«Қанатты қалам» – кейінгілерге аманат

3385

0

«Қанатты қалам» қонбайды, кез келгеннің қолына,

Қонды екен онда бағы да бірге соры да.

Халықтың тілі, құлағы, нұрлы көзі боп,

Адастырмай ерте аламысың соңыңа?

Дәл осы сауал жаныма маза бермейді,

Ақпарат – айдын толқыны жүрек тербейді.

Қаймана қазақ жұртының шаттығын айтсам деп едім,

Жібектей бақты түте алмай, кешегі қайран Мұқаңдай,

Болашағыма арыз жазғым келмейді.

Тәуелсіз елдің ертеңінен үміт үзбеймін,

Жүректе сенім, жетегінде жүрмін ізгі ойдың.

Артында сөзін, қалдырған сүрлеу-соқпағын,

Көшкен дәуірдей ағаларымды іздеймін.

Ей, дүние-дәурен көзімді жасқа бұлама,

Мұнара көңіл мұң қажаса да құлама.

Жаратқан ием десе де: «алдым, сұрама!»

Сахитжанын сағынады әлі Сыр ана!

Айжарық пенен Әскербек, Ізмұрат елдің мақтаны,

Сөйлеген сөзі тақталы, ешкім бір мінін таппады.

Әттең-ай, әттең… Еріксіз еске түседі,

Үш қара нарды құлатқан шілденің шерлі аптабы.

Ағаларым-ай, қиямын қалай өлімге,

Енді есін жиып жатыр ғой мынау елің де.

Журналист пенен бөріні асырайды деп аяғы,

Тартып кетпегенде тірліктің бітіп баяны.

Төбедей болып отырар ма еді төрімде…

Таппай келем кілең жоққа сүрініп,

Өлмеу үшін бар мұрасын тірі ғып.

Тастап кеткен асылдардың қайтейін,

Топ ішінде орыны тұр білініп…

Өтіп жатыр небір жайсаң қымбатты ер,

Жоқтап тұрған дәуір даусын тыңдап көр.

Әр жерінен біте салар әркімге,

Өмір деген түгесілмес жыр дәптер.

Таңдайға құдай сөз салып, маңдайға қонған дара бақ,

Аңыз боп қалған өткенге енді салауат.

Өтеді олар парызын елге адал-ақ,

«Қанатты қалам» – кейінгілерге аманат!

Қасқайып шыңға барып жүр, тыңға да түрен салып жүр,

Елменен бірге арып жүр, елменен бірге жарып жүр.

Құдіретті қалам қолға алып, жүректен құйған сиясын,

Журналист деген халық жүр, шырағын сөздің жағып жүр!

Ақ сөйлеп ханға дат айтқан, Бұқардың солар жалғасы,

Бұрынғы би мен шешеннің бүгінгі жаңа арнасы.

Ұшқыр ойларды қашанда өмір биігінде самғатқан,

Беу, «қанатты қалам!» Шарықта мәңгі талмашы!

Ұлықбек Бекұзақұлы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<