Бағаны сұраныс пен ұсыныс реттейді

1931

0

Бізде нарық экономикасына көшкелі осындай ұғым пайда болды. 500-600 жылдық тарихы бар нарық болмысы мемлекеттің ішінара араласуымен бүгінге дейін осы қағида бойынша өмір сүріп келеді. Бұл түсінік аясы өте қысқа, тауарларға қалыптасатын бағаны қазақша ұғыммен айтқанда, базар реттейді.


Мамыр айының соңынан бастап біз жергілікті тұтыну нарығындағы тауарлар бағасы­ның қалай қалыптасатынын ұдайы қадағалап келеміз. Бір ғажабы, кейінгі бір жарым ай ішінде базарлар мен ірі сауда орындарындағы маусымдық сипаты басым көкөніс және кар­топ бағасы едәуір түсті. Өнім жеткізушілердің сөзіне қара­ғанда, сәбіз бағасы осы аралықта 700 теңгеден 300 теңгеге дейін сырғығанын байқадық.

Қызылорда базарларында күні кеше осындай баға қалыптасты. Ескерте кетейік, бұл сұраныстан гөрі ұсыныстың асып түскенін, яғни оңтүстік облыстардан жеткізіліп жатқан өнімдердің сыңайы мол екенін байқатады.


Бұрынғыдай емес, базар­лар­дағы сатушылардың жүз­деріне «қан жүгіргенін» сездік. Тауар сатушыларына бағаның жүгенсіз көтерілуі тиімсіз. Мұның өзіндік себебі де жоқ емес. Картоп кейінгі бір ай шамасында 300-ден 170 тең­геге, жуа 180-нен 100 теңгеге, баклажан, болгар бұрышы бұрынғы 300-ден 150-200 теңгеге дейін арзандады. Көкөніс, жеміс өнімдері ішінде қысқа уақытта шиенің едәуір арзандағанын байқаймыз. Күнделікті базар сөрелерінде қауын-қарбыздың молдығынан болар, саудалаушылар көп, нарық біршама төмендеген. Осының барлығы оңтүстік өңірдегі диқан қауымының едәуір бейнеттенгенін байқатады.


Арасында үлкен көлікпен келген қарбызды көтерме бағамен саудалаушылардың ба­рын байқап қалдық. «Сауда сақал сипағанша» дейді, көтерме бағамен саудаласып, ішкі на­рықта оны екі есе көтеріңкі баға­мен сатып жатқандар бар. Өнім көп болған сайын бұл құбылыс нарыққа оншалықты теріс әсер ете қоймайды. Себебі тұтыну нарығының бағасын бәрібір ұсыныс пен сұраныс реттейді. Ұсыныс бар, демек, сұраныс өз кезеңінде бағасын ұсынады.
Тұтынушыларды биылғы сәуір-шілде айларындағы бензин бағасының күрт қымбаттауы алаңдатқан еді. «АИ-92» бен­зиннің литрі 200 теңгеге жуықтап қалды. Автомобиль газының бағасы 65 теңгеден 85 теңгеге шарықтады. Бірақ жанармай нарығындағы қымбатшылық сөрелердегі бағаға айтарлықтай ықпал жасай алмады.

Бұл біздің пайымдауымызша, өнімнің молдығын білдіреді.
Сол сияқты қаланың «SMALL», «Мagnum» сауда орын­дарындағы маркетингтік жүйенің дұрыс жолға қойыл­ғанын аңғардық. Осыдан екі апта бұрын египеттік картоп сатылған еді. Қазір ол дүкен сөрелерінде жоқ. Демек, оны баға жөнінен жергілікті өнімдер басып кетті. Сырттан келген өнімнің қажеті болмай қалды.
Тұтынушылардың қауіп­тен­геніндей, әзірге мал өнімдерінің бағасы көтерілмеді. Олар не­гізінен сол бұрынғы нарық бойынша сатылуда. Біз оны сиыр және жылқы еті павильондарын аралағанда байқадық.


Қазақстанның атқарушы билігі бірінші жартыжылдықтың алдын ала қорытындысын жариялады. Салыстырмалы түрде алғанда, еліміздің ішкі жалпы өнімі 2,2 процентке өсті. Ұлттық банктің сараптауы бойынша инфляция деңгейі 2022 жылдың екінші жартысында бұрынғы белгіленген дәлізде 4-6 процентте қалыптасатын болады. Осының барлығы пандемия салдарынан болған тұтыну нарығындағы қымбатшылықтың «қызуы» біртіндеп қайтатынынан хабар бергендей.


Біздің сараптауымызша, картоп және көкөніс өнімдері бойынша биыл өткен жылдармен салыстырмалы түрде алғанда, арзаншылық болатын сыңайлы. Тұтыну нарығындағы бүгінгі ахуалды осылайша сипаттауға болады.


Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<