Өңірде маңызды инвестициялық жобалар жүзеге асады

674

0

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен инвестор тарту және инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі өңірлік Кеңес отырысы өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, салалық басқарма басшылары, бірқатар кәсіпорын директорлары қатысты. Сондай-ақ, онлайн селекторлық режимде Шиелі ауданының әкімі байланысқа шықты деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Аймақ басшысы өңірге инвестиция тарту мәселелерін қозғап, эконо­микалық даму жоспарында тұрған жобалардың тиімділігін сөз етті.

Өткен жылы аймаққа инвестиция тарту бағытында бекітілген меже артығымен орындалған. Жоспарда 230 млрд теңге болса, 291,6 млрд теңгеге, яғни 26,7 процент жоғары көрсеткіш бар. Ал, биылғы меже – 456 млрд теңге. Бұл ретте, инвестициялардың «жаңа толқынын» тарту мақсатында белсенді жұмыстар басталып отыр. 

– Сыртқы және ішкі инвестиция тарту мақсатында арнайы 2 топ құрылып, тиісті жұмыстар атқарылуда. Нәтижесінде, ішкі инвестиция тартуға жауапты топ облыстың экономикалық даму жоспарындағы 265 жоба санын 400-ге дейін арттырады. Екінші топ өңірімізге сырттан инвестиция тартуда «Облыстың инвестициялық мүмкіндігі» бойынша бағдарлама әзірлеуде.

Жоспарға енгізілетін жобаларды жасақтау үшін экономика салаларына егжей-тегжейлі зерттеу жүргіздік. Өңірімізде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу жұмыстарын жандандыру қажет, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, аймақ басшысы әлемнің бірқатар елдерімен өзара ынтымақтастық бағытындағы келіссөздер барысына тоқталды. Айталық, сыра, сусын және шырын өндірісі бойынша жобаны іске асыру туралы чех компаниясымен, «Дархан Нэхий» және «былғары өндірісі одағы» сияқты моңғол компанияларымен тері, жүнді қайта өңдеу және Ресейге экспортпен өнім шығаратын бірлескен кәсіпорын құру жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, күріш сабанынан целлюлоза өндіру бойынша қытайлық инвесторлармен байланыс жасалуда.

Мұнан бөлек, инвестицияның жаңа толқынын тартуда Францияның Страсбург қаласындағы ҚР Бас кон­сулдығымен келіссөздер жүргізілді.

Кеңес отырысында 2 мәселе қаралды. Алғашқысы «Жеміс-жидек және көкөніс өнімдерін терең өңдеуге бағытталған агроөнеркәсіптік кешен құру» жобасына арналды. Бұл бағытта «Қарағанды Агро Инвест-Т» серіктестігінің өкілі Ибрагим Пірзат баяндады.

Өкілдің айтуынша, жаңа жобаның Қазақстанда баламасы жоқ және алғаш болып Қызылорда өңірінде іске аспақ. Жоба толықтай өндіріске енсе, маусымдық кезеңде 500 адамды еңбекпен қамтуға мүмкіндік береді. 

Облыс әкімі жобаның маңызды екенін, жұмысты жүргізу үшін арнайы кестелік жоспар құру қажеттігін айтып, сала басшыларына бірқатар тапсырма берді. Мәселен, облыстық жер қатынастары басқармасының басшысына «Қарағанды Агро Инвест-Т» серіктестігімен бірлесіп, Агроөнеркәсіптік кешенін құру жобасын іске асыру үшін 35 гектар жер телімін мемлекеттік қолдау шарасы ретінде бөлінуін пысықтауды, облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы мен Шиелі ауданының әкімдігі бірлесіп, жобаны уақытында іске қосу бойынша тиісті жұмыстар атқаруды жүктеді. Ал, серіктестік өкіліне жобаны «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағ­дарламасы аясында қарастыру үшін облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасына тиісті құжаттарды жолдау қажеттігін атап өтті.

Екінші мәселе – «Жоғары сапалы престелген жоңышқа өндіру» жобасы. Өңірде жыл сайын ірі қара мал басы 3% өсуде. Сондықтан, сапалы жем-шөп қорымен қамтамасыз ету маңызды. Бұл ретте жоба туралы «Tin Oris» серіктестігінің директоры Сұлтан Тұрсынбек баяндады. Ол жоғары сапалы престелген жоңышқа өндіру ісі Сыр елінің географиялық ерекшелігіне қолайлы әрі логистикалық мүмкін­діктерге де тиімді екенін айтып, топырақ пен суға анализ жасау арқылы алғашында 1000 гектарға жоңышқа егуді бастауға ниетті екенін жеткізді.

Облыс әкімі аталған жобаның жан-жақты тиімділігін ескеріп, қолдау білдіру үшін сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.

– Облыстық индустриялық-инно­вациялық даму басқармасы мен Шиелі ауданының әкімдігі жобаны уақытында іске қосу бойынша тиісті жұмыстар атқарып, облыстық жер қатынастары басқармасы мемлекеттік қолдау шарасы ретінде 10 мың гектар жер телімін бөлу мәселесін қарастырыңыздар. Сондай-ақ, жоба бастамашыларының жер телімін уақытылы рәсімдеп алуын қадағалауды және жобаларға жалпы сүйемелдеу жүргізуді тапсырамын, – деді облыс әкімі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<