Ұлтымыздың баспасөздегі нағыз жанашырының бірі «Ана тілі» газетінің өткен жылғы тамыздағы нөмірлерінің бірінде Мемлекеттік хатшы Қ.Е.Көшербаевтың «Құндылықтарымыз құлдырамасын» деген мақаласы жарияланды. Қазіргі қоғамдағы ахуал мақалада көрсетілген мәселелер мен көтерілген идеяларға қайта көңіл бөлуге итермелеп отыр. Мақалада қазіргі мәдени-рухани ахуалымызды талдап-таразылап, бәсекеге қабілеттігімізді күшейтетін мейлінше өзекті, көпшіліктің көптен бері көкейінде жүрген түйткілдерді таратып беретіндей ең басты үш мұрат айқындалып берілген.
Денсаулық, Еңбек және Білім деп аталатын бұл үш мұраттың философиялық тұғыры – адамның өз болмысын және сол арқылы ұлттық ерекшеліктерді сақтауға қызмет ететін басты бағдар. Орайы келгенде құндылық дегеніміз – бұл қандай да бір нәрсенің мәнділігі, маңыздылығы, қалаулылығы, пайдалылығы және қымбаттығы екенін, олар адамның әлеуметтік болмысына тартылғандықтан әркез мұқтаж болатынымызды айта кету артық болмас.
Мақаладағы санамызды құлдықтың құрсауынан алып шығар жаңа идея – бұл Білім және ғылым министрлігіне ұсынылған орта мектептерде отбасы құндылықтары мен ұлттық тәрбиеге бағытталған арнайы пән енгізу мәселесі дер едік. Сонымен бірге, белгілі ғалымдар, қоғам қайраткерлері мен көпбалалы аналардан құралған ата-аналар ұйымын құрып, министрлікпен бірлесіп «Отбасы – орта мектеп» атты жастарға тәрбие берудің жалпыхалықтық әдістемесін әзірлеу қажеттігі де кезек күттірмейтін мәселе ретінде күн тәртібіне көтерілгені көңіл қуантады. Бұл жөнінде Қырымбек Елеуұлы «Біз келешекте білім беру мен отбасы тәрбиесін ұштастырмайынша отаншыл, зерделі де зейінді ұрпақ қалыптастыра алмайтынымыз анық» деп айрықша атап өтті.
Ендігі ретте жоғарыда аталған мұраттардың қатарындағы Білім мұратына қатысты төмендегідей бірқатар ой-пікір білдіріп, ұсыныстарымызды айтсақ дейміз: Кеңестік кезеңнен келе жатқан «білім мен тәрбие егіз» деген қағида бар. Қазіргі түсінікпен қарағанда, ол екеуі ешқандай егіз бола алмайды. Себебі, білім – аккуммулятивті, яғни, ол дамып, толығып тұрады. Әр үдемелі дәуір тудырған сұраныстарға сәйкес, Білім беру бағдарламаларына өзгерістер еніп отыруы ықтимал. Солай болуы да керек. Ал тәрбие – этикалық ұғым. Демек, ол білім саласы сияқты ұдайы өзгеріп тұрмайды, ол тұрақты әдеп-ғұрыптық нормалар жиынтығы болғандықтан мазмұны жиі өзгермейді. Қорыта айтқанда, қазір Білім мұратына жаппай ұмтыла отырып, тәрбие үдерісіне басымдық беру қажет сияқты.
Осы ретте мақала авторы «тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген әл Фарабидің тұжырымын өте орынды келтірген. Талай ғасырлар сынынан сүрінбей өткен осы қағида негізінде алдағы уақытта жастарға тәрбие берудің мемлекеттік стандарттарын қайта қарап, оған ұлттық мазмұн беруіміз қажет. Бұған қоса тәрбие беру үдерісінде ең озық дәстүрлерімізді тәрбиеленушілердің жас ерекшеліктеріне сай санасына сіңімді етіп барып стандартқа енгізу маңызды. Хакім Абай адам болу үшін алдымен «сүймек, сезбек, кейімек, Харикет қылмақ, жүгірмек. Ақылмен ойлап сөйлемек, ақыл керек, ес керек, мінез керек» дейді. Ә.Бөкейхан болса, «ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген көзқараста болған.
