Мәуелі маусымдағы мереке салтанаты

558

0

Күз – молшылық пен береке мезгілі. Көктемнен ала жаздай егін даласында тынбай еңбек еткен диқан қауымының төккен терден несібе теретін шағы. Жер-Ананың сол берген ырзығын төкпей-шашпай жинап алу – басты мақсат. Бұл күні дала төсінде дүбірлеген еңбек саябырсып, қамбаға алтын астық жиналып бітті. Биыл шаруалар үшін оңай болған жоқ. Су тапшылығына қарамастан диқандар табандылық танытты. Дәстүрге сай қоңыр күзде дала еңбеккерлеріне арналып «Алтын дән» мерекесі өтеді. Бұл – егіннің ебін, түліктің тегін танитын шаруа қауымының жетістігін әйгілейтін күн.

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен күзгі егін науқаны жұмыстарын қорытындылайтын «Алтын дән – 2021» мерекелік шарасы өтті.

Салтанатты жиынға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы, ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитеті төрағасының орынбасары Гүлжахан Бимендина, қала, аудан әкімдері, «Қазақстан Фермерлер Қауымдастығы» қоғамдық ұйымының Қызылорда филиалының төрағасы Өмірхан Пашкенов, сала үздіктері және онлайн форматта 250-ге жуық шаруашылық өкіл қатысты.

Аймақ басшысы өтпелі қиындықтарға қарамастан, ел қамбасын астыққа толтырып, мол өнім алуда қажырлы еңбек еткен шаруашылық өкілдеріне алғыс айтып,  ілтипат білдірді.

– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ең сенімді валюта – азық-түлік» деген сөзі бар. Уақыт өткен сайын ауыл шаруашылығының ел экономикасындағы мәні мен маңызы артып келеді. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында облыс диқандарының биылғы вегетация кезінде су тапшылығына және басқа да қиындықтың бәрін еңсере отырып, аянбай еткен еңбектерінің арқасында 500 мың тоннаға жуық Сыр күріші ел қамбасына құйылды. Биылғы  маусым-шілде айларындағы ауа райының ыстығына, суармалы судың тапшылығына қарамастан, маңдай терін төгіп, адал еңбектің үлгісін көрсеткен диқандарымызға қандай мадақ айтсақ та жарасады. Өздеріңізге барша Сыр жұртшылығы атынан алғысымды білдіремін! Былтыр өңірде 143,6 млрд теңгенің ауылшаруашылық өнімі өндірілсе, биылғы 9 айда 118,5 млрд теңгеге жетіп, өсім 2,4 пайызды құрады. Тамақ өнімдерін өңдеу көлемі 41 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 12,5 % -ті құрады, – деді облыс әкімі.

Кейінгі жылдары егінді әртараптандыруда жүйелі шаралар атқарылуда. Жалпы егін көлемі 5 жылда 6,9 мың гектарға ұлғайып, әртараптандыру бағытында малазықтық дақылдар 6,3 мың гектарға, картоп, көкөніс, бақша дақылдары 1,7 мың гектарға, ал, күріштен басқа дәнді дақылдар көлемі 6,4 мың гектарға көбейген.

– Жоғарыда айтып өткенімдей, жылдан жылға Сырдария өзенінен түсетін су көлемі азаюда. Аймақтағы топырақтың тұздылығын ескере отырып, біз күріштен бас тарта алмаймыз. Дегенмен, суды көп қажет ететін күріш көлемі өткен жылдан 6 мың гектарға азайтылды. Оның орнына әртараптандыру бағытындағы дақылдардың көлемі 9,8 мың гектарға дейін жетті. Осындай қиыншылықтарға қарамастан Сыр диқандары биыл әр гектардан орташа есеппен 59,8 центнерден өнім алып отыр, – деді облыс басшысы.

Сонымен қатар ауыл экономикасының негізгі резервінің бірі – мал шаруашылығы да тұрақты дамып келе жатқаны айрықша атап өтілді.

Есепті кезеңде мүйізді ірі қара 8,2, жылқы 14,2, түйе 8,1, уақ мал 6,6%-ке көбейіп, ет өндірісі 2,4, сүт өндірісі 2,3, жұмыртқа өндіру 3,1%-ке артқан.

Бүгінде құны 20,6 млн АҚШ долларын (61,0 мың тонна) құрайтын өңірдің ауыл шаруашылығы тауарлары 15 мемлекеттің сұранысын қамтамасыз етуде. Биыл облыстан Германия, Нидерланды мемлекеттеріне 886 тонна қамыс, Австрия, Литва, Польша, Грузия, Нидерланды, Украина, Германия мемлекеттеріне 1780 тонна балық, Әзербайжан, Моңғолия, Тәжікстан, Украина, Өзбекстан, Ирак елдеріне 58237 тонна күріш өнімі жөнелтілген.

