Үшжақты меморандум

502

0

Облыс әкімдігі, «Астана» Халықаралық қаржы орталығының» Жасыл қаржы орталығы» және «Еуразия даму банкі» арасында «Қызылорда облысында жасыл және әлеуметтік жобаларды іске асыруға бағытталған өзара тиімді ынтымақтастық орнату» туралы  меморандум жасалды. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова бұл келісімнің өңірдегі экологияны, «жасыл» және әлеуметтік жобаларға  үлкен қолдау болатынын сөз етті.

– Президент тапсырмасына сәй­кес Үкімет 2021-2025 жылдарға ар­налған «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының тұжырымдамасын әзір­леуде. Оларды жүзеге асыру ғылым мен бизнестің әлеуетін біріктіруді, сондай-ақ қоғамның мемлекетпен, халық­аралық ұйымдармен жүйелі диалог орнатуын талап етеді. «Астана» халықаралық қаржы орталығының» еншілес ұйымы «Жасыл қаржы» орталығының бас директоры Айдар Қазыбаев, «Еуразия даму банкі» басқарма төрағасының орынбасары Аманкелді Исенов Қызылорда облысында «жасыл» және әлеуметтік жобаларды іске асыруға бағытталған өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға келіп отыр. Біздің өзара әріптестігіміз тиімді нәтиже береді деп үміттенеміз, – деді облыс әкімі.

Шарада Айдар Қазыбаев ынтымақтастық аясында Сыр өңірінде бірнеше жобаны жүзеге асыруға ниетті екенін жеткізді.

– Біздің орталық әлеуметтік жобаларды дамытумен ғана шектелмейді, өзге де ірі жобаларды жүзеге асырамыз. Бүгінгі меморандум аясында біз «Еуразия даму банкімен» бірлесіп, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі арқылы Қызылорда облысында «жасыл»  және әлеуметтік жобалардың санын ұлғайтуды көздейміз. Сондай-ақ Арал өңіріндегі экологиялық жобаларды іске асыру мәселесінде де жәрдемдесуге ниеттіміз. Өңірде ауылшаруашылық саласы маңызға ие, сондықтан біз осы салаға көп көңіл бөлеміз. Табиғи энергия көздерін де дамытуға күш саламыз, – деді ол.

Аманкелді Исенов меморандум шеңберінде облыстың экономикалық әлеуетін арттыру бағытында біршама жұмыстың атқарылатынын айтты.

Үшжақты ынтымақтастықтың жобасы мен маңызы талқыланғаннан соң облыс әкімінің орынбасары Бақыт Жаханов, «Астана» Халық­аралық қаржы орталығының» Жасыл қаржы орталығының Бас директоры Айдар Қазыбаев және «Еуразия даму банкі» басқарма төрағасының орынбасары Аманкелді Исенов маңызды құжатқа қол қойды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<