Тәуелсіз ел рухының асқақтығы әрбірімізге байланысты

1357

0

Биыл 5 қаңтарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы жарық көрді. Мақалада егемендіктен кейінгі он жылдықтар сараланып, елдің алдағы даму бағыты туралы тұжырымдар мен жаңа міндеттер айтылды.


Осы мақалаға орай редакция бастамасымен Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада зиялы қауым өкілдері бас қосып, тәуелсіздікті тұғырлы ету, ұлттық болмысты нығайту мәселелері бойынша пікір алмасты.


Келелі жиынға Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық-драма театрының көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хұсейін Әмір-Темір, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі қаржыгер Қалқазбек Әжібеков, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, философия ғылымдарының докторы Баймырза Қожамберлиев, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Алдажар Әбілов, Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Нұрлыбек Мыңжас, ІТ маманы Сәкен Кенжеев қатысты.


«Дөңгелек үстелді» газеттің бас редакторы Қуат Шарабидинов жүргізіп отырды.


Жүргізуші: – Ел Президенті мақаласында 30 жылда жүріп өткен жолымызды әрбір онжылдықтар легіне салып, ауқымды ой-тұжы­рымдар жасады. Соның ішінде ал­дағы төртінші онжылдықтың бізге жүктейтін міндеті туралы өте ма­ңызды мәселелер айтылды. Осы ретте, Мемлекет басшысының әді­летті қоғам мен тиімді мемлекет құруды көздеп отырмыз деген сөзіне үн қоссақ…


Баймырза Қожамберлиев: – Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл басында жарық көрген мақаласы қазір қоғамда қызу талқылану үстінде. Бұл қоғамның даму жағдайындағы саяси, саналы рухани серпілістердің бірі деп айтар едім. Әрине, мақала тақырыбының өзі айтып тұрғандай, тәуелсіздік бәрінен қымбат.

Тәуелсіздік – кез келген халықтың аңсаған арманы. Үлкен құндылық. Қазақ халқына берілген бақ. Енді осы тәуелсіздікті қалай ұстап тұра аламыз, елімізді қалай дамытамыз? Әлемнің қазіргідей жағдайында дамып қана қоймай, қазақ ұлтын әлемге қалай танытамыз, әлемдік қауымдастықта өз орнымызды қалай таба аламыз деген көкейімізде сауал бар.


Мақалада ел Президенті тәуел­сіздіктен кейінгі уақытты онжыл­дық­тарға бөлді, жетістік­тер­імізге тоқталып, талай қиын­дық­тардан сүрінбей өткеніміз туралы айтты. Әрине, кемшіліктерсіз көздеген нәтижеге бірден жету мүмкін емес. Түрлі реформалар болды, бірақ бәрі түгел орындалып кетті деп те айта алмаймыз.

Ең бастысы, біз үлкен жетістіктерге жеттік. Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасында әділетті қоғам туралы айтылды. Біз «Қазақстан – 2050 стратегиясы» деген үлкен мақсат қойып, дамыған елдердің қатарына қосылуды басты нысан етіп алдық. Шартты түрде айтатын болсақ, осы кезде 30 шақты дамыған ел бар. Ал енді сол елдердің арасында 7-8 мемлекет суырылып алға шықты.


Дамыған елдердің көпшілігінде әділеттілік принциптері орнаған. Әділеттілік дегеннің өзі де абсалютті дүние емес. Кей уақытта әділеттіліктің өзіне салыстырмалы түрде қарау керек. Ол – адамдардың өз елінде әділеттілік, құқықтық, денсаулық жағынан қорғалуы, білім алуына мүмкіндік жасалуы. Өзі өмір сүрген қоғамында еркін екенін сезіне білуі. Осы жерде де айта кету керек, еркіндік те абсалютті ұғым емес.


Қоғам ешқашан идеалды болмайды. Себебі, қоғамды құрайтын адамның өзі идеалды емес. Бірақ адам идеалдыққа ұмтылады. Қазақстан Республикасының Конс­титуциясында «Қазақстан Рес­публикасы өзін демократиялық, әлеуметтік, құқықтық, зайырлы қоғам ретінде орнықтырады» деген сөз бар. Біз кей жағдайларда «неге бізде демократиялық қоғам орнықпай жатыр?» деп асығамыз. Мұндайда орнықтырады деген сөзді ескеріп, ұғынуымыз керек. Отыз жыл қас-қағым сәт, біз әлі де әлеуметтік, демократиялық, құқық­тық, зайыр­лылық принциптерді орнық­тыру үстіндеміз. Бұл қоғамдағы адалдық принциптеріне әкеліп, содан кейін ғана әділетті қоғам орнайды. Мемлекет басшысының мақаласынан осындай ой туындап отыр. Әділетті қоғам орнату деген идеяны қолдап қана қоймай, әділетті қоғам орнату жолында бәріміз еңбек етуіміз керек.


