Жалпы облыстағы жер көлемі 226 мың шаршы шақырым болса, бұл Қазақстан аумағының 8,3 процентін құрайды. Ал аймақтағы орман қоры – 6 млн 672 мың 968 гектар. Мамандар осылай дейді. Айтпақшы, мұның өзі үшке бөлінеді. Облыстың тікелей өзіне қарасты мемлекеттік орман мекемелерінің жері 6 млн 509 мың 717 гектар. Ал республикалық «Барсакелмес» мемлекеттік табиғи қорығының жері 163126 гектар болса, Қазақстан темір жолына қарасты 125 гектар жер бар.
Бір түп сексеуіл 100 тонна құмға бөгет
Бізде орман алқаптарын қорғайтын 8 мекеме бар. 378 орманшы қызмет атқарады. Міндеті – өңірдегі орман мен тоғайлы жерлердегі бар қорды мүмкіндігінше сақтау, пайдалану, қосымша оны өсіру.
Аралдың тартылуы облыстағы экологиялық жағдайды күрт нашарлатып жібергені баршаға аян. Теңіз табанынан ұшқан құмды дауыл тонналаған уытты тұз бен шаң-тозаңды ауаға таратып, барлық тіршілікке кері әсерін тигізді. Бір ғана мысал, суы құрғаған аймақтан ұшқан құмды дауыл ұзыннан 400, көлденеңінен 40 шақырымға дейін жетеді екен. Шаңды дауылдардың радиусы 300 шақырымды қамтып тұр.
Мамандардың есебінше, теңіздің құрғаған ұлтаны 4,5 млн гектар. Осынша гектардың 2,2 миллионы Қазақстан аумағында деп көрсетілген. Аз жер емес. Бұлай құрғақ аймақтың тұз басып, шөлейтті жер аумағын көбейткені былай тұрсын, ондағы тіршілік иелеріне жағымсыз әсерін берері анық емес пе?! Жануарлар мен өсімдіктердің көбеюіне қарсы мұндай факторларға бірден-бір амал не болар екен?!
– Қоршаған ортаны ұшқан тұз бен құм көшкіндерінен сақтау үшін теңіз ұлтанына сексеуіл, сарсазан, қарабарақ сияқты галафитті өсімдіктер көптеп отырғызылу керек. Тәжірибе осыны дәлелдеп отыр. Бір нәрсе белгілі, сексеуілдің бір түбі 10-нан 100 тоннаға дейін құмды бөгеп, ұстай алады, – дейді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының орман және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бөлімінің басшысы Айбек Жолақанов.
Айбек айтып отырған жұмыс өткен ғасырдың 80-ші жылдарының ортасында басталған еді. Қазақ орман ғылыми-зерттеу институты ғалымдары ұсынған бұл жоба 1993 жылға дейін жалғасты. Сол уақытта 54 мың гектардан аса құрғаған теңіз ұлтанына біздегі барлық орман мекемелері жұмылдырылды. Солардың күшімен сексеуіл, сарсазан, жыңғыл егілген. Еңбектің нәтижесі жоқ емес. 20,7 мың гектар сексеуіл, 11,7 мың гектар сарсазан, 1,5 мың гектар жыңғыл табиғи көбею деңгейіне жеткен.
60 600 гектар немесе қаржы ұйымдарынан келген көмек
Жоғарыда айтқан орман отырғызу жұмыстары 1994 жылы тоқтап қалды. Басты себеп – қаржының болмауы. Араға 7 жыл салып, теңіз орнына сексеуіл егіле бастады. 2001 жылдан бастап бөлінген қаржы көлеміне қарай теңіз ұлтанына жылына 2,5 мың гектарға дейін сексеуіл егуге мүмкіндік жасалды. Осы уақыт аралығында жергілікті бюджет есебінен барлығы 60 600 гектар жерге сексеуіл шыбықтары отырғызылыпты. Санамалап айтсақ, 2002-2005 жылдары – 2000, 2006 жылы – 2100, 2007-2009 жылдары – 2500, 2010-2012 жылдары – 2600, 2013 жылы – 2700, 2014-2018 жылдары – 5000, ал 2019-2020 жылдары 4000 гектар жерге орман қорын көбейту жұмыстары жүрген.
