Жылжымалы кешен ауылға барды

833

0

Ауыл тұрғындарының денсаулығын қорғау және сапалы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру бағытында елімізде бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Бұл орайда әсіресе, консультациялық-диагностикалық қызмет жолға қойылған. Оған жылжымалы медициналық кешендер (ЖМК) зор мүмкіндік беруде. Сондай мобильді медициналық кешеннің бірі Жалағаш ауданында жұмыс істейді. Мұнда жыл аяғына дейін 16300 тұрғынды қамту жоспарланған.

Осы мақсатта білікті дәрігерлерден құралған көш Ақсу ауылына барды. Елді мекенде түрлі созылмалы ауруға шалдыққан 328 адам диспансерлік есепте тұрады.

Аудандық аурухана бас дәрігері Еркебұлан Мақсұтовтың айтуынша, биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша жылжымалы медициналық кешен ауданның 14 елді мекенінде болды. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы 14 млн теңгеден астам қаржы бөлініп, игерілуде. Кешен заманауи зерттеу құрылғыларымен, сонымен қатар кардиолог, невропатолог, хирург, ЛОР, гинеколог, окулист мамандармен қамтылған. Ересектермен қатар, балалар да қамтылуда. Мәселен, 9 айда 4000-нан астам тұрғын медициналық қызмет алса, соның 300-і бала. Тексерілушілер арасында жүрек-қан тамырлары ауруына және қант диабетіне шалдыққандар көп.

Жалпы жылжымалы медициналық кешенде консультациялық-диагностикалық қызметтер көрсетуге барлық жағдай жасалған, қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған. Осының арқасында ең шалғай елді мекендердің тұрғындары ЭКГ, УДЗ аппараттарына түсіп, скринингтік тексерулерден өтеді, дәрігерлер кеңес беріп, қажет болса ауруханаға жатқызуға, жеке медициналық мекемелерде емделуге жолдама алады.

«Жылжымалы кешен келеді» дегенді естіген ауыл тұрғындары таңертең ертемен ауылдық амбулаторияға жиналған. Келушілерді алдымен терапевт дәрігер қарап, сонан соң қажеттілігіне қарай кешендегі аппараттарға түсіруде. 

Ауыл тұрғыны 60 жастағы Мәдина Қауынбаева – ІІ топ мүгедегі. Үнемі дәрігер бақылауында. Науқасына байланысты жылына екі рет міндетті тексеруден өтеді. Сондықтан жылжымалы кешеннің ауылға келгеніне қуанғанның бірі.

– Жүрегім ауырады. Мүгедектігіме байланысты үнемі дәрігер бақылауындамын. Тұрақты түрде тексеруден өтіп тұруым қажет. Көбіне сол үшін аудан орталығына баруға мәжбүрмін. Осы машина келеді дегенді естіп қуандым. Ақ халаттыларға алғысым шексіз, – дейді ол.

Досмұрат Қожағұлов та диспансерлік есепте тұрады. Ол есту қабілетінің нашарлауына байланысты тексеруден өтті. Тексеруден кейін оны емдеуге жіберді.

– Біраз жылдан бері қан қысымым жоғары, жүрек ауруымен есепте тұрамын. Орталықтан мамандар келіп, тексеріп жатыр. Техникалары жаңа, жақсы екен. Дәрігерлер де жақсы қарап жатыр. Ауылдағыларға аудан орталығына бару оңай емес, сондықтан осылай келіп, тексеріп тұрса жақсы болар еді, – дейді ол.

Жалпы, былтыр елімізде шалғай елді мекен тұрғындары үшін 100 жылжымалы медициналық кешен сатып алынған. Осылайша, бүгінде ауыл тұрғындарына 149 жылжымалы медициналық кешен қызмет көрсетуде.

–    Биылғы 9 айда жылжымалы медициналық кешен арқылы облыс тұрғындарына барлығы 80 мың қызмет көрсетілді. Олардың басым бөлігі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қаражаты есебінен. Сондықтан барлық азаматтардың МӘМС жүйесінде сақтандырылған мәртебесі болуы маңызды, – деп атап өтті  Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры филиалының бөлім басшысы Абылайхан Рахымов.

Айта кетейік, мұндай жылжымалы медициналық кешен Жалағаштан бөлек Арал, Қармақшы және Жаңақорған аудандарында да бар.

Айнұр Батталова,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<