Тәуелсіздіктің тартуы көп

509

0

Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз. Бұл күнге сан ғасыр бойы армандап жеттік. Еліміз әлемнің өркениетті мемлекеттер қатарына қосылды. 30 жыл ішінде Тәуелсіз Қазақ елін қалыптастырып, нарықтың қиын өткелдерінен аман өтіп келеміз.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Назарбаевтың стратегиялық бастамалары, болашақты болжай білетін көрегендігі, сарабдал саясаткерлігі арқасында көпұлтты мемлекетіміз дамудың даңғыл жолына түсті. Бүгінде Қазақстан бірлік пен қоғамдық келісімнің алтын бесігіне айналды. Еліміздегі татулық пен ынтымақтың бірегей үлгісін жаһан жұртшылығы зерделеп, «Қазақстандық жол» және «Н.Назарбаев моделі» деп баға берді. Елі аман, жұрты тыныш елде қарапайым халыққа өз тіршілігімен,  бала-шағасының, әулетінің кемел келешегі үшін кәсіпкерлікпен айналысуына барлық жағдайлар жасалған. Мемлекет тарапынан жеңілдетілген несиелер, шаруаны қолдауға субсидиялар беріліп, салық саясаты оңтайландырылды.

Сондай мемлекеттік қолдауды  пайдаланып жүрген кәсіпкерлердің бірімін. 1979 жылы жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін, өз мамандығым бойынша халық шаруашылығының түрлі саласында қызмет жасадым. 1996 жылдан бастап кәсіпкерлікке бет бұрып, «Наурыз» ЖШС-ін құрдым. Алайда, ұсақ сауда-саттықпен ұзаққа бара алмайтынымызды ескеріп, 1999 жылдан бастап, өндіріспен айналысуды қолға алдым. Егін және мал шаруашылығы өнімдерімен айналысатын «Сыр Маржаны» ЖШС негізі қаланды. Серіктестік күріш егумен айналысады, қосымша гидротехникалық құрылыс жұмыстарын жасайды. Қазір экономикалық даму сатысында. Өндірісті әртараптандыру қолға алынған. Тек күріш емес, суды аз қажет ететін дақылдарды егуге бетбұрыс жасалды. Шаруашылықта барлығы 4000 гектар егін егілсе, 2000 гектары – күріш, қалғаны – малазығындық дақылдар. Сонымен бірге, «Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін арттыру» жобасы аясында серіктестік 3000 басқа арналған мал бордақылау кешенін іске қосып, асыл тұқымды бұқашықтарды бордақылауды жолға қоюда.

Ет кластерін жасау мақсатында Қызылорда қаласының Талсуат елді мекенінен ет комбинатын салу қолға алынып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Мал тұқымын асылдандыру үшін Чехия Республикасынан ет бағытындағы «Ангус» текті ірі қара әкелініп, өз төлінен өсіру ұйымдастырылуда. Шаруашылық Көларық ауылдық округінде орналасқандықтан, Ақтан батыр ауылының тұрғындарын жұмыспен қамтиды.  Сонымен бірге, Жанкент, Жанқожа батыр ауылдарының тұрғындарын жұмысқа тартуда. Серіктестікте барлығы 155-160 адам жұмыс жасайды.

Қазалы аудандық мәслихатының III-IV-V, облыстық мәслихаттың VI-VII шақырылым­дарының депутаты ретінде ел-халықтың талап-тілектерінің орындалуына «Nur Otan» партиясының мүшесі ретінде атсалысудамын.

Тәуелсіздіктің мәні де, маңызы да айрықша. Біз Тәуелсіздіктің арқасында бүгінгі берекелі күнге жеттік, халыққа қызмет етуге мүмкіндік алдық. Ендігі міндет – қолда барды ұқсатып, дамытып, елдің игілігі үшін еңбек ету.

Мінәжадин ӨТЕЕВ,

«Сыр Маржаны» ЖШС директоры, облыстық мәслихат депутаты

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<