Қысқаша қайырғанда біздің «Қандай адамды тәрбиелеп қалыптастыруымыз керек?» деген ең өміршең сұрақтың толық жауабы мемлекеттік тәрбие беру туралы стандартында болуы тиіс. Ұлттық мазмұнда жасалған ол стандарт негізінде ата-аналардың тікелей қолдауымен бүткіл педагогтар қауымы жаңа тұрпатты заманауи тұлға тәрбиелеуге бір кісідей жұмылуы керек деген ойдамыз. Ол үшін ең алдымен, мақалада аталған «отбасы – орта мектеп» жалпыхалықтық жастарға тәрбие берудің әдістемесі негізінде барлық облыс орталықтары мен ірі қалаларда «Тәрбие Академиясын» ашу оңтайлы шешім болар еді. Аймақтың барлық педагогикалық әлеуеті осы «Тәрбие Академиясында» шоғырландырылып,
«отбасы – орта мектеп» жаңа әдістемесі бойынша жүйелі жұмыс жасалар ма еді деген үмітіміз бар. Орталық ашылған жағдайда онда жас отбасыларға, отбасын құруды жоспарлаған жұптарға түрлі психологиялық кеңестер беріліп, медициналық лекторийлер оқылса және түрлі форматтағы кездесулердің көмегімен дәстүрлі отбасының іргесін бекітсек деген арман бар. Ол үшін бірінші кезекте, ұлттық тәрбие жүйесінің негізін салушы А.Байтұрсынұлының «ұлды ұлша тәрбиелесең, ұл болады. Ұлды құлша тәрбиелесең, құл болады» деген тұжырымын ескеріп, ер балалар мен қыз балалар тәрбиесі жүйесін бір-бірінен ажыратып, дербес қалыптастырған орынды деп есептейміз. Бұнда ешқандай діни көзқарастар бойынша жыныстық оқшаулау жоқ, сапалы тәрбие беру ниеті ғана бар.
Автор ұсынған өзекті мұраттардың басты объектісі – адам болғандықтан бірнеше өркениетті мемлекеттерде тарих сынынан өткен адам капиталы деген саясатты қайтадан кең түрде қолға алу да ең өзекті мәселе дер едік. Философия ғылымдарының докторы А.Айталы ағамыз бір жазбасында «…бүгінгі күні адам капиталы дегеніміз – адамның бойындағы білімі, қабілеті, тәжірибесі, даналығы, іскерлігі, бүгінгі бәсекелестік замандағы оның адамдық, кәсіби құндылығы» деген еді. Демек, адам капиталы саясатына жалпыхалықтық сипат беріліп, ондаған жылдарға арналған арнайы бағдарлама әзірлеу орынды болар еді.
Мақала басында Мемлекеттік хатшы зиялы қауым өкілдерін ұсынылған мұраттарға байланысты жаңа жобаларды бірлесе қабылдауға шақырады. Расында, Президент Қ.К.Тоқаевтың «Қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр» деген атауының өзі жанайқайдай естілетін тағдыршешті мақаласы жария болғаннан кейін зиялы қауымның ел алдындағы жауапкершілігі де күшейеді деген үміт басым.
