Төлем жасаудағы түйткіл неде?

1204

0

Соңғы күндері қыс қытымырлығын жасап тұр. Әлбетте, мұндайда баспанаң жылы болуы үшін отты үзбеу керек. Қызылордалықтар газ пештерін барынша ашып, жылуды төмендетпеуге тырысуда. «Көгілдір отын» көп мөлшерде шығын болып, есептегіш құралдар шыр айналып тұр. Газға молынан ақша салып қоюға мүмкіндігі жоқ тұрғындар жиі төлем жасауға мәжбүр. Осы тұста  қиындыққа тап болғандар жайын айтқымыз келеді.

Мәселе мынада. Қазір үйлерде газ есептегіш құрал­дардың екі түрі ор­натылған. Механикалық түрін орнатқандар үйден отырып-ақ банк карточкасы арқылы төлем жасай алады. Ал электронды газ есептегіші орнатылған тұтынушыларда ондай мүмкіндік жоқ. Міндетті түрде «ҚазТрансГаз Аймақ» бөлімшелеріндегі кассаға барып ақша төлеуі тиіс. Осы  күндері Тасбөгеттегі тұтынушылар  ақша төлеу үшін «Южный» шағын ауданындағы кассаға ағы­луда. Сақылдаған сары аязда бұл тіпті оңай емес. Касса орналасқан ғимаратқа адам сыймайды, сыртта суыққа шыдап тұра алмайсың.

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалы бас директорының бірінші орынбасары Ермек Қалдығұлов бұл мәселеден хабардар екен. «Южныйдағы» кассада екі кассир жұмыс істейді, бірі механикалық, екіншісі электрондық есептегіштер үшін төлем қабылдайды. Электронды есептегіштер үшін төлем қабылдайтын тағы бір кассирді жұмысқа қосуға кірісіп жатыр екен. Осы кассаға төлем жасауға келгендер арасында механикалық есептегіші бар тұтынушылар да аз емес. Олар кезекке тұрып, адам санын көбейтпей-ақ, сол ғимарат ішіндегі терминалдан немесе кез келген сауда орындарындағы терминалдардан төлей беруіне болады.

Бас директордың бірінші орынбасарынан білгеніміз: облыс орталығында «ҚазТрансГаз Аймақ» филиалына қарасты 7 касса жұмыс істеп тұр. Мұнан бөлек, өндірістік филиалға қарамайтын екі коммерциялық касса бар. Оның біреуі Тасбөгет кентінде, екіншісі КБИ ауданында орналасқан. Дәл осы күндері Тасбөгеттегі ком­мерция­лық кассаның бағдарламасы бұзылып, істен шыққан. Ол қашан іске қосылатынын ешкім айтып бере алмайды.

«Сіздер үлкен компаниясыз­дар, Тасбөгетте касса ашып қоюға шамаларыңыз жетпеді ме?» деген сұрағымызға бәрі қаржыға байланысты, касса қосымша шығын болатыны туралы жауап естідік. Шығын өз кезегінде тарифке әсер етіп, газдың қымбаттауына әкелуі мүмкін.

Енді бұл тығырықтан шығар қандай жол бар? Компания өкілі атап өткендей, электронды газ есептегіші бар тұрғындар уақыт ұттырмай, механикалыққа айналдырғаны дұрыс. Қалада шамамен 15 мыңдай ғана электронды есептегіш қалған екен. Олардың пайдалану мерзімі аяқталып келеді. Жаз бойы механикалық түріне ауыстыру жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Бас директордың бірінші орынбасары тұрғындар осы күндері де газ есептегіштерін ауыстыра алатынын айтты. Ол үшін электронды есептегіші бар тұтынушылар Call орталыққа хабарласып, тапсырыс берсе болды, мамандар өздері келіп, арызын жаздырып алып, электронды есептегіштерді қозғамастан оны механикалық түріне айналдырып береді. Call орталықтың телефоны – 87710121211. Еш­қайда барудың керегі жоқ, ақша төлеп шығындалмайды. Сонымен қатар есептегіштерін тексеріп беретін «Юг-Астат innovation» орталығы қызметін де пайдалануға болады. Бұл орталықпен 87009989014 телефоны арқылы хабарласуға болады.

Ескерте кететін мәселе, электронды есептегіш иелері төлемді тек кассаға ғана барып жасайды. Ал механикалық есептегіш орнатқандар үйінде отырып, «Каспий банк», «Халық банктің» мобильдік қосымшалары сонымен қатар терминалдар арқылы төлеуге болады. Айта кететін жайт, аудан орталықтары мен елді мекендердегі тұтынушыларға түгелдей механикалық  есептегіш орнатылған. Аудан орталықтары мен Байқоңыр қаласында бірде-бір төлем кассасы жоқ, тұтынушылар терминалдар немесе банк карточкалары арқылы төлем жасауға төселген. Компания өкілі «ҚазТрансГаз Аймақ» филиал­дары арасында тек Қызыл­орда филиалының төлем кассалары ғана сенбі күні жұмыс істейтінін жеткізді. Тұрғындар өтінішіне орай осындай жұмыс кестесін қалыптастырған.  Қалған облыстарда төлем кассалары бес күн жұмыс істейді.

Қысқасы, проблеманы шешу жолы – тұрғындар тездетіп, электронды есептегіштерін механикалық түріне ауыстырғаны дұрыс. Сонымен бірге механикалық есептегіші бар тұтынушылар төлем жасаудың оңай жолдарын игеріп алғаны өздеріне тиімді. Компания мамандары осыны айтты. Ал оқырмандар бұған не дейді екен?

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<