Қызылқұмда құпия көп

1174

0

Қызылқұм – жұмбағы мол, тылсым дүниесі жетерлік өлке. Әу бастан мал баққан жұртқа жайлы мекен деседі. Ілгеріде құдық та, бұлақ та көп болыпты. Қыстау басқан қазақтың малын бұл Қызылқұм жұтқа да алдырмаған.


Айтайын дегеніміз басқа. Қызылдың құ­мында осындай (суретте) белгілер бар. Бұрын көп болған. Қараңызшы, құмда қасарысып өсер сексеуілді қию­лас­ты­рып өрген. Суреттегі «Мәң­гүрдің белгісі» деп аталатын үйме сексеуіл Қызылқұм ауылдық ок­ругіне қарасты «Ажар» деген шағын ауылға жақын. Шамамен 20 шақырымдай болар. Биіктігі 2 метрден асса, көлемі алты қанат киіз үй іспеттес.
«Ажар» ауылының аума­ғында бұл белгіден бөлек, сек­сеуіл үйіп, қолдан тұрғызылған қорымдар мен белгілер өте көп.

Әрқайсысының өз атауы бар, көбісі ұмытылған, оны біле­тін көнекөздер де қалмапты.


Сайын далада неге сексеуіл үйген? Біле­тіндердің айтуын­ша, бұны көшпелі аға­йын­­ның өзі ойлап тап­қан. Адаспас үшін. Әрі ең биік деген құм төбенің басына томарлы сексеуілді жинап, осылай қиюлас­тырған. Ажар­дың ма­­ңында бұ­дан бөлек, «Ажар­төбе», «Байту», «Өтеш белгі» дейтін осындай сек­сеуілді орын­дар бар. Көбісі кіші­­рейіп кеткен, кей­бірін әдейі өртеп те жі­берген болуы мүмкін.


– Менің пайымда­уымша, – дейді Кәукей ауылының тұр­ғыны, мек­теп мұғалімі Сәкен Қабылов ағамыз, – бұл белгілер ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың бас жағында тұрғызылған сияқты. Сексеуілден бел­гі қоюдың бірнеше себебі бар, біріншіден, өлген адамның басына тұрғызса, екіншіден, жас­тай қыршын кеткен адамдардың сүйегін үлкен қорымдарға қой­са да, «аты елеусіз қал­масын, әрі-бері өткен пенде дұғасын арнар» деген мақсатпен жүргіншілер көп жү­ретін жолдың бойына қойған. Оған мысал, Кебекбайқызы Ажар сұлуға қойылған сек­сеуіл белгі, қазір «Ажартөбе» деп атала­ды. Ал үшіншіден, әл-әуқаты бар адамдар өз күшімен көзінің тірісінде белгілі аймақ­тарға баратын үлкен жолдардың бойындағы биік төбелерге сек­сеуілден өріп белгі тұр­ғызған. Ондағы мақсат – барар бағытқа жөн сілтеу әрі өз есімін қалдыру.


Ескі әңгімеге жүйрік Сәкен ағаның айтуы көңілге қонымды. Қазір сол ауыл маңайындағы сексеуілді белгілер ке­зінде қойшылардың Қы­зылдың құ­мында адас­пауына көп кө­мегі де тиген. Ал «Мәң­гүрдің бел­гісі» жай­лы дерек жоқтың қасы. Мүмкін адам аты, мүмкін басқа. Бізге белгілісі, ол ХІХ ға­сыр­дың аяқ кезінде тұр­ғы­зылған.
Бір қызығы, осы бел­­гілер бір бағытта қойыл­ған. Жолаушы адас­пасын деген ниет қой. Ком­пасы жоқ бұ­рынғы қазақтың Қы­зыл­дың құ­мында осылай тір­шілік ет­кені таң­­ғалдырмай қой­май­ды.


Жоғарыда айт­қан­дай, мұн­дай сексеуілді белгіні кей­біреу­лер адам сүйегі бар қо­рым­­­мен де шатастырады. Ол қате еді. Рас, біз арнайы сапармен Қызылқұм ше­кара­сында жатқан халық батыры Жанқожа Нұр­мұ­хаммедұлының мәң­­­­гілік жайынан сек­се­уіл­ді моланы көптеп бай­­­қағанбыз. Олар бұн­­­дай биік емес, әрі дөң­­­гелене өрілген, ор­­­тасы ашық болды. Тіп­ті тұзды кесектен қалап та қойған молалар кездесті. Өйт­кені, баба жатқан жер­ден әрірек тұзды Арал­дың бұрынғы орны да байқалған. Қазір­гідей құрылыс материалы жоқ әрі құмда отыр­ған қазақ өлгеніне сек­сеуілден де мола тұр­ғыз­ғанына осы дәлел бола алады.


«Тик-токпен» атын шы­ғарғысы келіп жүр­ген бүгінгі ұрпақ­тың аталары жай тір­ші­лі­гімен де осылай тарих жасап кетіпті-ау…

Ержан ҚОЖАС,
«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<