Жосалының Жақсыбайы

871

0

Әсілінде адамзат баласы туған жерімен тығыз байланыста болады. Бұл әркімнің тұлға болып жетілуіне септігін тигізеді. Жақсыбай Жәкеев еңбегімен ер атанып, туған жерін түлетуде өшпес еңбек сіңірген. Оның жетекшілігімен талай толымды бастама іске қосылды. Жақсыбай ағаны қашан көрсең де қоғамдық істердің ұйтқысы болып жүреді. Жасым келді деп жайбарақат қол қусырып отырған ол жоқ.

Жосалы кентінің әкімі болған тұста да жұмыстың басы-қасында өзі жүретінін жергілікті тұрғындар әлі күнге ризашылықпен айтады. Одан кейін кент ардагерлер кеңесінің төрағасы болған кезде де қазыналы қарттардың мұң-мұқтажын жоғары орындарға жеткізіп, оңтайлы шешілуіне ықпалын тигізгенін мұқым ел мойындайды. Бұл – қоғамды алға сүйреген тұлғаның боямасыз болмысы.

Жақсыбай Малбағарұлы жасаған игілікті істердің бір парасына тоқталып өтсек. Ол – қасиетті өлкенің ажарына сән қосып тұрған 600 орындық аудандық мәдениет үйі, орталық аудандық аурухана, 18 пәтерлі 4 үй, 1164 орындық О.Шораяқұлы атындағы №30 және №27 орта мектеп құрылыстарында қолтаңбасы қалған құрылысшы. «ПМК-1062», мұнай саласының мекемесінде бас инженер болып тұрғанда Т.Көмекбаев атындағы кеңшарда монша, Ақжар ауылында ірі қара кешені, Қармақшы кеңшарындағы 50 орындық балабақша, Жосалы мехзауытының жылу қазандығы сияқты ірі-ірі ғимараттар пайдалануға берілген болатын.

Тағы бір атап өтерлігі, ауданда қызмет жасаған жылдары көркейту-көгалдандыру жұмыстарының сапалы орындалғаны үшін үш мәрте облыстың, екі мәрте республиканың туын жеңіп алғаны Жәкеңнің тынымсыз атқарған жұмысының жемісі еді. Осындай еселі еңбегі жоғары бағаланып, 1970 жылы құрылыс прорабы болып жоғарылатылды. 1971 жылы аудандық партия комитеті оны аудандық сәулет бөлімінің меңгерушісі етіп тағайындады. Бұл жұмыстарда да Жақсыбай Жакеев жауапкершілік жүгін сезініп, күрделі құрылыс саласына да үлесін қосты. 1973 жылы аудандық коммуналдық шаруашылық мекемесінің бастығы болып, халықты ауызсумен қамтамасыз ету үшін көшелерге жалпы ұзындығы 18 шақырым болатын су құбырын жүргізуге бастамашы болды. Кенттің орталық көшелері асфальтталып, көпшілігіне тас төселді. 3 скважина қазылып, су соратын станса салынды. Көшелерге жарық жүргізілді. Бұл бір қарағанда жеңіл болып көрінгенімен, қаншама еңбек жатыр.

Жәкеңнің тұлға болып қалыптасуы сонау жастық шағында айқын аңғарылған еді. Оған өзі оқыған оқу ордасында жұмысқа қалу жөнінде ұсыныс айтылды. Шымкент қаласындағы химия-технологиялық институтын құрылысшы мамандығы бойынша тәмамдаған жас жігітті институт басшылығы оқытушы етіп қалдыруға шешім қабылдайды. «Темір бетонды конструкциялау», «Материалдар кедергісі» (сопромат), «Теориялық механика» (теормех) деп аталатын сабақтарды жүргізу үшін жас маманға жүктеме де беріп қойған. Алайда Жақсыбай Малбағарұлы өзі туған Жосалы кентіне келіп, туған ауылын түлетуді мақсат етті. Сол ізгі арманына жеткеніне өзі де іштей қанаттанып отырады.

Жәкеңнің саналы ғұмырында ерекше орын алатын сәттерінің бірі де, бірегейі –  түркі әлемінің абызы саналған Қорқыт ата ескерткішінің орнын белгілеуі. Сол бір тарихи сәт туралы Жәкең былайша сөз өрбітті.

– Бірде Нағымет Егізбаев, Әбдіраш Мұғалов, Әуелбек Қоңыратбаев, облыстық мемлекеттік ескерткіштерді қорғау бөлімінің басшысы Жақсыбай Құлымбетовпен бірге Қорқыт атаның басына бардық. Сол жерде «Дария жағасына, осы жерге дейін Жосалыдан жол салу керек, Қорқытқа ескерткіш қою қажет» деген әңгіме басталды. Содан үлкен жолдың бойынан өткен жолаушылар бабаға зиярат етіп, құран оқып өтеді. Керемет іс болғалы тұр.

– Ескерткішті теміржол мен тас жолдың арасына, ана бір төбелердің бірінің үстіне неге қоймаймыз? – дегенім сол еді. 

– Мына баланың айтып тұрғаны дұрыс, барып көрейік, – деді профессор Әуелбек Қоңыратбаев.

Содан көлікке отырып, арғы бетке өттік. Қазіргі Қорқыт бабаның кесенесі тұрған жерге қазық қағылды. Артынша аудандық атқару комитетінің төрағасы Нажмаддин Ысқақов шешім шығарды. Алматыдан архитекторлар Бек Ыбыраев пен Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков шақырылды. Кесенеге қаралған арнайы қаржы жоқ. Аупарткомның бірінші хатшысы Елеу Көшербаев ағамыздың тапсырмасымен «ПМК-30», «ПМК-83», «ПМК-1602», құрылыс мекемелерінің асарлату әдісімен кесене салынды, – дейді ол.

Жәкең биыл 75 жасқа толғалы отыр. Жұбайы Рауабану – медицина саласының ардагері. Екеуі – 3 баладан тараған немерелердің қызығына бөленіп отырған қазыналы қариялар. Балаларының барлығы – өз саласының майталман мамандары. Қос қарияның тілегі – егемен еліміздің берекесі мен тыныштығы.

Туған елінің өркендеуі мен көркеюіне үлес қосқан оның ғұмырнамасы – кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Ол әлі күнге дейін Сыр өңірінің кемел келешегі жолында жүйелі жұмыстар жасап келеді.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

журналист

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<