Ғасырдың батыр анасы

948

0

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен Социалистік Еңбек Ері, батыр ана Сәлима Жұмабекованың өмірі мен еңбек жолына арналған “Өмірі өнеге ғасырдың Батыр анасы” атты ғылыми-танымдық конференция өтті.


Жиынға ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ақмарал Әлназарова, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор Уәлихан Бишім­баев, Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Фатимабибі Дәулет, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор Қылышбай Бисенов, Қазақстанның Еңбек Ері, облыстық күріш өндірушілер және өңдеушілер қауымдастығының президенті Абзал Ералиев және бірқатар белгілі тұлғалар, еңбек озаттары, ғалымдар мен жазушылар қатысты.


Конференцияны облыстық мәс­ли­­хат хатшысы, тарих ғылым­да­рының кандидаты Наурызбай Байқа­дамов жүргізді.
Облыс әкімі еңбектен бақыт тапқан Сыр елінің батыр анасы Сәлима Жұмабекованың өмірлік ұстанымын сөзге арқау етті.


– Тағдырдың талай тауқыметіне қазақ әйеліне тән қайсарлықпен, төзімділікпен қарсы тұрған «Ғасыр­дың Батыр Анасы» талай сынақты басынан өткерді. Сауыншы да, бақташы болды. Алайда, еңбегінің мәнін күріш алқабынан тапты. Бірақ, ең қиыны, өмірлік серігін де күріш алқабында мәңгіге жоғалтты. Ерінің жұмыс кезінде қайғылы қазаға душар болғанына қарамастан, оты­рып қалмай, бір қолымен сәбиін, бір қолымен Сыр маржанын қорғаштап, ерлермен бірдей иық тірестіре еңбек етті.
Ұрпағымен бірге көркейіп, бейнеттің зейнетін көрді. Ел мен жерге жасаған қалтқысыз еңбегі өзін ұшар биікке көтерді, шексіз алғысқа бөледі. Сөйтіп, халқымыздың мақтан тұтар аяулы аналарының біріне, тіпті бірегейіне айналды, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.


Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор Қылышбай Бисенов «Еңбектен бақыт тапқан Батыр ана» туралы кең көлемді, терең мазмұнды баяндама жасады. Баяндама бары­сында Сәлима анамыз сынды өнегелі өмір иелерін ұрпақ алдында ұлықтай отырып, «Әлемнің әміршісі – еңбек» екендігін жастардың жадына құя берудің маңызы зор екенін айтты.


Педагогика ғылымдарының док­торы, облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Бақытжан Сайлыбаев дала дүбіріне үн қосып, дарабоз тұлғасын қалыптастырған ардақты жанның әр кезеңдегі қайраткерлік бітім-болмысын үлгі етті.


Конференция қонағы, техника ғылымдарының докторы, профессор Уәлихан Бишімбаев 1976 жыл­дары Қызылорда облысында қыз­мет атқарған тұсында өңірде ауыл ­шаруашылығы мамандарын дайындайтын жоғары оқу орны болмағанын, осы жыл­дары Жамбыл облысындағы гидро­мелиоративтік – құрылыс инсти­тутының филиалы ашылып, осынау оқу орнының ал­ғашқы қалыптасу кезеңінде көп­теген қиындықтар туындап, сол мә­селелерді шешуде Жоғарғы кеңес депутаты Сәлима Жұмабекованың ықпалы болғанын, бұл оқу орнынан ауыл шаруашылығына қажетті мыңдаған мамандар даярланып шыққанын айтты.
Қазақстан Республикасы Жараты­лыстану ғылымдары академиясының академигі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Қазыбай Бозымов Ы.Жақаевтың өнегелі жолын биік ұстап, өңірдің дамуына қажыр-қайратын жұмсаған қадірлі жандардың еңбегін дәріптеп, абыройын аспандатып жатқан Сыр халқына деген риясыз құрметін жеткізді.
Ал, ауыл шаруашылығы ғы­лым­дарының докторы Әсет Тоқ­тамыс­овтың айтуынша, Сәлима апа­мыздың 80 жылдығына орай Қазақтың күріш ғылыми-зерттеу институтының Құрманбек Бәкірұлы бастаған селек­ционер – ғалымдары жаңадан «Сәлима» атты күріш сортын шығарса ол жаңа сорт институттың тәжірибе алаңында жылда егіледі.


Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Фатимабибі Дәулет асыл жан өмірден өтсе де, оның қадір-қасиетін бағалайтын халқы барда есімі мәңгі ұлықтала беретіндігін айтып, алыс-жақыннан жиылған қауымға алғыс білдірді.


Конференцияны облыс әкімі қорытындылап, алдағы уақытта да адал еңбегімен ел құрметіне бөленген тұлғаларды насихаттау шаралары жалғасын табатынын жеткізді.

Ғазиза Әбілда,
«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<