Көрші ағам шағын ғана топтың басы қосылған садақа дастарханындағы әңгіме ауанына қарай қызулана сөйледі: «Пендені бұзатын тоқшылық қой, –дейді ол кісі. – Құдайым асылыққа жазбасын айтып отырғанымды, мысалы мына алдымыздағы дастархандағы дәмнен көз сүрінеді. Не ішем, не жеймін демейсің, енді осы дәмнен тек тәтті-дәмдіден ғана талғап жеп отырмыз. Ал, жарықтық қасиетті нанға әредік қана қол созып қоямыз, тоқшылық деген осы емес пе? Үлкеніміз бар, кішіміз бар Жаратқан иемнің бізге бұйыртқан осы берекесінің, тоқшылығының қадірін біліп жүрміз бе, әй-й қайдам?! Ағамның сөзі үлкен астың келуімен үзіліп кетті.
Жалғанбай қалған әңгіменің ауанынан көрші ағамның не айтқысы келгенін түсіндім. Бір жылдың көлемі болды шектеу шаралары жүргізіліп, карантин енгізіліп, үздік-создық әлі жалғасып келеді. Әрине, бұл жағдай ел экономикасына елеулі әсер етуімен қатар, жұмыссыздар қатарының уақыт өткен сайын көбеюіне, ақшаның құнсыздануына, барша тұтыну тауарларының, тұрмыстық заттардың, азық-түліктің қымбаттауына әкеліп жатқаны жасырын емес. Бірақ, бір шүкіршілік етерлігі, жоғарыдағы ағам айтқан елдегі тоқшылық.
Ол кісі халық біраз қиындықтарға тап болып аста-төк той жасаудан тыйылып, ысырап пен барды бағалаудың парқын білудің тиімді жолдары біршама байқалып қалса да, көпшіліктің әлі де соған мойынсұнғысы келмей, тәубе етудің орнына шектен шығудың азаймай отырғанын меңзегісі келген сияқты. Той, ретті-ретсіз әдет-ғұрып, салт-дәстүрді желеу етіп есепсіз ысырап жасауға бейім болу, табан ақы, маңдай теріңмен тапқан нәпақаңның обалын ескермеу әлі де жалғасып келеді.
Обал демекші, көшедегі қоқыс салатын контейнерлердегі, соның айналасына көше тұрғындары қалай болса солай тастай салған целлофан дорбалардағы баланың памперсімен қосып салынған тамақ қалдықтары, тіпті Құдайым өзі сақтай көрсін, қасиетті нан жарықтықты тартқылап жатқан ит пен мысықты көргенде «Біз көп қалаларды қираттық, олардың бәрінде де дәулетке мас халық тұрды. 58-аят», «Сол қалалардың тұрғындары шектен шықпайынша біз олардың мекендерін талқандаған жоқпыз. 59-аят. Қасас сүресі» делінген Құран аяттары, 32-жылдың ашаршылық нәубеті ойға оралады.
Қазақ жазушысы Өтебай Қанахинның естелігін оқыдым. Бір отбасындағы он бір жаннан ашаршылықта бала Өтебай ғана тірі қалыпты. Шала-жансар күйінде балалар үйіне тапсырылғаннан кейін де сондағы елу-алпыс баладан тірі қалған екі баланың бірі Өтебай екен.
Белгілі ғалым, жазушы Мекемтас Мырзахметовтің де ашаршылықтың азапты аласапыраны туралы айтқандары тыңдаған жанды бейжай қалдырмайды.