Облыс әкімі Сырдария өзенінің жағдайына арнайы тоқталды.

– Барлығыңыздың, әсіресе шаруалардың көкейінде  су мәселесі бар екенін жақсы білемін. «Шардара» су қоймасындағы судың аз болуына байланысты,  Сырдария өзенінің төменгі ағысына жіберіліп жатқан су азайып, биылғы 8 қыркүйектен 18 қазанға дейін секундына 30 текше метр су жіберіліп келді. Ал, 18 қазаннан бастап су көлемі 20 текше метрге артып, қазір секундына 50 текше метр жіберілуде. Біз Үкіметпен бірге тиісті жұмыстар жасаудамыз. Су нысандарының жағдайын жақсарту үшін «Жасыл Қазақстан» Ұлттық жобасына үлкен үміт артылуда. Ұлттық жобаға 122 млрд теңгені құрайтын облыстан  237 жоба енгізілуде. Бүгінде «Қызылорда», «Әйтек» су торабтарына жөндеу және «Ирригация және дренаж жүйелерін жетілдіру» жобасы аясында 2019 жылдан бері 15 мың гектар суармалы жерлерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. 2023 жылға дейін коммуналдық меншіктегі 192 су шаруашылығы нысандарын тазалау және жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылатын болады. Сондай-ақ, Қызылорда облысы бойынша 775 млн текше метр су жинайтын «Қараөзек» арнасындағы су қоймасын салу ісі де басталады,  – деді облыс әкімі.

Мерекелік шарада мезгілдің сан құбылысына қарамастан аянбай еңбек етіп, ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше үлес қосқан озаттар марапатталды. Атап айтқанда, Жалағаш ауданынан «Мәдениет» ШҚ төрағасы Ақділда Қыпшақбаев, Қызылорда қаласынан «Қызылорда Құрылыс НК» ЖШС егіс бригадирі Айдархан Қойшыбаев,  Арал ауданынан «Алмат» ШҚ төрағасы Жетес Асанбаев, Қазалы ауданынан Берік Бейсембаев, Қармақшы ауданынан «Ертілеу» ШҚ маманы Рүстембек Сәрсенбаев, Жалағаш ауданынан «Таң ЛТД» ЖШС директоры Имамзада Шағыртаев, Қармақшыдан «Ақтөбе и К» ЖШС директоры Нұрлан Іздібаев, Сырдария ауданынан «Мәді Қажы» ЖШС директоры Сейіткамал Сұлтанов және басқа да сала үздіктері құрметке бөленді.

«Үздік аудан» номинациясына Қармақшы ауданы лайық деп танылса, егін шаруашылығы бойынша Шиелі ауданы,  мал шаруашылығы бойынша Жаңақорған,  өңдеу саласы бойынша Қазалы ауданы «Озат аудан» атанды.

Айта кетейік, «Үздік аудан» атанған Қармақшыда биылғы 9 айда жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 12,1 млрд теңгені құрап, былтырмен салыстырғанда 5,1 процентке артқан. Оның ішінде егін шаруашылығы өнімі 6,3 процентке, мал шаруашылығы өнімі 3,2 процентке көбейген. Күріштің әр гектарынан 67 центнерден өнім алды. Басқа да ауылшаруашылығы өнімін өндіруде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген.

Егін шаруашылығы бойынша озат атанған Шиелі ауданы егінді әртараптандыруда жоғары көрсеткішке ие. Негізгі дақыл – күріштің әр гектарынан 55 центнерден өнім жинады. Сонымен бірге жоңышқа, көкөніс, картоп, бақша дақылдарының көлемін ұлғайтып, мол өнім алған. 9 ай қорытындысымен егін шаруашылығы өнімінің көлемі 3,1 процентке артқан.

Жаңақорған ауданында мал шаруашылығы дамып келеді. Былтыр осы кезеңмен салыстырғанда мүйізді ірі қара 9,2, қой мен ешкі 6,9, жылқы 20,8, түйе 22,4 процентке көбейген. Мал шаруашылығы өнімінің көлемі де 2 процентке артты. Жалпы, облыстағы төрт түлік мал басының 30 проценті осы ауданның үлесінде.

Өңдеу саласы бойынша Қазалы ауданы озық тұр. Жыл басынан бері 6 млрд 220 млн теңгенің тамақ өнімі өңделіп, былтырмен салыстырғанда 7,3 процентке артқан. Атап айтқанда, жыл сайын күріш, ет, сүт, балық өңдеу көлемі ұлғайып келеді.

Салтанатты жиында ауыл шаруашылығы саласындағы серпінді істерді ақпараттандыруда белсенділік танытқан «Qyzylorda» телеарнасының сарапшы-редакторы  Елжас Әбділда мен «Сыр бойы» газетінің бөлім басшысы Ержан Қожас марапат иеленді.

Айнұр Батталова,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<