Мақаланы оқи отырып, шетелмен шекаралас елді мекендердің жағдайына алаңдадым. Осыдан екі жыл бұрын Шығыс Қазақстан облысындағы Қытаймен шекаралас елді мекендер туралы көлемді мақала жарияланды. Шығыс Қазақстанның тек қана қазақтар орналасқан Күршім деген ауданы бар. Сол ауданның Қытаймен шекаралас жеріндегі тұрғындар көшіп кеткен. Ресеймен шекаралас елді мекендер де босап жатыр. Бұл – үлкен проблема. Бұл мәселе қашан көтеріледі деп жүр едік. Президент осы мәселені дер уағында айтып, ел назарын аударды. Шекаралас жатқан елді мекендердің инфраструктурасын жақсартып, елдің оңтүстігіндегі халықты солтүстік, шығыс өңірлерге орналастыру мәселелеріне көңіл аудару керек сияқты. Бізде «Нұрлы көш», «Серпін» деген бағдарламалар жүзеге асып жатыр. Бірақ ол жеткіліксіз секілді.


Студент кезімізде Нарынқол ауданына құрылыс отрядтарымен барып, шекараның жанында тұратын қойшыларға керемет ақ үйлер салдық. Сол кезде жергілікті басшылардан ол жерге неге үй салдырып жатқанын сұрағанымызда идеология барын аңғартты.

Қазір дүние жүзінде қандастарын шақырып, оларға жағдай жасап отырған үш-ақ ел бар. Біріншісі – Израиль, екіншісі – Германия, үшіншісі – Қазақстан. Израиль мен Германияда мемлекеттік бағдарламалар жасалған және жүзеге асып жатыр. Бізде де бағдарлама бар, көші-қон саясаты жүргізілуде. Бірақ оған көңіліміз тола бермейді. Келген қандастарымызға толыққанды жағдай жасауымыз керек.


Ел Президентінің бұл мақаласы алдымен тәуелсіздік туралы толғау, екінші жағынан алдымызға үлкен міндеттер қойып отыр. Бұл – жалпы халқымызды ойландыратын мақала деп ойлаймын.


Жүргізуші: – Ұлт деген ұлы ұғымның ішінде руханият, өнер, мәдениет деген құндылық бар. Ел Президентінің мақаласындағы «Таным мен тағылым» айдарында ұлттық мәдениет, өнерге байланысты өте құнды ойлар айтылған. Хұсейін аға, мәдениеттің бүгінгі дидарына қай биіктен қарағанымыз дұрыс?


Хұсейін Әмір-Темір: – Соңғы жылдары руханиятты жаңғыртуға қатты мән бере бастадық. Қазіргідей жаһандану заманында ұлттық болмыс, төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді сақтап қалу – үлкен міндет. Өнер, мәдениет туындылары арқылы ұлттық құндылықтың бағасын биіктетіп, ақпараттар алмасқан аласа­пыранның ортасында қалып қоймай, қазақтың болмысын сақтауға жұмыс істеуіміз керек. Мемлекет басшысы мақаласында ұлттық мүддеден шығатын тарихты жасауымыз керек екенін ерекше айтып өтті.

Қазақ бүгін пайда болған ұлт емес. Қазақ хандығы құрылғаннан бастап, біз қазақпыз деп жүрміз. Олай емес қой. Алтай мен Атырауға дейінгі аумақты арғы тегіміз сақ, ғұндар жайлады емес пе? Ұлттық дәстүрді көркем түрде көрсете білген кинолар бар. Бірақ, ең бастысы, балалардың қазақы дүние­танымын қалыптастыратын дүниелер аз. Бүлдіршіндердің қазақша анима­циялық фильмдерден гөрі, шетелдік дүниелерді көп қарайтынын бай­қаймыз. Ешкімнің шамына, намысына тимей өз тарихымызды зерделей отырып, отандық дүниелер жасап, халыққа ұсынуымыз керек.


