Өңірдегі жаңашыл медициналық мекеменің бірі – Байқоңыр қаласының көпбейінді ауруханасы. Бастапқыда облыстық аурухана филиалы ретінде ашылған емдеу орны 2019 жылдың мамырында Байқоңыр қаласының көпбейінді ауруханасы болып өз алдына бөлек шықты.
Бүгінде 105 төсектік тәуліктік стационар, 65 төсектік күндізгі емдеу орны бар мекемеде 500-ге жуық қызметкер еңбек етеді. Сонымен бірге, аурухананың Ақай, Төретам елді мекендерінде аурухана мен емханалары бар. Сол кезде мекеменің материалдық-техникалық базасы 29,11 процентті құраса, былтыр індетпен күресуге республикалық, жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, демеушілік қор және аурухана есебінен 83 млн теңгеге құрал-жабдықтар алынып, жоғарыдағы көрсеткіш 90,86 процентке жетті.
Аурухананы қажетті мамандармен қамтуда да бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылып келеді.
– 2019 жылы 17 дәрігер жұмысқа қабылданса, былтыр 23 маман келді. Биылдың өзінде Төретам емханасына педиатр, балалар психиатры, рентгенолог маман және жалпы тәжірибелік дәрігер мен кардиолог маман қатарымызға қосылды. Жұмысқа қабылданғандарға жаңадан салынған 5 тұрғын үйден 12 пәтер берілді. Биыл М.Оспанов атындағы медицина университетін «жалпы тәжірибелі дәрігер» мамандығы бойынша бітіруші 6 түлекті жұмысқа қабылдау көзделуде, – дейді аурухана бас дәрігері Жандос Әділхан.
Мамандардың біліктілігі мен білімі – істің алға басуының басты шарты. Бұл орайда аурухана басшылығы кадрлар біліктілігін арттыруды басты назарда ұстауда.
– Медицина уақыт ағымымен алға жылжып, көз ілеспес жылдамдықпен дамып отыр. Күн сайын жаңа әдіс-тәсілдер енгізіліп, заманауи құрал-жабдықтар ұсынылуда. Сондықтан бүгінде медицина қызметкерлерінен үнемі ізденісте жүріп, жаңалықтарға ілесу талап етіледі. Осы орайда дәрігерлер мен орта буын қызметкерлердің кәсіби шеберлігін арттыру, біліктілігін көтеруге аса мән беріледі. Мәселен, былтыр 37 дәрігер, 22 орта медицина қызметкері әр түрлі цикл бойынша біліктілк жетілдіру курстарынан өтті. «Бес жасқа дейінгі науқас бала күтімі» тақырыбында 30 қызметкердің, «Қалта анықтамасы» бойынша 52, «Наркология сараптама сұрақтары» бойынша 14 қызметкердің семинар-тренингке қатысуы ұйымдастырылды, – деп атап өтті бас дәрігер.
Онан бөлек, облыс көлемінде мамандарды қайта даярлау және біліктілігін арттырудың 2016-2018 жылдарға арналған жоспарына сәйкес 2018 жылы 17 дәрігер, 65 орта буын медицина қызметкері білімін жетілдірген.
Аурухана басшылығы Елбасы Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында нақтыланған саланы цифрландыру бағытында да біршама жұмыстар атқаруда. Атап айтқанда, аурухана қызметкерлерінің жұмыс орындары 70 процент компьютерлік жиынтықпен жабдықталса, 100 процент интернет байланысына қосылды. Бұл медициналық құжаттарды электронды жүйеде жүргізуге мүмкіндік беруде.
Коронавирус инфекциясы, әсіресе, медицина саласына ауыр тигені белгілі.
Белгісіз аурумен күресу, індет жұқтырғандарды аман алып қалу үшін медицина қызметкерлері аянбай еңбек етті. Кез келген емдеу мекемесі көзге көрінбейтін қауіпті дертпен күресуге кірісіп кетті. Осы орайда Байқоңыр ауруханасы да тиісті жұмыстарды ұйымдастырып, науқастарды емдеуде аянып қалмады.
Мәселен, былтырғы сәуір айында емдеу орнынан 30 төсектік карантиндік және 15 орындық провизорлық бөлімдер ашылып, індетке шалдыққан науқастар ем алды.
Аурухана басшылығы тек өз мекемесі ғана емес, сондай-ақ, ауруханаға қарасты мектептердегі медициналық көмек көрсету кабинеттерінің заманауи, медициналық құрал-жабдықтармен (дефебрилятор, ЭКГ аппараттар, т.б.) қамтылуына көңіл бөлуді әдетке айналдырған. 2019 жыл мен биылдың аралығын салыстырғанда мектептің медициналық көмек көрсету кабинеттерінің жабдықталуы 12%-тен 80%-ке жоғарылаған. Бұл көрсеткішті жыл соңына дейін 100%-ке жеткізу жоспарлануда.
– Аталған құрал-жабдықтарды пайдалану тәртібі бойынша мектеп мейірбикелеріне әдістемелік нұсқаулықтар таныстырылып, үйретілді. «Дені сау ұрпақ – елдің ертеңі» демекші, жас буынға сапалы медициналық көмек көрсету, аурудың алдын алу, болдырмау – мектеп мейірбикелерінің негізгі мақсаты. Біз соған ұйытқы болудамыз, – дейді Жандос Қойшыбайұлы.
Аурухана ұжымының тынымсыз еңбегі, жаңашылдыққа ұмтылған ізденісі өз кезегінде лайықты бағасын алуда. Атап айтқанда, жақында Байқоңыр қаласының көпбейінді ауруханасы республика көлеміндегі барлық емдеу ұйымдары арасында алғашқы бестіктен көрінсе, облыс бойынша «Үздік» атанды. Бұл, ең алдымен, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары аурухананың бас дәрігері, қазіргі тілмен айтқанда, бас менеджер Жандос Қойшыбайұлының, сонан кейін бір мақсатқа жұдырықтай жұмыла білген, ауызбіршілік пен ынтымағы жарасқан ұжым мүшелерінің еселі еңбегі екені сөзсіз.
Ауызбіршілік демекші, аурухана қызметкерлері індетке қарсы вакциналау жұмысына да белсене қатысып, ұжымдық иммунитет қалыптастыруға өз үлестерін қосқан бірден-бір ұжым. Бүгінде аурухана қызметкерлерінің 99 проценті екпе алған.
– Бүгінде індетті жеңудің бірден-бір жолы вакцинация екенін әлем болып мойындады. Біздің елімізде де кеселге қарсы вакциналау жұмыстары жүргізілуде. Ұжымдық иммунитет қалыптасқанда ғана ауруды жеңуге болатынын мамандар айтып отыр. Осы орайда біздің аурухана қызметкерлерінің 99 проценті екпе алып, ұжымдық иммунитет қалыптастыруға атсалысқанын айтқым келеді, – дейді бас дәрігер.
«Бірлік бар жерде тірлік бар» демекші, енді ғана қалыптасып келе жатқан емдеу мекемесінің аз уақыт ішіндегі мұндай жетістігі ұжымдағы бірлік пен берекенің айқын көрінісі екені сөзсіз. Мереке қарсаңында аурухана ұжымына абыройларыңыз арта берсін деген тілектестігімізді білдірдік.
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<