Облыс орталығында 815 көпқабатты үй, 210 аула бар. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметіне сүйенсек, соның 140-тан астамы спорт және ойын алаңдарымен қамтылған. Өткен жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 30 ойын алаңы пайдалануға берілген.
Ал, биыл жергілікті бюджет есебінен I категориялы 20 ойын алаңының, II категориялы 5 ойын алаңының құрылысы жүруде. Балалар ойын алаңқайлары, шағын футбол алаңдарымен және жаттығу құрылғыларымен қамтылады. Бұл жобаны мемлекеттік сатып алу конкурсының жеңімпазы ретінде ҚР ІІМ-нің Қылмыстық атқару жүйесі комитеті қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінің «Еңбек» ШЖҚРМК іске асыруда. Кәсіпкерлер де балаларға қуаныш сыйлаудан кенде емес. Жас кәсіпкер, меценат, облыстық мәслихат депутаты Мағжан Ералиев балалар мерекесіне орай «Мерей» шағын ауданында өзінің жеке қаражаты есебінен 7 миллион 900 мың теңге тұратын ойын алаңын тарту етіп, көпке үлгі көрсеткені есте.
– Ойын алаңдары ескіріп, тозығы жетті. Әткеншек, сырғанақ сыр беріп тұрды. Депутат Мағжан Ералиевке мәселенің мән-жайын айтып, ойын алаңын салу жайлы ұсынысымызды жеткіздік. Көп ұзамай қолдау тауып, жаңа алаң қайта орнықты. Бұл екінің бірі кірісе кететін іс емес. Халық қалаулысының тілегімізге құлақ асып, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға қосып жатқан үлесіне, ел болашағы – балалардың алаңсыз демалысына жағдай жасағанына ризамыз, – дейді шағын аудан тұрғыны Кенішбай Аяғанов.
Балаға алаңсыз құмардан шығып ойнайтын алаңқайлар саны көбейгені жақсы, әрине. Бірақ, ара-тұра оны қасақана сындыру, қирату және жасанды төсеніштерді жырту деректері орын алатыны жасырын емес. Кейде тіпті ересек адамдардың балалар әткеншегіне отырып, ескерту жасасаң, өзіңе тап беретінін көз көріп жүр. Жасөспірімдер маркермен түрлі жазу жазып, сурет салып кететіні бар. Ал, мұны өшіру қиын, сырт келбеті бүлінеді. Төмпештен орындық опырылып, қоршауы жұлынған жайт та кездескен.
Облыстық полиция департаментінің мамандары бұзақылыққа жол бергендер құрыққа түсіп, жазаланатынын да айтады. Кейінгі кезде қала әкімдігі жергілікті полиция өкілдерімен бірлесіп, күресті күшейткен. Майысып, жарылып, морт сынып, нәтижесінде балғындар денсаулығына қауіп туғызатын құралдарды ретке келтіру де назардан тыс қалмауда. Жақында әлеуметтік желіде «Сыр Ана» монументінің қасындағы ойын алаңында жаттығу құрылғылары бүлінгені туралы мәселе көтерілді. Жауапты мамандар іле-шала құрылғыларды жөндеуге алған.
Жалпы ойын алаңдары мен өзге де серуендік нысандарда ата-ана балаға жауапкершілікті ширатып тұрмасқа болмайды. Айталық, қала тұрғыны, зейнеткер Бибігүл Тоқтамысова жұртшылық көп жиналатын «Aray city mall» ойын-сауық сауда орталығы маңындағы түрлі-түсті жарықпен безендірілген фонтанда балалардың ерсілі-қарсылы жүгіріп, суда тапжылмай тұрғанын көрген. «Бұлай тұрмаңдар, қауіпті» деген ескертпесіне баланың анасы келіп, «Бала өзімдікі, өзіміз білеміз» деп жауап қатқанына қынжылады. Шынында, ойыннан от шығатынын бала түгіл кейбір ата-аналар да ескере бермейтіні өкінішті. Несін жасырайық, жуырда Алматы қаласында орын алған оқыс жайт көпке ой салуы тиіс. Алматы циркі маңындағы фонтанда аяғын суға салған екі кішкентай қыз бен оларға жанұшыра көмекке келген анасын тоқ тартып, өмір мен өлімнің арасында қалғаны, оларды сол маңда жүрген Абылай Балапанов есімді студенттің құтқарғаны жайлы хабар әлеуметтік желілерде желдей есті. Біз бұл мысалды әлдекімнің бойына үрей билету үшін емес, сақтық санамыздан шықпаса деп келтіріп отырмыз. Әрі тұрғындар жауапкершілік танытып, қоғамдық мүлікке зиян келтірмей тиянақты пайдалануы тиіс деп білеміз. Себебі, онда сіздің де балаңыз бар.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<