«Індетті ұжымдық иммунитет қалыптастыру арқылы жеңеміз»

677

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі және халықты жаппай вакциналау шараларын күшейту мәселелеріне арналған жедел штаб отырысы өткізілді. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, салалық басқарма басшылары және қала, аудан әкімдері онлайн режимде қатысты.

Аймақ басшысы эпидемио­логиялық жағдайдың күннен-күнге тұрақсыз болуы салдарынан науқастардың күрт көбейіп жатқанын қаперге салып, шектеу шараларын күшейтуге жете мән беруді қатаң тапсырды.

– Республика бойынша жаңа Дельта штамы тіркеліп, өкінішке орай біздің облысымызда да анық­талды. Жағдайды бақы­лаудан шығарып алмауымыз қажет.

Пандемияны жеңудің бірден-бір жолы – тез арада ұжымдық иммунитетті қалыптастыру, яғни вакцина салғызу. Коронавирус инфекциясын азайтуға мүмкіндік беретін ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін, кем дегенде облыста 401 мың тұрғын вакциналаудан өтуі қажет, – деді облыс әкімі.

Жиында облыстық сани­тар­лық-эпидемиологиялық қада­­ғалау департаментінің басшысы Динара Жаңабергенова аурушаңдық көрсеткіштердің тіркелу жиілігін айтып, негізгі басымдықтарды атап өтті. Сондай-ақ, жаңадан енген қаулы­дағы негізгі талаптарды саралап берді.

Қаулыға сәйкес 16 шіл­деден бастап ұйымдардың вакци­наланбаған жұмысшылары жұмыс орнына кіруі үшін ПТР-тестті міндетті түрде тапсыруы керек. Сондықтан қызметкерлер 15 шілдеге дейін вакциналаудан өтуі қажет.

Облыс әкімі мейлінше той-жиын мен асқа тұрғындардың бармауын пысықтап мониторинг жүргізіп, карантин талаптарын сақтау мәселесін ортаға салды. Бұл ретте соңғы 3 күннің ішінде мониторингтік топтың есебі бойынша карантиндік талап­тардың бұзылуы дерегі азайған.

Жиында Қызылорда облыстық полиция департаментінің басшысы Бектөре Сұлтан 1 шілде күні мониторингтік топтар 15 рейдтік тексеру жүргізіп, 45 нысан тексерумен қамтылып, карантин талаптарын бұзу әрекеттері тіркелгенін атап өтті.

Жедел штаб отырысында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының мін­детін атқарушы Жангелді Шаймбетов тұрғындардың вак­цина салдыру қарқыны туралы баян­даса, Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Салават Құлмахан «Ashyq» жо­басы арқылы жұмыс істейтін кәсіп­керлік нысандардың белсен­ділігін атап өтті.

Бүгінде облыс көлемінде вакцинаның I компоненті бойын­ша 158 358, II компоненті бойынша 85 935 тұрғынға екпе салынды. Ал, «Ashyq» жобасында 510 кәсіпкерлік нысанының 260-ы QR-код алып, жоба шеңберінде кәсібін жүргізуде.

Штаб отырысын қорытын­дылаған облыс әкімі облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшы­сына эпидемиологиялық ахуалды күшейтілген түрде бақылауға алуды, науқастармен қарым-қатынаста болған тұрғындарды шұғыл түрде анықтап, аурудың таралуына жол бермеуді тап­сырды. Сондай-ақ, полиция депар­­таменттерімен бірлесіп мони­­торингтік топтардың жұ­мы­­сын қайта бейімдеп, жұ­мыс беруші ұйымдардың бар­­лық қызметкерлерін вак­цина­лаудың базасымен салыс­тыруды, мо­ниторинг жүргізетін топ­тар­дың белсенділігін кү­шейтуді жүктеді.

Облыс әкімі мониторинг топ мүшелері өкілеттілігін асыра пайдаланып, азаматтар мен бизнеске қысым көрсету және олардың қызметіне заңсыз ара­ласу фактілеріне жол бермеу қажеттігін қатаң ескертті. Ал, денсаулық сақтау басқармасы бас­шылығына вакцинациялау жұмыс­тарын күшейтуді және барлық медициналық мекеме­лердің жұқпалы індеттің жаңа толқынына дайындығын тексеруді міндеттеді. Облыстық кәсіп­керлік және туризм басқармасы мен облыстық кәсіпкерлер пала­тасының басшыларына өңірдегі кәсіпкерлік нысандарды «Ashyq» жобасына белсенді түрде енгізу бойынша жұмысты үйлестіру қажеттігін тапсырды. Берілген тапсырмалардың орындалуын бақылауға алуды облыс әкімінің орынбасары Балжан Шаменоваға жүктеді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<