Алғашқы прокурор

606

0

Теңізді өлкеде тұншығып жатқан шындық көп. Өңірдің түрлі саласына қатысты көп тарихтың көмбе астында жатқаны жасырын емес. Оған себеп те көп. Қат-қабат уақыт ішінде аттары жазулы қалған қайраткер дара тұлғалардың да өмір жолы көмескі тартып барады. Кейінгі ұрпаққа олар жайлы дерек мәлімсіз. Ал біз алға басқан қадамымыз нық болуы үшін өткен күннің шежіресі барынша қағазда қатталғанын дұрыс көреміз.

Осыдан екі жыл бұрын Арал қаласында тұратын еңбек ардагері, балық шаруашылығының майталман қызметкерлерінің бірі Данияр Қосмамбетов бір кездескенімізде:

– Әй, журналист бала, Арал өңірі өз алдына алғаш аудан болып құрылғанда оның тұңғыш прокуроры кім болғанын білесің бе? – деп қадай сұрағаны бар.

Әрине, арғы тарихқа тартқан осы сөздің өзі-ақ біздің кәсіби қызығушылығымызға түрткі болды. Ағамыздың жанында отырып ауданның тарихында есімі жазылып қалуға тиісті заң қызметкері Жұбаназар Мықтыбаев туралы әрі-беріден қозғап ежіктей сұрағанымыз бар. Біраз өмірбаяндық мәліметіне қаныққанбыз.

Данияр аға жасы сексенге келсе де қимыл-қозғалысы ширақ, ойы сара, сөзі нық кісі. Әңгімені сала-саласымен айтады. Сол ширақтығынан да болар, жер-жерге, еліміздің әр түкпіріндегі ұрпақтарына сұрау салып, Жұбаназар Мықтыбаев туралы мәліметтерді барынша жинаған екен. Осы білген мол дерегімізді арқау етіп, қайраткердің өмірбаяндық, қызметтік жолын негіздеп, Аралдағы алғашқы заңгер туралы жазу көптен ойда жүрген.

Шіліңгер шілденің бір сәтті күні орайы келіп қарт ардагермен өз шаңырағында тағы да кездестік. Бұл жолы Данияр аға ондаған бет болатын архив материалдарының көшірмесін алдыма жайып тастап, қайталанбас қайраткер тұлға туралы әңгімені әріден қозғап, өрбітіп алып кетті.

– Біз Жұбаназар Ерімбетұлымен шежіре таратып, қуалай келсек, туыспыз. Ол кісі 1890 жылы Сырдария облысы Қазалы уезі, Қаракөл болысының жетінші ауылында кедей шаруаның отбасында туған. Әкесі Ерімбеттен бір жасқа жетпей айырылады. Екі баламен жесір қалған шешесі енді Қазалы қаласына қоныс аударып, сонда Девишев деген көпестің жүн жуу, тазарту сияқты шағын өндірісінде қара жұмыс істейді. Төлеген деген жұмысшыға тұрмысқа шығады. Кейін өгей әкесі мен шешесі қазалылық Филинов, Егоров дегендердің егін шаруашылығында жұмыс істейді.

Кішкентайынан көзін еңбекпен тырмалап ашқан елгезек, зерек бала 1904-1909 жылдар арасында Қазалыдағы 3 сыныпты орыс-түзем мектебінде оқып, сол уақыттың көлемімен қарағанда біршама тиянақты білім алды. Мектеп бітірген жылы өгей әкесі Төлеген қайтыс болып, бозбала Жұбаназар біржолата еңбекке араласты.

Ол Қазалы уезіне қарайтын Арал теңізі поселкесіндегі Рзаевтың наубайханасында қарапайым нан сатушы болып бір жыл істеді. Кейін Қазалыға қайта оралып, нотариустың жанында құжат таратушы болып алғашқы заң саласындағы еңбегін бастайды.

– Данияр аға, партиялық құжаттарында Жұбаназар Мықтыбаев өзінің қазақ тілімен қатар, орыс және өзбек тілдерін өте жақсы білетіндігін жазғанын көріп отырмын, – дедім мен құжаттарға көз жүгіртіп отырып.

– Мұның дұрыс, бұлай болатын себебі бар. Жұбаназардың әуелгі біраз жылғы қызметі өзбек жерінде жалғасын тапқан. 1912 жылы сол замандағы ірі шаһар Ташкентке барған Жұбаназар әуелде әртүрлі қара жұмыстарды атқарып жүрсе де, кейін білім, білігіне орай заң саласына ауысады. 1914-1917 жылдары Ферғана облысының Әндіжан қаласында бітімшілік сотының іс жүргізушісі және жалдамалы аудармашысы болған. Кейін Әндіжан қалалық халық сотының төрағасына дейін көтеріледі. Сонан соң осы қаланың жер бөлімінде заңгер болып кеңестік заманның алғашқы кезеңдерінде де біршама тер төккен. Заң қызметкері ретінде қарапайым жұрт алдында адалдығын, әділеттілігін көрсетіп, халықтың сый-құрметіне де бөленген екен. Ол өзбек тілінде де жақсы сөйлеген.

