Біз – өмірдің гүліміз

539

0

Бейсенбіде облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Жастар ресурстық орталығында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған «Біз – өмірдің гүліміз» атты мерекелік шарада ерекше күтімді қажет ететін балалармен жүздесті. Оған өңірдегі әнші, биші, спорттық жарыстарда алдыңғы қатарда жүрген өрендер қатысты.

Алдымен аймақ басшысы олардың қолымен жасалған бұйымдар көрмесін тамашалады. Мүмкіндігі шектеулі жандарға мемлекет тарапынан қажетті іс-шаралар жүзеге асып жатқанын атап өтті.

– Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен әлеуметтік бағытта көптеген жоба жүзеге асты. Мемлекет тарапынан барлық қажетті заңдар және нормативті-құқықтық актілер қабылданды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі заң қабылдады. Заң шеңберінде түрлі мемлекеттік қолдау шаралары және жәрдемақы көлемі айқындалған. Сіздердің өмірге деген құлшыныстарыңыз, жаңа жетістікке жетуге деген ынталарыңыз біз үшін қымбат, – деді облыс әкімі.

Жүздесу барысында «Жүрек жылуы» және «Жұлдызай» балалар шығармашылығы фестивальдарында ән және қолөнер жанрлары бойынша бірінші орын алған Мырзалы Серіков, ҚР спорт шебері, волейболдан отырып ойнаудан республикалық жарыстың жеңімпазы Әділет Ахметов, волейболдан отырып ойнаудан  ҚР спорт шебері Ерасыл Әбдібек, үстел теннисінен спорт шебері Ұлан Амангелдиев және көптеген байқауларда жүлдегер атанған Нұрбақыт Тәниева облыс әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.

Айта кету керек, мүмкіндігі шектеулі жандардың тұрмыс сапасын жақсарту бойынша өңірде ауқымды шаралар қолға алынған. Аталған бағытта 2025 жылға дейінгі іс-шаралардың Жол картасы бекітілді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<