Көшелер көркейіп келеді

847

0

Соңғы жылдар мұғдарында Қазалыда атқарылған тір­ліктер ауыз толтырып айтар­лықтай. Мұны кент, қала, тіпті ауыл көшелерінде жа­салған жұмыстар айғақтап тұр. Алысқа бармай-ақ, аудан орталығындағы Сырым батыр көшесін мысалға кел­тіруге болады.


Бұған де­йін қазақ халқының дарабоз пер­зентінің бірі, қол бас­таған батыр, ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен әділ би атанған Сырым Датұлы бабамыздың есімін иеленген көшенің кейпіне көңілің құлазитын. Әсіресе, күзгі-көктемгі лайсаңда көлік түгіл, жаяу адам жүрудің өзі мұң еді. Қазіргі кейпі мүлде өзгеше. Сапалы салынған асфальт жол қиындықтан құтқарды. Жылдар бойы тізеден балшық кешіп, резеңке етікпен амалдаған көше тұрғындары мәз-мейрам. Енді көшенің түнгі жарығы шешімін тапса, тұрғындарға тиімді болар еді.


– Былтыр 2,8 млрд теңгеге аудандық маңызы бар 60 шақырым мен елдімекенішілік 70 көше жөнделді. Олардың ішінде Әйтеке би кентінің өзінде 30 көше, Қазалы қаласында 4, Бекарыстан би ауылында 10, Ғ.Мұратбаев ауылында 8, Жанқожа батыр, Басықара, Жалаңтөс, Майдакөл, Абай, Ақсуат, Жанкент, Бозкөл, Кәукей ауылдары бар. Өткен жылдың желтоқсан айында қала мен кенттің екі аралығындағы жолды кеңейту жұмыстары басталды. Жолдарды жөндеу биыл да назарда болады. Ең бастысы, осыдан 3 жыл бұрын басталған Кәукей ауылына баратын автомобиль жолын аяқтаймыз. Шалғайдағы ауыл тұрғындары асфальт жолмен жүретін күн де алыс емес. Сонымен қатар, «Қарлаң» көпірінен Қожабақыға дейінгі, Қазалы қаласы мен «Әлсейіт» көпіріне дейінгі жолдарды да жөндеп бітіреміз.
Басықара мен Абай елді мекенінің аралығындағы 20 шақырым жолды жөндеу жұ­мыс­тарын жалғастыруға об­лыс­тық бюджеттен 306 млн теңге қаржы қаралды. Сондай-ақ Отгон мен Тасарық, Әйтеке би кенті мен Басықара, Бекарыс­тан би-Майдакөл-Түк­ті­баев жә­не Бекарыстан би мен Жа­ңақұрылыс елді ме­кендерін байланыстарын 64 шақырым жолды жөндеу үшін 5 жоба дайындалып, қаржыландыру үшін автомобиль жолдары ко­митетіне бюджеттік өтінім тап­сырылды. Биыл Әйтеке би кентінен 6 көше, Қазалы қаласынан 10 көшені асфальттайтын боламыз. Ауыл­дық жерлердегі көшелер де жөндеуден өтеді, – дейді Қазалы ауданы әкімі Мұрат Ергеш­баев.


Әрдайым жақсы хабар күтетін жанашыр ағайынға төмендегі де­ректі ұсынсақ. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Әйтеке би кентінен 18, ауылдық елді мекендерде 31 көше жөндеу жоспарланған екен. Бұл тұр­ғыда тиісті об­лыстық бас­қармаларға ұсы­ныс беріліпті.


Нәтижелі жұмыстардың ар­қасында аудандағы жол­дар­дың сапасы жылдан жылға жақсарып келеді. Мәселен, 2017 жылы аудан меншігіндегі ав­томобиль жолдарының 66,4%-і ғана жақсы және қана­ғат­­­танарлық жағдайда болса, был­­тыр бұл көрсеткіш 75,6%-ке жеткен. Ал, биыл жол сапасы бұ­дан да жоғарламақ.


Қазалыдағы жағымды жа­­ңа­лықтар мұнымен шек­тел­мейді. Аудан орталығы Әйтеке би кентіне табиғи газ жет­кізілгеніне біршама уақыт өтті. Енді мұндай игілікті қадамның ауқымы ұлғая түсуде.


Әйтеке би кентінен бөлек, Қазалы қаласы мен елді ме­кен­дерді де газдандыру мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. Соның нәтижесінде Ғ.Мұрат­баев ауылына табиғи газ жет­кізіліп, Қазалы қаласын газдандыру қолға алынуда. Енді аудан орталығына жақын елді мекендерді де газдан­дыру жалғасады. Атап айтқанда, Жа­лаңтөс батыр, Қ.Пірімов және Басықара ауылдарын газдандыру үшін құны 22,6 млн теңге болатын жоба әзірленуде. Амандық болса, тиісті қаржы бөлінсе, құрылыс жұмыстары басталмақ.


Олай болмағанда ше?! Кей­бір аудан орталығы, тіпті ірі қала­лардың шет аймағына газ құбыры енді-енді тартылып жатқанын оқып, біліп жүрміз. Ал Қазалыда та­биғи газ ауылдарға да жеткізіле бас­тапты. Бәрекелді!


Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,
«Сыр бойы»
Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<