Пандемия уақытында оффлайннан онлайнға көшу бизнес иелеріне оңай тимеді. Instagram жүргізіп, YouTube-та жарнамасын жолға қойғандар карантинге тез бейімделді. Интернет арқылы тапсырыс қабылдап, тұтынушысын жоғалтпады. Ал, әлеуметтік желінің талабын түсінбегендер табыссыз қалды деуге болады. Сондықтан журналист, PR маманы әрі кәсіпкер Ботагөз Бақбергенова SMM мамандарын оқытуды қолға алып, осы бағытта «BB group online» компаниясын ашты.
Бұрын базар аралап, сауда орнына өзіміз барып, затты таңдап алсақ, енді дүкеннің Іnstagram парақшасын іздейтін болдық. Талап өзгерді. Желіге өнімнің сапалы фото, видеосын жариялап, қызықты әрі қатесіз мәтінмен жарнама жасайтын, жылдам байланыс орнататын кәсіпкерлерге таңдау түсті. Мұндайда сұраныс пен ұсыныс бір-бірін адаспай табу үшін кәсіпкерге SMM білім керек. Бұрыннан бұл салада тәжірибесі бар Ботагөз кәсіпкерлерге қолдау керегін түсінді.
– Былтырға дейін жұмысын онлайн жүргізуге бейімделген кәсіпкерлер жеткілікті болатын. Дегенмен, пандемия уақытында SMM мамандарына сұраныс артты. Бұрын республикалық жобаларда PR, SMM маманы болып жұмыс атқарған тәжірибем бар. Сондықтан облыста онлайн бизнес жүргізуге көмектесетін мамандар оқытсақ деген ой келді. Елімізде инфобизнеспен айналысатындар сабақты онлайн үйретеді, ендеше біз оффлайн сабақ берейік деген шешімге келдім. 2017 жылдан бастап «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында шаштараз, визажист, маникюр шеберлерін оқытатынбыз. Ал, қазіргі нарыққа SMM мамандары қажет. Бірақ бұл мамандықты мемлекеттік бағдарламаға енгізу үшін кейбір критерийлерге сай келуі тиіс екен. Оған біраз уақыт керек болды. Сондықтан қалалық жұмыспен қамту бөлімінің сол кездегі басшысы Индира Ақжігітоваға барып, жобаның өзектілігі туралы кеңінен айтып бердім. Ол жобаны жоғары бағалап, қолдауға тырысатынын жеткізді. Осылайша «Бастамаларды қолдау» қоғамдық қорының қаржылай көмектесуінің арқасында жұмысты бастап кеттік. Тренер ретінде маған ақы төленгенімен, оқушылар тегін білім алды, – деді Ботагөз Нұрлыбекқызы.
Сабақ мерзімі екі ай болғанымен, жаңа білім оқушыларға үлкен табыс әкелді. Нәтижесінде бірі қомақты қаржы тапса, бірі кәсібін ашты.
– Курс кезінде әлеуметтік желілерді тиімді қолдану, менеджмент, маркетинг деген не екенін, фотоконтент жасау, тұтынушы санын көбейту, онлайн байланыс орнату жолдарын үйреттік. Курстың ерекшелігі – жұмысты онлайн атқарып, бірнеше кәсіпкердің Instagram парақшасын қатар жүргізуге болады. Айталық, Ақжан Нұрлан курс барысында шағын және орта кәсіп иелерінің әлеуметтік желідегі парақшаларын жүргізіп, екі ай көлемінде 550 мың теңге табыс тапты. Самал Рахатова да бірнеше кәсіптің желідегі онлайн қызметін ұйымдастырды. Нұрбақыт есімді оқушым қырғауыл өсіру шаруашылығын ашса, Нұрислам пандемия әсерінен тұралап қалған СТО қызметін жандандырып, қала ғана емес, аудан тұрғындарынан тапсырыс ала бастады. Балалар массажисі болып еңбек ететін Назым атты шәкіртіміз осы салаға бет бұрса, Құралай Найзабай бірнеше тіс емханасының SMM маманы болып, отбасылық кәсібін дамытты. Байқағанымыз, SMM мамандығын әр кәсіпкер оқып алса, артық етпейді. Себебі бизнесті жүргізудің бірден-бір жолы – осы. Сондай-ақ, өзі жалдаған SMM маманы қалай жұмыс істейтінін білу, бағалау үшін де білім керек, – деді ол.
Бүгінде еті тірі, епті, табысты кәсіпкерлер SMM мамандарының қызметіне арқа сүйейді. Бұл – нарық талабы. Сондықтан Ботагөз Нұрлыбекқызы SMM мамандарын даярлауды мемлекет тарапынан қолға алу керек дейді. Ал, өзі ақылы негізде «Insta Star» жобасын жүргізіп, 50-ден аса адамды оқытты. Осы кезге дейін еліміздегі және ТМД елдерінің мамандарынан білім жетілдірген Ботагөзден копирайтер, таргетологтың қандай қызмет атқаратынын да сұраған едік.
– Копирайтер – мәтін жазатын маман. Мәтін бірінші сөйлемінен-ақ, сізді өзіне тартып тұрады. Сол арқылы тауарды сатып алуға дейін апарады. Таргетолог – мақсатты аудиторияны анықтай отырып, арнайы функциялар аркылы жарнама жасайтын маман. Мысалы, Google-да бір затты, кызмет түрін іздесеңіз, интернет сізді есінде сақтап қалады. Байқасаңыз, келесіде сіздің алдыңыздан сондай жарнамалар шыға береді. Бұл – таргетологтың еңбегі. Instagram, Facebook біздің жасымызды, қызығушылығымыз, тұратын өңірімізді біледі. Ал, таргет жасағанда максатты аудитория, тұтынушының жасы, өңірі таңдалады. Айталық, косметика сататын дүкеннің тұтынушылары 15-65 жастағы әйелдер болса, жарнама осы аудиторияға көрінеді, – деді ол.
SMM мамандарын оқыту үшін арнайы компания ашқан Ботагөз Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің медиа орталығын да басқарады. Сондай-ақ, кәсіпкер «Хабиби» той салоны мен сұлулық салонының қызметін де жүргізеді. Байқағанымыз, табысты болудың жолы – сан тарау.
– Кей адамдар SMM саласының да дәурені өтеді дегенді жиі айтады. Бірақ, білімге ынта қойып, үйренуге ұмтылыс болған кезде адамға ештеңе коркынышты емес. Ең бастысы, қай қызметке де шын ниетпен кірісу керек, сонда ғана жұмысың табыс әкеледі, – деді елгезек Ботагөз.
Айдана ЖҰМАДИНОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<