– Қазалыға оралып, осы салада қызметін жалғастырғанын мына архив материалдары айтып тұр, – дедім мен де құжаттарды ақтарыстырып.

– Иә, солай, ол кезде партия-кеңес қызметкері болсын, заң адамы болсын жоғарғы органдар қайда жібереді, сол жерге құлақ қақпай баруға тиіс болатынсың. Мұны алдыңдағы анкетадан білуге болады. Сол қатаң үрдіске байланысты Жұбаназардың кейінгі бүкіл қызметтік баспалдақтары тасқа басқандай жазылып тұр ғой. Ол көп жерде қызмет еткен, – деп Данияр аға құжаттарды толық күйінде алдыма ысырды.

Тәжірибелі заң қызметкері Жұбаназар Мықтыбаев 1920 жылы туған жері Қазалыға оралып, қалалық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінде, кейін қалалық милиция бастығының көмекшісі болып қызметтер атқарған. 1921-1922 жылдардағы ой мен қырды қамтыған ел ішіндегі аштықта осы өңірдегі ашыққандарға көмек ретінде құрылған азық-түлік инспекциясында инспектор болып қызмет етіпті. Орта Азиядағы қарақалпақ жеріне қарай босқан елді атақоныстарына қайтарып, оларға тиісті тамақ-суын бергізуде көп күш жұмсаған.

1924 жылы халқы тез көбейе бастаған Арал теңізі поселкесіне келіп, осында құрылған халық сотының судьясы қызметін екі жыл атқарып, аласапыран заманның әділдікке бет бұруына үлес қосады. 1928-1930 жылдары теңіз жағасындағы поселкедегі алғашқы «Шаруа» артелінде төрағаның орынбасары қызметін атқарған. Мұнан соң 1930-1932 жылдары Тереңөзек, Қармақшы поселкелерінде, прокуратура саласында қызмет еткен.

30-жылдары өндіріс ретінде дамып, Арал балық тресінің маңыздылығы артты. Кәсіпорынның өсуіне байланысты білікті де сауатты маман Арал қаласына қайта шақырылып, осындағы ірі өндіріс орны – Арал мемлекеттік балық тресінде өндіріс директорының орынбасары, кадр бөлімі бастығының орынбасары қызметтерін атқарып, іскерлігімен көзге түсті. Білімі де, тәжірибесі де жеткілікті, өмірде ысылған маманды аудандық партия комитеті штаттағы насихатшы ретінде ел ішінде, халық ішінде үгіт-насихаттарын жүргізуге сенім артып отырды.

1938 жылы Арал ауданы Ақтөбе облысынан бөлініп, қайта құрылған Қызылорда облысына қарағанда белгілі заңгер Жұбаназар Мықтыбаев аудандық прокурор қызметіне шақырылады. Осында қоғамдық, мемлекеттік мүліктің сақталуын қадағалауда, өндірісте, халық ішінде заңдылықтардың орнығуына барынша қызмет еткен. Бұл жайында оған берілген партиялық мінездемелерде «Мықтыбаев жолдас партия тұрмысы мен колхоздардың экономикасын, сондай-ақ кадрларды таңдауда, оларды жоғарыға ұсынуда жақсы жағынан көрсетеді» деп жан-жақты жазылыпты. Ауданның шаруашылықтарының даму экономикасын жақсы білетін, түрлі салада қалтықсыз қызмет еткен Жұбаназар Ерімбетұлының іскерлік қабілеттеріне әділ баға беріліпті.

Өмірінің кейінгі жылдары заң саласының бір саңлағы Жұбаназар Ерімбетұлы Арал қаласындағы балық шаруашылығына қатысты мекемелерде түрлі қызмет атқарған.

1967 жылы өмірден өткен Жұбаназардың балалары да айбынды әке жүріп өткен жолға сай лайықты қызмет еткенін көреміз. Садық есімді ұлы Арал аудандық әскери комиссариатта бөлім басшысы болса, дәрігерлік жоғары мамандығын алған қызы Зейнеп Арал аудандық денсаулық бөлімінің меңгерушісі болып, өңірде медицина кадрларының көбеюіне, денсаулық сақтау саласының кемелденуіне, халық денсаулығын қадағалаудағы қызметімен көзге түскен. Ал кіші ұлы Ілияс Аралдағы Обаға қарсы күресу стансасы зоология бөлімінің бастығы қызметін атқарған.

Ұзақ жылдар Арал өңірінде түрлі салада, соның ішінде заң қызметкері ретінде аудандық сот пен прокуратурада өзінің айшықты өшпес ізін қалдырған аса бір тұлғалы мемлекетшіл азаматтың бірегейі – Жұбаназар Мықтыбаевтың кейінгі ұрпаққа өнеге болатын жайсаң ғұмырының шағын баяны осындай.

Ерғали АБДУЛЛА,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Арал қаласы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<