Мақалада көркем тарихи туындылар мемлекетшілдік идеясын әрдайым көрсетіп отыру керек екені айтылды. Біз сол арқылы патриот ұрпақты тәрбиелей аламыз. Бірақ, білімді адамның барлығы патриот бола ма? Болмайды. Әлихан Бөкейхановтың сөзімен айтсақ, мінез арқылы ұлтқа қызмет етуіміз қажет.
Елдікті нығайтуға мәдениет, өнер өкілдері де үлес қосуда. Мемлекеттік идея «Мұстафа Шоқай», «Абылай ханның арманы» деген спектакльдерімізде айқын аңғарылады. Қойылымда қазақтарды нығайту, ұлттың руға бөлінбеуі, ел болу мәселесін көтердік.

Мемлекет басшысы ұраншылдық пен даңғазалықты қойып, тарихты ғылыми ұстаныммен жазу, тарихпен саясаткерлер емес, тарихшылар айналысу керектігі жөнінде өте жақсы айтты. Байтақ жеріміз, тіліміз, береке-бірлігіміз төңірегінде келелі ойлар айтылды. Дәл қазір Сәбит Досановтың «Адамзаттың анасы» деген жаңа драмасын қоюға дайындық жүргізудеміз. Жер – адамзаттың анасы. Анаңды неге сатасың?! Сондықтан оны сақтай білу керек. Біз халықтың сұранысынан туындаған мәселелерді көтерсек қана халыққа ойымызды жеткізе аламыз. Бүгінде ұлттық мүддені сақтауға күш салып жатырмыз деп айта аламын.


Баймырза Қожамберлиев: – Осы ретте айта кету керек, жапондардың қазіргі жетістігі, дамуы үлгі болар­лықтай. Жапондар Еуропаның озық технологиясын меңгеріп, ұлттық болмыс, тілін, ділін сақтауға да күш салған. Өйткені жаһандану ештеңеге қарамайды…


Хұсейін Әмір-Темір: – Біз есігімізді сәл ашып жібердік…


Баймырза Қожамберлиев: – Расында, осындай кезде ұлттық болмысты сақтап қалудың оңай емесі белгілі. Қазір несін жасырамыз, бізде ұлттық санадан гөрі, рулық сана басым.


Хұсейін Әмір-Темір: – Үш биді де бөліп-жармай, қазақтың билері деп қана айтуымыз керек қой. Кейде ауылдың бір батырын сол кісілердің деңгейіне жеткізгіміз келеді. Абайды бүкіл жұрт қазақ деп таниды, руы – қазақ. Оны тобықты деп ешкім жіктемейді. Шоқанды да қазақ деп таниды. Осындай дәрежеге ұлы тұлғаларды жеткізуіміз керек. Алаш ардақтылары қандай?!


Жүргізуші: – Адамзаттың анасы туралы жақсы айттыңыз. Жер мәселесін қозғай отырып, Президент жерді қалай қадірлейміз деген мәселені өте орынды қозғады. Қаланың түбі – ауыл ғой. Мұнда ауылды қалай сақтап қаламыз деген астарлы дүние де бар.


Қалқазбек Әжібеков: – Президент мақаласында «жер ешкімге сатылмайды» деп нақты айтты. Қазақ үшін тоқымдай жер қымбат, бір уыс топырақтың өзі алтын деді. Өте жақсы айтылған дүние. Жер қымбат, ал оны ұстап тұратын сонда тұратын халық.


Мақалада «Халықтың қалалық жерлерге жаппай көшуі салдарынан көптеген ­ауылдар, әсіресе шекара маңындағы елді мекендерде тұрғындар саны күрт азаюда» делінген. Осыған байланыс­ты дерек келтіре кетейін. Соңғы мәліметтер бойынша, қазір елімізде 6322 ауыл бар. Оның 3561-і немесе 56 процентінің дамуға қажетті әлеуеті бар болса, 2761 немесе 44 проценті келешегі жоқ ауыл санатында. Осыдан бір жыл бұрынғы дерек бойынша, ауылдың саны 6443 еді. Демек, 121 ауыл жойылып кетті.


Қызылорда облысын алып қарасақ, тәуелсіздіктің елең-алаңында 270-тің үстінде ауыл бары айтылатын еді. Қазір 230-дан астам деп жүрміз. Тәуелсіздіктің елең-алаңында қазір 6300 болса, бізде 7000-ның үстінде ауыл бар деп бастағанбыз. Осы уақытта 700-дей ауыл жоқ. Осындай іріктеу Кеңес Одағының кезінде де, одан кейін де жүрді. 3 мыңдай ауыл болашағы бар, 2500-дейі жағдайын дұрыстауға болатын, 1500-дейіне болашағы жоқ деген таңба басылған еді. Ол тоқтап қалды. Бірақ, кейінгі 20 жылдықта қайта шықты. Елімізде 18 миллионнан асатын халық бар дедік қой. Соның қазір 42-ге жетпейтін процентін ауыл халқы деп жатырмыз. 1970 жылдары ауыл мен қаланың халқы тең еді. Сол жылдары кент тұрғындары ауыл халқына кірмейтін. Кейінгі онжылдықта кенттер ауылға кіретін болды. Мәселен, Қазалыдағы аудан орталығы – Әйтеке би кентінің 50 мың халқы бар. Қазір ол – ауыл. Соны әрі қарай талдасақ, 42 проценттің арғы жағын зерттесек, нағыз ауылдар шығады.


