Есімі есте қалар ел жақсысы

1041

0

Ел үшін, ұрпақ үшін ауыр арқалап, азап кешкен аталарымыз­дың есімі ешқашан ұмытылмауы тиіс. Олардың өнегелі өмір жолы – кейінгілер үшін жарық шашып тұратын шамшырақ. Рухани жаңғыру идеясының өткеніңді қадірле, өзіңді таны деуі осы тұрғыдағы тәрбиені мегзейді.

Сондай құрмет пен ардақтауға лайық есімдердің бірі – соғыс және еңбек ардагері Сақып Оңғарбайұлына Қызылорда қаласынан көше аты берілді.

С.Оңғарбайұлы 1917 жы­лы қазіргі Арал ауданы Ақбасты ауылында өмірге келген. 1937-1938 жылдары Кеңес армия­сы қатарына алынып, Фин соғысында атты әскер құрамында болған. Онан соң Отан соғысына аттанып, реактивті артиллерия атқышы ретінде майданға кірген. Халық аузында «Катюша» деп аталатын соғыс техникасын меңгерген қазақтардың бірі.

Майдан даласындағы жан­қиярлық ерліктері бағаланып, ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдармен марапаттал­ған.

Соғыстан соң С.Оңғарбайұлы атакәсіп – балық­шы­лық­пен айналысып, балық қабылдау пунктінің бастығы болған. Бейбіт күннің бейнетін белшеден кешіп, ұлағатты ұрпақ өсірген ардақты ата – 1988 жылы Қызылорда қаласына көшіп келіп, енді ғана ашылған Панфилов тұйығы бойына тұрғын үй қазығын қаққан алғашқы тұрғындардың бірі.

Аштықты да, қуғын-сүргінді де, соғысты да басынан өткеріп, елдің еңсесін тіктеуге өмірін арнаған ерен тұлға есіміне берілген көшенің өткен сенбі күні ашылу рәсімі өтті.

Шараны ашқан облыс­тық мәслихат хатшысы ­Н.Байқадамов ардагердің өмір жолына, оның ісі мен есімін ұрпақ жадында қалдырудың тәрбиелік мәніне тоқталды. Мұнан соң Қызыл­орда қаласының құрметті азаматы, еңбек ардагері ­Б.Өтегенов, еңбек ардагері, көше тұрғыны М.Төлеев сөз сөйлеп, С.Оңғарбайұлының азаматтық бейнесін еске түсірді.

Қорытынды сөз алған ардагердің інісі, Қызылорда қаласының және Арал ауданының құрметті азаматы ­И.Оңғарбаев барша ақ тілеулі ағайынға, әсіресе көше атын беруге тікелей ықпал еткен қала басшылығына, ономас­тикалық комиссияға алғыс білдіріп, көше тұрғындарына құтты болсын айтты.

Шара қонақтары мен тұр­ғындар көшенің салтанатты ашылу сәтінде оның алқызыл желегін қиып, тал көшеттерін отырғызды.

Соңынан ардагердің ұрпақтары әке рухына бағыштап ас берді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<