Мақала соңында автор «Қазақта «Тексіздік – тілсіздіктен басталады» деген сөз бар, сол сөз – анық сөз. Дәстүрі берік, тағылымды тарихы таңбаланған халық жат құндылықтардың жетегінде кетпейді» деген қорытынды жасайды. Бұл – әрине, қапысыз дәл айтылған келелі ой, келісті пікір. Әдетте, біз тектілік туралы көп айтамыз. Оны өз мағынасында дұрыс түсіну үшін бізге тексіздік дегеннің түп-тамырын аршып көру қажет. Мәселен, меніңше, ата-ананы құрметтемеу, ата-баба салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрыптарды сақтамау, ел мүддесіне немқұрайлылық таныту, ана тілін білмеу немесе білуге ұмтылмау, әлеуметтік желілер арқылы, сонымен қатар үнемі «сенсация» іздеп жүретін арзанқол басылымдардың көмегімен біреулерге орынсыз тиісу, жала жабу, ұрыншақтық таныту, бауыр еті – баласы мен немересінің тәрбиесіне көңіл бөлмеу, құқықтық сауаттылыққа бей-жай қарау, жат дінді насихаттау, өз атын шығару үшін ысырапшылыққа жол беру, жалған патриот болып көрінбек үшін ұраншылдыққа бой алдыру сынды іс-әрекеттер тексіздіктің көрінісі. Текті адам мұндай кесел-кесапаттан бойын аулақ салса керек.
Ұрпақтар арасындағы рухани байланыстың алтын тіні – ана тіліміз болғандықтан да тіл туралы жиі айтамыз. Мемлекеттік тіліміздің мәртебесі жайлы мәселе көтерілгенде адам капиталы деген ұғымның маңыздылығы қайта көрініс береді. 30 жылдық Тәуелсіздік тұсында мемлекеттік тілді әкімшілік ресурстар арқылы қолданысқа ендірудің қиын екеніне, күнделікті тұрмыста оның қолдану аясын кеңейтудің оңай шаруа еместігіне көзіміз әбден жетті. Ендігі жерде адам капиталы саясаты шеңберінде сапалы адам қалыптастыру үшін әрбір жас азаматтың рухани тәрбиесімен баршамыз жоспарлы түрде белсенді айналысуымыз керек. Егер бұл еңбегіміз жемісті болып, жас жеткіншектеріміз бірінші кезекте тәрбиелі, білімді және бәсекеге қабілетті болып жетілсе, оның тілін басқа этнос өкілдері үйренуге ұмтылады, сондай болуға, соған ұқсауға тырысады. Ал қазақтың кісілік сапасы төмен болса, оның тілі өзге этнос өкілі түгілі өзіне де керек болмай қала беретін шығар деп қауіптенеміз.
Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Асқарбек Құсайынов «Соңғы 10-12 жылда Халықаралық PISA, TIMSS, PIRLS зерттеулерінің қорытындыларын біз де зердеден өткізе отырып, Шанхай (Қытай), Сингапур, Гонконг (Қытай), Финляндия, Оңтүстік Корея, Жапония, Канада және Жаңа Зеландия елдерінің оқушылары тұрақты түрде жетіп келе жатқан нәтижелерге сараптама жасадық. Ол елдерде ғылыми негізде дайындалған білім беру саясаты іске асырылған екен. Олардың басты мақсаттары: ұлттық ерекшеліктер мен мәдениетті, ана тілін сақтап дамытуды, рухани бай адам тәрбиелеуді бірінші кезекке шығарыпты. Мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін көтеріп, беделін арттырыпты. Бір сөзбен айтар болсақ, басты ниет – адам тәрбиесі, адамға деген қамқорлықты көреміз. Ол елдерде білім реформасы, орта есеппен, 10 жылда бір рет жүргізілетініне көз жеткіздік» дейді бір сұхбатында. Бұлардың қатарында біз өркениетті елдер деп мақтап жүрген Германия мен Ұлыбритания неге жоқ? Мүмкін олар ұлттық ерекшеліктерінен айырылып қалғандықтан әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті сапалы адам тәрбиелей алмай отырған болар?! Ойланатын жағдай.
Ендігі жерде бар ғылыми-тәжірибелік әлеуетімізді осы мұраттарға жетуге жұмылдырғанымыз абзал. Көрсетілген мұрат-мүдделерге жету жолындағы әрқайсымыздың бүгінгі еңбегіміз ертеңгі бейбіт күнде, берекелі отбасында өмір сүруге қосқан үлесіміз болары анық.
Нұрлыбек МЫҢЖАС,
Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап-
ғылыми кітапханасының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты,
«Құрмет» орденінің иегері
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<