Бізде 54 процент ауыл, 46 процент қала дейді. Ал енді 54 проценттің ішіндегі кенттерді алып тастасақ, 27 процент «шын» ауылдар қалады. Ауылды қалай ұстап қаламыз, жерді қалай сақтап қаламыз деген мәселелерге ел Президентінің мақала­сында ерекше мән беріліп тұр. Ауылдағы мұғалім мен дәрігердің бәріне ауылдық үстемеақы беріледі. Заңда үстемеақы 25 проценттен кем берілмеуі қажеттігі әрі оны ауданның мәслихаты анықтайтыны жазылған. Іс жүзінде Әйтеке би кентіндегі де, Қарақұмдағы ауыл маманы да 25 проценттік үстемеақы алып отыр. Осыны ауданның мәслихатына берді ғой. Алыстағы ауылда тұратын маманға үстемеақыны 50 процент қылып берсе болады емес пе?

Әйтеке би кентіне 25 процент қылып беруге болады. Ауылдағы маман мен аудандағы маманды қатар қоймайық. Осы сөзім арқылы алыстағы ауылда да маманды ұстайық дегім келеді.


Ауыл – біздің қараш­аңырағымыз. Сол жерде ата-бабамыз жатыр, қасиетті деп қарауымыз керек. Сондықтан келешегі жоқ ауыл деген сөйлемді мүлде қолданбасақ деймін. 2012 жылғы Үкіметтің қаулысына сәйкес Қазақстан бойынша 409 ауыл келешегі жоқ ауылдар санатында болды. Соның 20-сы біздің облыс­тан. Сол 20-ның бірі, Қармақшы ауданындағы – Шобанқазған. Өзбек­с­таннан бізге берілген уақытта 487 адам бар еді. Сол тұрғындарды кейін жақын маңдағы Көмекбаев секілді ауылдарға қоныстандырды. Үй, жұмыс тауып берді. Бірақ, Шобанқазған шекараға жақын тұрған ауыл еді ғой. Ол жерге қандай қиын болса да, ең маңыздысы жол мен жарығын жеткізуге мүмкіндік бар еді. Қалғаны біртіндеп болар. Былтырғы мәліметке қарасам, сол ауылда 270-дей ғана адам қалыпты.

Керісінше, ол ауылды нығайту жұмыстарын жасау қажет еді. Жерді нығайту, ауылды сақтау дегенді айтамыз да, іс жүзінде басқа дүние істейміз. Жаңа сөз басында айтқан 409 ауыл негізінен қазақ ауылдары екен.
Ауыл тақырыбын айтқанда келешегі жоқ деп қарамай, тек қана ауыл дейікші.

Кезінде ішкі жалпы өнімнің 25 процентін ауыл ­шаруа­шылығы өнімдері беретін. Қазір 5 процентке жетпейді. Бұл – статистика. Мұнайдың да заманы өтер. Осыдан он жыл бұрын дүние жүзіндегі мұнайдың 65 процентін алып біттік, енді 50 жылда қалғанын да алып бітеміз деген тұжырымдар айтылды. 2050 жылы энергияның 50 процентін дәстүрлі емес энергия көздерінен аламыз деген үлкен мақсатымыз бар. Лайым соған жетейік.


Деректерге сүйенсек, жеріміз 100 миллион халықты асырауға жетеді. Біз халыққа ең керекті 19 түрлі әлеуметтік тағамның 6-ын сырттан тасимыз. 23 процент азық-түлігіміз сырттан тасылады. Бірақ экспорт импорттан көп дейді. Иә, көп. Азық-түлікке келсек, бидай мен ұнның есебінен ғана. Ол басым жағымыз. Айта кетейін, құс етінен – 49, шұжықтан – 39, ірімшік пен сүзбеден – 46, алмадан – 32, қанттан – 58, балықтан 72 процентін шетелден тасимыз. Осынша жеріміз, байлығымыз бар, неге өнімді өзіміз өндірмеске?!


