Күні кеше өткен Үкімет отырысында ағымдағы маңызды деген мәселелер талқыға түсті. Әрине, бүгінгі өткір ахуал – елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин, кәсіпкерлік субъектілерін «Ashyq» жүйесімен қамту туралы «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нариман Әбілшайықов айтып берді.
Қазақстандағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай біртіндеп тұрақталып келеді. Вирустың репродуктивтік индексі 1,01 құрайды. Еліміз бойынша қазірге дейін 5,9 млн-ға жуық адам вакцинаның бірінші компонентін, шамамен 4,5 млн адам екінші компонентін алған.
Үкімет басшысы Асқар Мамин осы тамыз айында вакцина салу жоспарының орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл барлық өңірге тән, әсіресе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Атырау облыстарында күшейтілуі тиіс. Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары мен Қарағанды облысы да эпидахуалды бақылаудан шығармауы керек. Премьер-Министр атап өткендей, маска тағу режимін сақтау, карантин талаптарын бұзушыларды жауапкершілікке тарту, мониторингтік топтардың жұмысын ширата түсу аса маңызды болып қала береді.
«Ashyq» жүйесіне қатысатын кәсіпкерлік субъектілерінің саны үнемі артып келеді. Олардың саны 5 есеге – 21 мыңнан 101 мыңға дейін өсті. Бұл бизнеске өз қызметін жалғастыруға мүмкіндік береді. Сондықтан «Ashyq» қосымшасының қолданылу аясын одан әрі кеңейту қажет», — деді А. Мамин.
Өңірде де өсім бар
Үкімет отырысында, сондай-ақ, осы жылдың қаңтар-шілдедегі елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы және республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды.
Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиевтің айтуынша, аталған мерзімде Қазақстан экономикасы жедел қарқынмен қалпына келе бастады. «Осы есепті кезеңде негізгі трендтер бойынша нақты сектордағы динамикалық және тұрақты өсу, қызмет көрсету секторындағы динамиканың жеделдеуі, өндіруші емес секторлардағы инвестицияның жоғары өсуі, сауда балансының оң сальдосының сақталуы байқалуда. Нақты сектор экономиканың орнықты даму факторы болып отыр. Осы жылдың қаңтар-шілдесінде нақты сектордағы өсім 3,6%-ке дейін жеделдеді. Іскерлік белсенділік қызмет көрсету саласында 2,0%-ке дейін өсті», – деді министр.
Жалпы салалар арасында ақпарат және байланыс, құрылыс, сауда, сумен жабдықтау, өңдеу өнеркәсібі, электрмен жабдықтау жоғары өсім көрсеткен. Сондай-ақ ауыл шаруашылығында да ілгерілеу бар. Ал, 7 экономикалық көрсеткіш бойынша өңірлер арасында жалпы жағдай мынадай сипатқа ие: барлық 7 көрсеткіш бойынша 4 өңірде – Алматы, Жамбыл және Маңғыстау облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында өсім бар. 6 көрсеткіш бойынша 9 өңірде өсу қалыптасқан. Олар – Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстары, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласы. 5 көрсеткіш бойынша 3 өңір, ал 3 көрсеткішпен Батыс Қазақстан облысы тұр.
Дәстүрлі оқуға тас-түйін дайындық керек
Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Үкімет отырысында және бір пысықтаудан өткен мәселе – осы.
Биыл елімізде 3,4 млн-нан астам, оның ішінде 1 сыныпта 380 мыңнан астам бала мектепке барады. Оқу дәстүрлі форматта жүргізіліп, вакцина салдырған мұғалімдер жұмысқа жіберіледі.
Осы кезге дейін республикада педагогтардың 93,1%-і және білім беру мекемелерінің өзге де қызметкерлерінің 88,4%-і вакцина салдырған. Осы ретте Үкімет басшысы оқушылар мен педагогтардың қауіпсіздігі үшін ұйымдастыру мәселелерін барынша тездету қажеттігін ескертті. Тиісті министрліктер мен өңірлер әкімдіктеріне жаңа оқу жылында мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарында, сонымен қатар колледждер мен жоғары оқу орындарында оқуды штаттық режимде қамтамасыз ету тапсырылды. 25 тамызға дейін медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдардан басқа, педагогтар мен техперсоналға вакцина салу 100% қамтамасыз етілуі, 20 тамызға дейін мектептерді санитариялық талаптарға сәйкес (кварцтеу, дезинфекция, маска режимі, күнделікті термометрия және т.б.) қабылдау аяқталуы тиіс. «Ashyq» жүйесі барлық білім беру ұйымдарында енгізіледі.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<