«Қазақтың басына түскен ашаршылық қасіретін көзіммен көріп, басымнан да өткердім, – дейді ол кісі. – Бар болғаны төрт жаста едім. Нәубет басталардан бұрын тұрмысымыз көп адамдардан көш ілгері болатын. Әкем темірден түйін түйетін ұста, алтын бұйымдарды ұқсататын зергер еді. Адал еңбегімен тапқан, жинап жүрген біраз алтындары да болған. Мұны ауыл белсенділері сезіп, алтындарын қолды ету мақсатымен жала жауып ұстатады. Дәлел жеткіліксіз болып әкем түрмеден шықты, бірақ сонда жұқтырған кеселден қайтыс болды. Ашаршылық басталды. Ауылдағы сол кездің еуропалық үлгісіндегі еңселі үй біздікі болатын. Белсенділер соны қастандықпен өртеп, ортасындағы тіреуі құлағанда, алтынымызды талап алып, далада қалдық. Анам ауылды аралап білезік, сақина, сырғасын болмашы азыққа айырбастап, бізге тамақ қылды.
Заттары таусылып аштан өлуге қарағасын, бес жасқа қараған мені ертіп, екі жасар қарындасымды көтеріп жиырма шақырымдай жердегі жездемнің ауылына бет алдық. Орта жолдан асып күн батуға қарағасын, ізімізге бір топ қасқыр түсті. Әдепкіде біздің аш, әлсіз екенімізді білсе де, бас салуға батпай еріп отырды да, ауылға төрт-бес шақырымдай қалғанда ұмтыла бастады. Мен анамның етегіне оралып, қарындасым қолды-аяққа тұрмай шешеміздің құшағында шырылдап, анам ойбай салып, айналаны азан-қазан қылдық. Амалы қалмағасын анам мені өзіне тартып тұрып, қолындағы екі жасар қарындасымды топ қасқырдың ортасына лақтырып жіберді. Кейін түсіндім, «ең болмаса ұрпақ жалғастыратын ұлым аман қалсын» дегені екен. Жанұшыра төбесі көрінген ауылға жетіп, атты кісілерді ертіп қайта келгенімізде, қарындасымның жалбыраған шаштары ғана қалыпты».
Өз атам да «балалар, нан қиқымына, астың қалдығына абай болыңдаршы, обал-сауабын ескермеген бір тоқшылықтың бір аштығы болады» деп, нан қалдығын тергіштеп жүретін. «Не айтатыны бар, өтті ғой небір нәубет» деген атам пенденің бір астамшылығы туралы:
– Аштық басталар алдында жағдайымыз жақсы, елде де біршама тоқшылық болды. Бірақ биліктің, саясаттың желігімен есіріп Құдайын ұмытып, обал-сауапты ескермеушілер көбейді. Ауылда кеудесіне нан пісіп, атқа мініп атойлап қамшы үйіріп жүретін бір шолақ белсенді болатын. Бір күні отбасымызбен бір табақ майға салған сөкті ортаға алып түскі асқа отыра бергеніміз сол еді, әлгі кісі кіріп келді. Қонақжайлықпен асқа шақырдық. «Майға салған сөгіңді қайтейін сенің, одан да насыбай шақшаңды әкел» демесі бар ма. Сол кісі 32-жылы аштан өлді».
БҰҰ дерегі бойынша дүние жүзінде жыл сайын 90 млн тонна нан өнімдері қоқысқа тасталады екен. Бір ғана Италия 5 млн тонна азық-түлікті қоқысқа тастайтын көрінеді. Ал, той десе қу бас домалайтын, ысырап жасаудан алдына жан салмайтын біздің есебімізді кім шығарыпты. Жалпы, тоқшылықты әлі де бағалай алмай келеміз-ау.
Аштан өлейін деп жатқан бір атамыз: «біздің мұндай жағдайда жан беріп жатқанымызға Аллаға шүкір, біздің кейінгі ұрпағымызға қиын болмаса екен» десе, қасында дәл солай аштан өлгелі жатқан екінші кісі: «не айтып жатырсыз, аштан өлгеннің несі жақсы?» депті. Сонда ақсақал: «Алла бізді аштықпен сынап жатыр, кейінгі ұрпағымыз тоқшылықпен сыналып, Құдайын ұмыта ма деп қорқамын» деген екен.
Әлімжан ҚИЯС,
Әйтеке би кенті
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<