Әлемді шарпыған пандемия қалыпты тіршілігімізге айтарлықтай өзгерістер әкелді. Қоғамның қай саласы да өзгерістерге бейімделуге мәжбүр болды. Әсіресе, медицина саласына ауыр соқты. Қиындықтарға мойымай, алға ұмтылудың нәтижесінде жеткен жетістіктеріміз де баршылық. Оны облыс әкімі есепті кездесуінде айтып өтті. Соның ішінде денсаулық сақтау саласы бойынша атқарылған жұмыстар көңіл қуантады. Індетке қарамастан құрылыс, білім, денсаулық салаларында толайым тірліктің атқарылып жатқанын байқап отырмыз. Аймақ басшысы өз баяндамасында денсаулық сақтау саласында аудандық орталық ауруханалар салу мәселесін толығымен шешкенін, ендігі кезекте алғашқы медициналық-әлеуметтік көмек көрсететін 62 нысанды 2024 жылға дейін жаңартуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Сонымен бірге, Мемлекет басшысының қолдауымен коронавируспен күреске бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, нақты шешімдер қабылданғанын, індетпен күрес әлі жалғасып жатқанын айтты.
Жүйелі шаралар және медицина қызметкерлерінің табанды еңбегінің нәтижесінде бүгінде өңір «жасыл аймақта». Қазіргі кезде вирусқа қарсы вакцинациялау жүргізілуде. Бұл орайда облыс әкімі екпе салдыру ерікті түрде екенін айтты.
«Бүгінгі күні аймақта жаппай вакцинация жұмыстары жүргізілуде. Вакцина салдыру – әр адамның жеке қалауы. Мәжбүрлеу жоқ. Ең маңыздысы, әр адам өзінің, туыстары мен жақын адамдарының денсаулығына мұқият болу керек. Бұл – бүгінгі күннің талабы», – деді аймақ басшысы.
Облыс әкімінің әрбір істе бірлік, ымыралық танытып, жұмыла еңбек етуге шақыруы дәрігерлер қауымына үлкен жігер береді. Дүниені дүрбелеңге салып, қорқыныш қамытын кигізген бұл індетті де бірігіп жеңетінімізге сенеміз.
Гүлстан Мақсұтова,
№3 қалалық емхана
бас дәрігері
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<