Бұл сандық көрсеткіштерге тартылған қаржы жергілікті бюджеттен еді. Ал осы орман шаруашылығына қатысты, әсіресе, теңіздің экологиялық жағдайы халықаралық ұйымдарды да тыныш жатқызбаған еді. Табиғатқа, соның ішінде әлем көз тіккен Арал қасіретіне олар да қаржылай қолдау көрсетті.
Мысалы, 2004 жылы Аралды құтқару қоры арқылы 1100 гектар жерге шөлге шыдамды өсімдіктер отырғызылды. Ал 2005-2006 жылдары Германия техникалық серіктестігі арқылы 1250 гектар жерге көшет егу жұмыстары жүрді.
Сол сияқты Оңтүстік Корея республикасы орман қызметінің қолдауымен «Қазақстанның биоалуандылығын сақтау қоры» арқылы Аралдың құрғаған бөлігінің 30 мың гектарына зерттеу жүргізілген еді. Нәтижесінде орман мелиорациялық екпелер егу жобалары қолға алынды. Соның арқасында 2018 жылдың қараша айында 5000, 2019 жылдың наурыз айында 5800 гектар жерге сексеуіл көшеттері егілді. Ал былтыр 2500 гектар болатын аумаққа жергілікті табиғатқа төзімді тағы да осы өсімдік отырғызылған. Бұдан бөлек, тағы бір жоба 2008-2014 жылдар аралығында жүрді. «Республика көлемінде ормандарды сақтау және өсімін молайту» деп аталатын жоба аясында теңіз табанының 47337 гектарына көшет егіліп, 10 мың гектардан астам жерге сексеуіл тұқымы себілді.
Төрт жылда 177 миллион көшет
Шөлді аймақта отырған біздің облыс үшін орман шаруашылығының орны ерекше. Тарихқа сәл шегініс жасасақ, өңірдегі осы сала 1934 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық агро орман шаруашылығының құрамынан бөлініп шыққан. Өз алдына бөлек құрылған облыстағы шаруашылық саласына биыл 87 жыл толды.
– Тәуелсіздік алғалы 30 жылда Қазақстан үшін, сондай-ақ дүниежүзілік шөлейттенумен күрес үшін үлкен маңызы бар Аралдың құрғаған ұлтанында көп еңбек атқарылды. Әсіресе, өзімізге қарасты жерге құм көшкініне тосқауыл мақсатында 195 мың гектар жерге сексеуіл егілді. Оның ішінде соңғы 5 жылда орман алқабына 55 мың гектар ағаш көшеттері отырғызылды. ҚР Президентінің 2020 жылғы Жолдауында көрсетілген, мемлекеттік орман қоры жерлерінде 2 млрд ағаш егу тапсырмасына сәйкес, 2021-2025 жылдары аралығында аймақта 177,5 миллион түрлі көшет отырғызу жоспарға енді. Бұл жұмыстардың бастамасы ретінде биыл 1000 гектар жерге 1,8 млн сексеуіл көшеті де егілді. Осы жылдың қараша айында барлық орман мекемелері арқылы 13300 гектар жерге сексеуіл тұқымын себу жоспарланып отыр, – дейді инспекцияның бөлім басшысы Айбек Жолақанов.
Бөлім басшысының айтуынша, бұл жұмыстар үздіксіз жалғаса бермек. Қазір өзіміздегі уақытша орман тұқымбақтарының көлемі 100 гектарға ұлғайтылуда. Ал орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базаларын жарақтандыру үшін қазынадан 250 млн теңге бөлінген.
Ержан ҚОЖАСОВ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<