Бірыңғай ұлттық база құрылады

411

0

Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында жер кодексі бойынша шетелдік тұлғаларға ауыл шаруашылығы жері берілмейтіні айтылды. Сондай-ақ, тұрғындардың қосалқы шаруашылығындағы мал басын жайылыммен қамтамасыз ету және жем-шөп дайындауға керекті жер көлемін ұлғайтуға басымдық беруді тапсырды.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Медет Усаин қуаншылыққа байланысты атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

– Ел Президенті белгілеген бағыттағы мақсаттарға жету үшін қала және аудан әкімдері уәкілетті органдармен бірлесе отырып, бірнеше бағытта шаралар жүргізілуде. Атап айтсақ, орталық уәкілетті органдар «Жеке қосалқы шаруашылық туралы» Заң жобасын әзірледі. Сондай-ақ, елді мекендер маңындағы жайылымдар мен шабындықтардың сапалық жағдайы сарапталып, оларды суландыру және қалпына келтіру ұйымдастырылмақ. Бұл ретте, әр ауылдағы жайылымдарды жақсартудың жолдары қарастырылды.

Кейінгі жылдары су тапшылығына байланысты жарамсыз шабындықтарды суландыру мүмкіндіктері қарастырылуда. Осы орайда, пайдаланылмай отырған жайылымдарды анықтау мен ол учаскелерді мемлекет меншігіне қайтарып алу жұмыстары жалғасын табады, – деді ол.

Мемлекет басшысы Жол­дауда жер саласындағы ашықтық пен жер-кадастрлық ақпараттарға қолжетімділікті қамтамасыз ету керектігін айтқан еді. Жүктелген міндет бойынша жер қоры және жылжымайтын мүлік нысандары туралы деректердің бірыңғай ұлттық базасын құру тапсырылды.

– Нақты кезеңде Президент тапсырмасына сәйкес, жер қатынастары саласын цифрландыру мәселесі бойынша Үкімет арнайы заң жобасын әзірлеуде. Бүгінде Ауыл шаруашылығы министрлігінің арнайы «Qoldau.kz» сайтында әр шаруашылықтың жер көлемі мен мал басы саны туралы ақпараттар қоры жинақталған. Онда жайылым алқаптарын пайдаланбай отырған шаруашылық атауы мен жайылым жүктемесінің сақталуы туралы ақпараттар жергілікті әкімдік пен уәкілетті органға ұсынылуда. Ұсынылған учаске саны – 1848. Әрі қарай, шаруашылықтарға ескертулер беріліп, нәтиже болмаған жағдайда учаскесі қайтарылып алынады. Бұған қоса, пайдаланбаған учаскеге салық нормасын 10 еселенген көлемде төлеу міндеттеледі, – деді басқарма басшысы.

Облыста өңірлік геоақпараттық жүйесін құру бағытында 2021-2022 жылдарға арналған іргелес елді мекендер мен ауылдық округтердің жер учаскелеріне түгендеу жұмыстары жалғасуда. Айта кетейік, түгендеу барысында бірқатар мәселелер қамтылатын болады.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<