Мақсарыдан түсім қандай?

1109

0

Өңірде су тапшылығына байланысты егінді әртараптандыруға айрықша көңіл бөлінуде. Диқандар дәстүрлі күріш дақылын азайтып, майлы және мал азығы дақылдарына басымдық бере бастады.

Көктемде жаңақорғандық «Пазыл­бек қажы» шаруа қожалығының төр­а­­­ғасы Ғалымжан Орынбасаров егінді әр­тараптандыруға көшіп, мақсары егуді бастаған болатын. Бұл туралы газет бетінде «Мақсарыға мән берілді» атты мақала жарияланды.

Күз келді. Шаруалар тағы да қызу еңбек үстінде. Шаруашылық басшысы 500 гектарға егілген мақсары дәнін жинап алғанын айтты. Барлығы 300 тонна өнім алынып, оны Шымкент қаласындағы май зауытына өткізген. Келісі 150-170 теңгеден саудаланыпты. Қазір қоймада тұқымдыққа 4-5 тонна  ғана қалған. Диқанның айтуынша, тұқым сапасы нашарлау шығыпты. Ол тұқымды Орал мен Арқалықтан алдырған болатын. Ал, жергілікті бірқатар шаруа «Талап 10» сортын егіп, мол өнімге қол жеткізген.

– Биыл мақсары егіп көрдім. Алдын ала зерттеу жұмыстарын да жүргіздім. Әлі де жұмыс істелуі керек. Тұқым кеш себілді. Сәуір айында. Кемі 10 күн уақыт кетті. Ауа райының қолайсыздығы тағы бар. Бірақ мақсары суыққа да төзімді екен. Ол сортына байланысты. Алдағы көктемде ес­керетін жағдайлар жетерлік. Бәрін ширатып іске асыратын болсақ, нәти­жесін беретініне сенімдімін. Келер жылы тұқым ақпан айында себіледі. Сонымен қатар сапалы тұ­қым алмақпын. Көктемде жергілікті шаруалар еккен тұқымды таба ал­мадым. Сондықтан биыл Оңтүстік Қазақстан және Алматы қаласындағы «Агропарк»-тен алуды көздеп отыр­мын. Қысқасы, мақсарының  тәуір тұқымын табу қиын болды, – дейді ол.

Қожалық төрағасы тағы бір мәселеге тоқталды. Бұл жердің құнарсыздығы. 

– Біздегі жерлердің басым бөлігі құнарсыз. Құрамында элементтер аз мөлшерде.  Топырақта кездесетін азот, калий, фосфор төмен. Сондықтан тыңайтқыштарды күзде және дәнмен бірге  шашпақпын. Сонымен қатар мақсарыны суармалы жерлерге де егу жоспарда бар, – дейді Ғ.Орынбасаров.

Ғалымжанның тізбектеп берген мәселесі келер жылы ескеріліп, тәуір тұқым алынып, жерді тыңайтып қолданса дақыл өңірге тез жерсініп жемісін беретініне сенімді. Бұдан бөлек, ол мемлекет тарапынан өт­кізілген өнімге субсидия берілетініне риза. Мәселен, ауыл шаруашылығы ми­нистрлігі мақсарыны қайта өңдеуге назар аударып отыр. Бұған дейін мақсары еккен шаруаларға ғана субсидия ұсынылса, енді май шығаратын зауытқа өткізілетін  ши­кізатқа да демеу қаржы берілмек екен.  Бұл – диқан үшін қуанарлық жағдай.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезекті Жолдауында ауыл шаруашылығының әлеуеті орасан  зор екені айтылды. Шаруаларға берілетін субсидия тәсілдерін қайта қарап, тұрақтандыру керектігі де назарға алынды. Бұл, шын мәнінде, саланы аяққа тұрғызуға септеседі.

Жалпы, елімізде мақсары дақылы аз егіледі. Басым бөлігі Түркістан облысына тиесілі. Оңтүстіктік шаруалар мақсарыны шикізат күйінде Қытайға өткізуде. Бағасы да арзан саудаланып жатыр. Өзімізде өскен мақсарыны сыртқа шығармас үшін алдымен шикізатты өңдейтін кәсіпорындарды ашу керек. Сонда ғана дайын өнім ретінде өзге елдерге экспорттауға болады. Бір жағынан шаруаның  еңбегі де ақталар еді. Бұл, әрине, мамандардың пікірі.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<