Ата заң – алтын тұғырымыз

1398

0

облыстық мемлекеттік архивтің ұйымдастыруымен ҚР Конституциясы күніне орай «Ұлық тұтар ұлы заң» тақырыбында онлайн кездесу өтті.

Қоғам мен мемлекетті жаң­ғыртудағы Ата заң ролін терең ұғыну, заңнамалық қағидаларын кеңі­нен насихаттауды мақсат еткен іс-шараға «Nur Otan» партия­сы Қызылорда қалалық филиа­лының, аймақтың жоғары оқу орын­дарының, архив және оның филиал­дарының қызметкерлері қатысты.

Кездесуде облыстық мемле­кет­тік архив басшысы Жанат Абзалиева Конституция – кез келген мемлекеттің тәуелсіздігін, демо­кратиялық құндылықтарын айқын­дайтын негізгі құжат екендігін және мемлекет пен оның азаматтарына мінсіз қызмет ететіндігіне тоқталып, қатысушыларды мерекемен құттықтады.

– Қазақ елі тәуелсіздік алып, өз Конституциямызды қабыл­даға­нымызға биыл 26 жыл толып отыр. Ата Заң біздің мемлекетіміз бен оның азаматтарына мінсіз қызмет етіп келеді. Осы жылдар ішінде заңның, адамның құқығы мен бостандығының берік кепілі – еліміздің Президентінің бастамасы бойынша Конституцияға екі мәрте өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Бұл Конституцияның біздің өміріміздің барлық қыр­ларына тереңірек бойлай және әрі қарай дамуға ықпал ете отырып, жас Қазақстанмен бірге өсіп- өркендеп келе жатқанын білдіреді, – деді ол.

Кездесу барысында облыстық мемлекеттік архивінің палеографы Әсел Байменова «Ата заң – алтын тұғырымыз» тақырыбында баяндама оқыды. Сондай-ақ, облыстық жоғары медициналық колледжінің тарих пәні оқытушысы Эльмира Нұрпейісова еліміздегі ең алғашқы Конституцияның негізін қалаушы – Қорқыт атадан бастап, тарихқа шолу жасап, Қасым ханның «Қасқа жолы», Есім ханның «Ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» туралы, 1995 жылғы 30 тамызда өткізілген бүкілхалықтық референдум нәти­жесінде қабылданған Қазақстанның жаңа Конституциясына дейінгі тарихына тоқталды. Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінің тарих пәнінің оқытушысы Гүл­шат Қосжанова Ата заңның ел өміріндегі орны өлшеусіз екен­дігін, оның құрылымы, атқаратын қызметтері туралы айтты.

Іс-шара соңында қатысушылар консти­туциялық құндылықтар, Қа­зақ­станның заңна­масы және олар­ды жүзеге асыру жолдары төңіре­гіндегі құқықтық мәселе­лерге тоқталып, өзара пікір алмасты.

Б.Сағындықұлы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<