Қарапайым заттар экономикасы дегенді екі жылдан бері айтып жүрміз. Осыған көңіл бөлуіміз керек сияқты.
Ауылда жұмыс көзін ашып, барынша ауылға жағдай жасауымыз керек. Айталық, неге Шобанқазғаннан тұрғындарды көшіріп жатырмыз? Көшірмейік те. Соған біз барайық. Орта есеппен бір үй салып беру, көші-қонымен – 15 миллионға дейін. Сонда 200 үй көшірсеңіз, 3 млрд ақша болады екен. 3 млрд-ты сол жерге, ауылға берейікші. Сонда олар жерге ие болады, өнім өндіреді. Мемлекеттің оны жасауға мүмкіндігі жетеді.


Әлеуметтік саладағы коммунал­дық қызметтер бұрын қалай төле­нетін еді? 1960 жылдардан бас­тап мұғалімдерге коммуналдық қызмет тегін, жеңілдік арқылы төлеу қарастырылған еді. Қазір қалай? Осы мәселені өзіміз де шеше аламыз. Айталық, ауданға барып мәслихатымен бірге коммуналдық қызмет төлемдерін жеңілдету туралы шешім қабылдауға болады. Бірақ қазір оны реттеуге ешкімнің ынтасы жоқ.

Біртіндеп ауылдың жағдайын жақсартайық. Ауыл тұрғындарының суы, жылуы, жарығы тегін болса, айлығына 40 процент үстемеақы қосылса, ол адам қалаға көше қоймас. Осылай ауыл шаруашылығы мамандарына да көмек көрсетуге болады.


Естеріңізде бар шығар, бұрын қала тұрғындарына электр энергиясы 4 тиын, ауыл тұрғындарына 1 тиын болатын. Соған үкімет мүмкіндік тапты емес пе? Колхоз, совхоздарға минералды тыңайтқыштарға үлкен жеңілдік берілетін. Ауылға осындай үлкен жеңілдіктер жасайық.


Қоғамды дамытудың негізі туралы айтылғанда ауыл әкімдерін сайлау өтетіні айтылды. Айта кету керек, әкімді халық сайлағаны дұрыс болар. Өзін-өзі басқару деген мәселеге де көңіл бөлу керек. 2013 жылдан бас­тап өзін-өзі басқару жүйесіне көңіл бөлініп, төртінші деңгейлі бюджет қалыптастыруға назар аударылды. Бірақ бұл тарапта да көңіл толмайтын жайлар бар.


Алдажар Әбілов: – Елбасы мақа­ла­сында айтылған жер туралы мәселеде жоғарыға жалтақтай бермей, істі өзімізден бастау керек. Егін егіп, мал өсіру мақсатында алған жер телімін игере алмай отырғандар бар. «Көл немесе пәленбай гектар жер сатамын» деген хабарландыруларды көзіміз шалып қалады. Бірақ бұл оның жеке меншігі емес, халықтыкі екенін ескермейді. Қалқазбек ағаның шекаралық аймақты нығайту туралы айтқаны көңілге қонымды. Кезінде Ішкі істер министрлігінің жергілікті училищесі төңірегінде дау жүрді. «Оқу орнын жаппайық, одан да Байқоңырға, стратегиялық маңызға ие бұрынғы казарманың орнына көшірейік. Бір жағынан күзет қызметін атқарады» деп сақтауға тырыстық. Бірақ онымыздан ештеңе шыққан жоқ. Мүдде алшақтығының неге әкеп тірегенін көрдіңіздер ме?!


Баймырза Қожамберлиев: – Алдеке, сөзіңізді бөлейін, шекара мен солтүстіктегі ауылдарды түгел нығайтқанымызда, сол жерде қазақ­тың исі аңқып тұрғанда ресейлік саясаткерлер аузына келгенін айтпас еді.


Алдажар Әбілов: – Қазір жұрт қалаға қашуға бейім. Ауылда күн көруге болады. Бірақ есігінің алдындағы жерді жайқалтып қойғаннан гөрі сатып алғанды тәуір көреді. Сауын сиыр ұстаса да дүкеннің сүтін ішетіндерді білем. Бұдан еңбекке қатысты көзқарастың бұзылғанын байқаймыз. Мұның екінші жағы, ақ тер-көк тер боп еккендегі өнімін өткізудің машақаты бір төбе. Агросервисті дамыту қажеттілігі осыдан туады.

