Жақында «Жаса Агро» бау-бақша орталығы ашылды. Көкөніс-бақша дақылдарының тұқымын сататын арнайы орталық облыста алғаш рет жұмысын бастады. Бұл – ғылым мен кәсіпті ұштастырып жүрген Самалбек Қосановтың жобасы. Орталықта егін егудің сан саласын үйренуге, гүлдер, көшеттер, бақша дақылдарын және көкөніс, тыңайтқыш, жылыжай заттарының барлық түрін кезіктіруге болады.
Көпшілік егін ексем, ағаш отырғызсам жемісін береді деп ойлайды. Алайда, Самалбек Қосанов бұл оймен келіспейді. Өйткені, өсімдік те – тіршілік иесі. Күтіп-баптағанды қажет етеді. Өсімдікке керек 16 элемент тыңайтқыш топырақта кездеседі. Ал, қалған дәрумендерді бағбан өзі дайындайды.
Қазір мұнда жұмыс қызу. Мамандар тұқым егіп, көшет дайындау үстінде. Қызанақ, тәтті бұрыш, кәді егілген. Көшет топырақтан бой көтеріп қалыпты. Енді аз уақытта егуге жарап қалады. Жылыжай заман талабына сай жабдықталған. Жылу жүргізілген, тамшылату әдісімен суарылады. Сыртқы қабаты мықты клеенкамен қапталған. Биыл 50-70 мың көшет егіліп, саудаға шығарылмақ. Бағасы 40-50 теңгеден болады. Көшет науқаны біткеннен кейін, қияр егуді жоспарлап отыр.
– Біздің мақсатымыз – облыс тұрғындарын сапалы көкөніс тұқымымен жеміс, сәндік екпе, қылқанжапырақты ағаш көшеттерімен қамтамасыз ету. Өңірде жылдан-жылға бұрынғы өнімділік көрсеткіштері төмендеп барады. Өзге өңірлер молынан өнім алса, біздегі меже көңіл көншітпейді. Сонымен қатар халық қара базардағы шығу тегі белгісіз тұқымдарға ұрынбау үшін жасалған қадам. Бұл – дүкен немесе дүңгіршек емес. Орталық деп атаудың себебі, келешекте қызығушылығы бар адамдарға бау-бақша егудің қыр-сырын үйретіп, арнайы маман ретінде сертификат беруді де ойластырдық. Тәжірибені көрген азаматтар алдағы уақытта есік алды учаскесінен немесе жылыжай салып табыс табатын болады. Біздің мамандар жылыжайда қандай топырақ түрін пайдалануға болатынын, көшетті қалай отырғызу, оның жемісін алу үшін қалай күтіп-баптау керектігін үйретеді, – дейді ол.
Мұнда кәсіби диқандардан өзге әуесқой шаруалар да келіп, тегін кеңес ала алады. Ал, келешекте курс ұйымдастырылып, қатысушылар арнайы сертификат алып, көкөнісші, жылыжайшы, бағбан сынды маман ретінде танылмақ. Орталық шетелдік фирмалармен тікелей жұмыс жасайды. Тұқымдар, тыңайтқыштар сол шетелдік компаниялардан, Шымкенттен жеткізіледі. Тұқымда сапа бар. Самалбек Қосановтың айтуынша, халық өзінің қандай өнім түрлерін тұтынып отырғанын, сорт, буданын ажырата алуы тиіс. Сонымен бірге маман біздің аймақ бау-бақша дақылдарын егуге қолайлы екенін айтты. Тұқымды уақытылы егіп, қажетті күтім жасаса өнім мол шығады.
Бұдан бөлек, орталық жетекшісі қауыннан қытырлақ дайындау жобасын кәсіпкерлік палатасына ұсынды. Жоба қолдау тауып, 2,5 млн теңге қайтарымсыз грант жеңіп алды. Қаражатқа Ресейден станок алдырды. Бұл жоба да биыл жүзеге асырылмақ. Алғашқы сынақ та сәтті шықты. Енді өнім шығарылады.
– Балалар чипсиді таласа жеп жатады. Ол денсаулыққа зиян. Олқылықтың орнын толтыру үшін табиғи, таза өнім ұсынуды жөн санадым. Егін алқабынан қауын алып, оған ешқандай қоспа араластырмай, дәруменге бай қауын қытырлағын дайындайтын боламын. Бұл бағытта тың идеялар бар. Уақыты келгенде жүзеге асырып, бөлесетін боламын, – дейді ол.
Бұған дейін көкөніс-бақша дақылдарын егумен айналысатын диқандар сапалы, жоғары репродукциялы тұқымды сырттан тасымалдайтын. Енді олар алысқа сабылмай, жоғары сұрыпты тұқымды орталықтан алады. «Жаса Агро» бау-бақша орталығының арнайы сертификатталған, сапалы, көкөніс-бақша дақылдарының элиталық тұқымдарымен ауыл шаруашылығы тауарөндірушілерін толықтай қамтуға мүмкіндігі бар. Орталықта тамшылатып суаруға пайдаланылатын құрылғылар, тыңайтқыш топырақтар, жылыжай шаруашылығына арналған заттарды маман кеңесімен таңдауға мүмкіндік те қарастырылған.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<