрылтайшыларымен меморандумға қол қойылды деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
– Бүгін қарастырылып отырған екі жоба да салаға жаңа серпін береді деп санаймын. Пайдаланылған суды екінші рет қайта қолдану және жаңбырлатып, тамшылатып суару әдістерін кеңінен қолдану есебінен біз әртараптандыруға бағытталған жұмыстарымызды жетілдіре түсеміз. Сондықтан, бұл бағыттағы егін орналастыру көлемі мен малазықтық дақылдар үлесі ұлғайтылатын болады. Ұсынылған жобаларды қолдап, жүзеге асыруымыз қажет», –деді облыс әкімі.
Бірінші жоба – «Қызылорда AGRO PLUS» ЖШС-ның «Жаңақорған ауданында тамшылатып суару әдісімен 3 мың гектар жерге өндірістік негізде қызанақ дақылын өсіру» және куаттылығы жылына 15 мың тонналық қызанақ пастасын өндіретін зауыт құрылысын инвестициялау жобасы.
Жоба құны – 26,8 млн евро. Жалпы жобаны жүзеге асыру барысында 500-ге дейін жұмыс орнын ашу көзделуде. Мақсат – Қазақстанның өңірлерінде қойылтылған томат пастасын өндіру бойынша толық циклді зауыт құру. Құрылтайшысы – «Orbis Agro» компаниясы.
Аталған серіктестік – республикаға белгілі «Orbis Kazakhstan» ЖШС-ның ауылшаруашылық бағытында қызмет көрсететін еншілес компаниясы.
Екіншісі – Шиелі ауданында жаңбырлатып суару әдісімен 10 мың гектар жерге жоңышқа егу жобасы. Жүзеге асыратын – «Тың Өріс» ЖШС.
Жоба аясында Шиелі ауданында пайдаланылған ағын суды қайта қолдану арқылы жаңбырлату тәсілімен 10 мың гектарға жоңышқа дақылын егу қолға алынады.
Сонымен қатар жоба өңірімізге 10,6 млн АҚШ доллары шамасында инвестиция тартуға, өнімін экспортқа шығаратын өңдеу кәсіпорнын ашуға бағытталады деп жоспарлануда. Жүзеге асыру барысында 200 адам жұмыспен қамтылады.
Облыс әкімі жауапты сала басшыларына өндіріс зауыттарын салатын инфраструктурасы қамтылған жер учаскелерін белгілеуді, қажетті инженерлік-инфрақұрылым жүйелерін жүргізуді, индустрияландыру картасына енгізуге өңірлік үйлестіру кеңесінде жеделдетіп қарауды және аталған инвестициялық жобалардың толық іске асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<