Мемлекеттік қызметшілер санын 25 процентке дейін қысқарту туралы Президент тапсырмасын құптаймын. Кеңес өкіметі кезінде Қызылорда аграрлы облыс бола тұра аудандық ауыл шаруашылығы саласында нұсқаушы мен бөлім бастығы ғана жұмыс істеді. Қайбір жылдары фермерлік шаруашылықтар ашыла бастағанда көптеген совхоз директоры жылы креслосын фермерлікке ауыстырды. Сондықтан өткенге тас ата бермей, тәуір жақтарын алған да дұрыс. Қысқартуға іліккен шенеуніктер осылай ауылға барып, шаруашылыққа ден қойса, қанеки!


Шеттен келген қандастар Алматы, Шымкент пен Жамбыл облыстарының айналасынан әрі асқысы келмейді. Оларды солтүстік облыстарға апарып, жағдайын жасау керек. Бұған дейінгі сұхбатымда тілді үйрену үшін қажеттілік пен мәжбүрлік керегін айттым. Әйтпесе, кіл қазақтың ортасында жүрсе де бір ауыз қазақша білмейтін, сөйлемейтін кісілер бар. Бұл да соған ұқсайды.


Мемлекет басшысы назар аудар­ған жастар мәселесі жайында бірер ауыз. Жас кезімізде комсомол қыз-жігіттер жиналып, туған ауылдың төріне стадион салдырғанбыз. Бүгінде сол тас-талқан болды. Темір қоршауын түгел бұзып алған. Бұл да тәрбиедегі кемшіліктің кесірінен. Айтыс жиі ұйымдастырылады, бәйгеге міндетті түрде қымбат көлік тігеді. Лушниковалар айтысқанда алтын сағат беретін. Шығармашылық байқауда оза шапқандар қатырма қағаз алғанына мәз. Қазір қалай, ақшаның соры. Әңгіме ауаны әдебиетке кеп тірелді. Осы орайда жергілікті ақын-жазушылардың насихатын күшейту керек. Байжігіт Әбдіразақовты, Саид Баязитовты, Үміт Тоқмағамбетоваларды көбі білмейді.


Тарихты жазу, қалпына келтіру өте күрделі. Біз кейде «Желтоқсан көтерілісі» деп жазып жүрміз. Көтеріліс пен толқудың, қозғалыстың айырмашылығын ескермейміз. «Кө­теріліс» деп атау үшін бас көтергендер қарулы болуы керек. Ал Желтоқсан ол деңгейге жеткен жоқ. Мұстафа Шоқай еңбегінде 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі туралы: «Біз орыстарды құшақ жая қарсы алдық. Дос көңілімізді ұсындық. Бірақ олар бізді қабылдаған жоқ. Патша заңына бірде-бір орыс қарсы шықпады. Мұжығына дейін баррикаданың арғы бетінде», – деп келтірді. Қаншама қазақ қырылған көтерілісті салық төлемес үшін «ұлт-азаттық» деп сипаттады. Өйткені көтеріліс мемлекет болу емес, әскерге солдат бермеу мәселесінен туындаған. Ал біз орыстың аузымызға салып бергенін әлі күнге айтып келеміз. Сол жылы біздің өңірде де, Сексеуіл депосында қозғалыс болды. Оған жергілікті азаматтардың қатыспауы мүмкін емес. Қаншама сырбойылық ІІ Дүниежүзілік соғыста кеудесін оққа тосты. «Солтүстік Қазақстан – Ресейдің сыйлығы» деген сандыраққа соғыс кезінде өзінің аш екеніне қарамастан бірнеше вагонға балық пен астық тиеп жібергенімізді айтайық. Дәлелді дәйек ұсынайық.


Президенттің «тарихпен саясаткерлер емес, тарихшылар айна­лысуы керек» деген сөзі құптарлық. Бірақ біз осы күні тоғышарлыққа тап болдық. Ауыл мәселесіне келгенде 1986 жылғы жағдай есіме түсіп отыр. Аудандық партия комитеті құрамында елді аралап жүрміз. Ауылды 25 жыл басқарғанында 25 шақырым жолдың ешқайсысы жөнделмеген әкімге тұрғындардың бірі: «Жылына бір шақырымнан бітегеннің өзінде жолдың азабынан құтылар едік қой», – деген.


Біз экологиялық тәрбиеден қол үздік. Ата-әжелеріміз шөпті тамырымен жұлдырмайтын. Жастардың, балалардың осы күні одан хабары жоқ. Бірде Шижаға ауылының құм басып жатқанын телеарнадан көрсетті. Елдегі ағайын «экологияның кесірі» дейді. Бір барғанымда оларға: «Бұл өздеріңізге байланысты», – дедім. Өйткені өріске әр үйден кем дегенде 15-20 шақты қой мен сиыр шығады. Малдың тұяғы жерді қойсын ба?! Кеңес өкіметі тұсында жерді сақтау үшін қойды Ырғызбен шекаралас жерге апарып қырқатын. Жайлауы мен қыстауы, көктеуі мен күзеуі бөлек еді. Қазір олай емес. Иелігіндегі аумақтың көк шаңын шығарып, құртып тынды. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді берген соң оның қалай кәдеге жаратылып жатқаны қадағалануы тиіс.


Жүргізуші: – Мақаланың тарихқа қатысты тұсын тарихшының өзінен сұрасақ…


Нұрлыбек Мыңжас: – «Қазақ­стан­ның академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазуды дереу бастау керек», – деді Президент. Тарих кім көрінгеннің ермегі емес. Оның неге апарып соғатынын білесіздер. Тарихи санамыз әлсіреп, жүзге, руға бөліндік. Әлем неге Түркиядан, Қытайдан жасқанады? Өйткені тарих жоғары маңызға ие. Мемлекеттік қызметкерлер ұлт тарихы бойынша Анадолы елінде – 5, аспанасты елінде 25 рет емтихан тапсырады. Олардан ешкім тарихшы жасап шығарайын деп жатқан жоқ. Бірақ әркім өз отанының шежіресін жатқа білуі керек. Біз евроцентристік немесе отаршыл Ресейдің өктем көзқарасымен жазылған еңбекті пайдаланып келдік. Бұл дұрыс емес. Тарихты ұлт дәстүрімен, салтымен, тәрбиесімен, рухымен сусындаған ұлттың өз өкілі жазуы қажет. Қазақ тарихын кімдер жазды? Бартольд, Радлов, Аристов, Левшин, тағысын тағы. Алексей Левшин Шоқан Уәлихановтан бұрын, 1832 жылы «Қырғыз-қазақ немесе қырғыз-қайсақ ордалары мен далаларының сипаттамасы» атты үштомдық кітап жазды. Бірақ біз Шоқанның еңбегін жоғары бағалаймыз. Өйткені ол – қазақтың өз ұлы.


Кеңес өкіметінің оқулықтарын пай­­даланған тарихшыларымыз тәуел­сіздік алған кезде ұлт тарихын жазуға жарамсыз боп қалды. Олардан кәсіби дүние шықпады. 1996 жылы қаншама бай қазақ бола тұра, «Филип Моррис Қазақстан» компаниясының қол­дауымен бестомдық «Қазақстан тарихы» жарық көрді. Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты арғы-бергіні жинап, жиырма томға жүк қылған еді. Алайда, тарихқа саясат араласып, ол да аяқсыз қалды. Қажеттілік енді туып отыр. Оны өлкетанудан бастағанымыз құба-құп. Бұл да шахмат тақтасы сияқты. Корольдің қауіпсіздігі үшін айналасындағы әскерлер мықты болуы тиіс. Ел астанасының алға жылжуы үшін облыстардың қуаттылығы өте маңызды.

«Сыр – Алаштың анасы» деп мақтанамыз. Бірақ оған дәлел бірде-бір жинақ жоқ. Тәуелсіздік мерейтойына орай осы мәселені пысықтап жатырмыз.
Алдекең тәрбие мәселесін орынды көтерді. Білімге миллиардтаған қаржы салынады. Тәрбиеге емес. Керісінше болуы керек. Өйткені тәрбие – этика. Мазмұны өзгере бермейді.

Америкалықтар адами капиталға өткен ғасырдың елуінші жылдары мән бере бастады. Соның арқасында күшейді. Жапондар «жапондық рух – европалық білім» ұстанымының арқасында ұлттық рухты сақтап қалды. Жапон философиясында «икигай» ұғымы бар. Мысалы, мұғалім мектеп директоры немесе оның орынбасары болуға ұмтылмайды. «Ең мықты педагог болсам» дейді. Көше сыпырушы да, автослесарь да солай. Бізде ше? Кәсіби шеберліктің төмендігінен көп дүние ақсап тұр. Мемлекеттік тіл мәртебесі төңірегіндегі мәселе неге сағызша созылып келеді? Өйткені қазақ тілі қазақтың өзіне керексіз. Тағы да адами капиталға, ұлттың сапасына тірелеміз. Академик Кеңес Нұрпейісовтің мынадай сөзі бар: «Қазақылық – ата-бабадан дарыған жағымды, ал қазақшылық – өтірік айту, уәдеде тұрмау, құр мақтаншақтық, билікқұмарлық, қа­рын тойғызу сияқты жағымсыз қасиеттер.
Баймырза Қожамберлиев: – Карл Маркс «сананы тұрмыс билейді» қағидасын қалыптастырды. Нарық экономикасына жұмыссыздық, ақ­шаның құнсыздануы, әлеуметтік әділет­сіздік тән. Оның ығына жы­ғылмас, аранына жұтылмас үшін қай­сар ұлт болу, әлеуметтік әділетті мемлекет құру, рухани құндылық пен қазақ тілінің қадірін арттыру қажет. «Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады» – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Жақында Білім туралы заңға өзгеріс енгізілді. Соған сәйкес жоғары оқу орнының түлектері жолдама берілген орында үш жыл жұмыс істеуге міндеттелмек. Бұл ауылды, экономиканың түрлі саласын дамытуға ықпал етері сөзсіз.


Алдажар Әбілов: – Жоспарлы жүйе білім саласына ауадай қажет. Себебі университет бітірген талай жас екі қолға бір күрек таппай жүр. Оларды жұмысқа орналастыру – жоғары оқу орны рейтингінің бірден-бір критерийі. Ақылға сыймайтын талапты кім ойлап тапқанын түсінбеймін.


Жүргізуші: – Президент мақала­сында: «Біз не істесек те, бәрін келер ұрпақ үшін жасаймыз. Мемлекеттік саясаттың болашақ алдындағы жауапкершілігін терең сезінеміз. Бұл ұстанымнан ешқашан айнымаймыз» – делінген. Ендеше, жастар өкілінің пікірін білсек…


Сәкен Кенжеев: – Біраз уақыттан бері IT саласында еңбек етіп келемін. Жер жайына келгенде космомониторингті айналып өтпейміз. Бизнеспен айналысып жүргенімде Алдажар аға айтқан мәселемен ұшырастым. Әлдебіреудің кезінде болмашы ақшаға алған жер телімін бірнеше миллионға сатып алдым. Амал жоқ. Ал космомониторинг ақпараттың ашықтығын қамтамасыз етеді. Осылайша ауыл шаруашылығын өркендетуге мүмкіндік туар еді.


Мемлекет басшысының отандық кино туралы ойы ұнады. «Көп қаражат жұмсамай да жоғары деңгейдегі өнер туындысын түсіруге болатынын қырғыз бауырларымыз «Құрманжан датқа» фильмі арқылы анық көрсетті» – деді ол. 2008 жылы серіктесімізбен бірге өз қалтамыздан ақша шығарып, 3D үлгісінде мультфильм жасаумен айналыстық. Ол кезде Қазақстан тұрмақ, алпауыт мемлекеттерде мұндай анимациялық туынды некен-саяқ еді. Он бес минутқа созылатын мультфильмді жарыққа шығарудың өзіне үлкен күш пен ұзақ уақыт керек. Өкінішке қарай, шамамыз екі минут бөлігін әзірлеуге ғана жетті. Әуелі ешкімнен бір тиын сұрамастан жұмыс істедік. Жарты жылдан соң мемлекеттік мекемелерге, қалталы кәсіпкерлерге көмек сұрай барғанбыз. Бірақ ешқайсысы қолдаған жоқ. Серіктесім Жасұлан Ахметов бүгінде еліміздегі жоғары сұранысқа ие фильмдердің арнайы эффектілерін өңдеуге қатысып жүр. Енді мынадай сұрақ туады: Қазақстанда кино түсіру неге қымбат? Өйткені қолынан іс келетін азаматтардың мемлекеттік тапсырыс алуы қиын. Біраз жыл бұрын біз музейдің 3D картасын әзірледік. Тендерде оны шамасы келмейтін адам ұтып алған. Бізді іздеп тауып, картаны жасатты. Кинематографияда да осы.


Телефоннан бас алмайтын жұртты кітап оқыта алмай әуреміз. Оның тиімді амалы – электронды, аудиокітаптарды қазақша «сөйлету». Мобильді бағдарлама жасаудың еш қиындығы жоқ. Бір қосымшаның көмегімен көптеген кітапты оқуға болады. Бағасы да қалтаға қонымды. «Көшпенділердің» қағаз нұсқасын сатып алайын десең, алты мың теңге. Оған әркімнің шамасы жетпейді.


Алдажар Әбілов: – Бауырымның бастамаларына қарап сүйсініп отырмын. Біз жастардың кемшілігін жіпке тізе бермей, оларға өзіміз ықпал ете алатындай деңгейде болуымыз керек.


Жүргізуші: – Президент мақа­ла­сын оқып, одан түйін жасап, өзара пікір алмасуға уақыт бөлгендеріңіз үшін рахмет!

Назерке САНИЯЗОВА,

Айдана ЖҰМАДИНОВА.

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<