Аман қалған кеншілер «Абай» шахтасындағы қайғылы оқиға туралы айтып берді

530

0


«Абай» шахтасында орын алған метанның кенеттен таралуы кезінде аман қалған екі кенші сол күнгі апат туралы айтып берді. Олар 6 әріптесінің өліміне қатысты көңіл айтып, дәрігерлер мен құтқарушыларға алғыс білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Элайдын Зейналов пен Жеңіс Маралбаев 7 қарашада ауруханаға жеткізілді. Екі науқас та шахталық газдан, оның ішінде метан және улы газдан жіті уланған. Әрі қарай көмек көрсету үшін жансақтау бөліміне жатқызылды. 8 қарашада реанимациядан шыққан науқастар одан әрі емдеу үшін палатаға, токсикология бөліміне ауыстырылды. Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, олардың жағдайы тұрақты. Көрсеткіш нәтижесіне қарай отырып, оларды келесі аптада үйге шығаруы мүмкін. Кеншілер қайғылы күнді түршіге еске алады.

«Біз жұмысқа келдік. Бәрі жақсы болды. Жұмысқа дайындала бастадық. Апат неліктен болғанын ешкім білмейді. Бір мезгілде дайындықпен айналысатын жігіттер: «Газ. Шығыңдар» деп айқай салды. Біз қайта бұрылып, шыға бастадық. Әрі қарай не болғанын түсінбей қалдым. Басқа ештеңе есімде жоқ. Шаң көтерілді. Жел тұрды. Құбырдан сорып шығарып жатқандай сезіндім өзімді. Мені алып шыққаны есімде. Апат орында бір сағатқа жуық жаттым. Құдайға шүкір, тірі қалдым. Қаза болғандар мәңгі есімізде қалады. Оларды есіме алған сайын жүрегім сыздайды. Бәріміз бірге иық тіресе жұмыс істедік. Ең аз білемін деген жігіттермен бес-алты жыл бірге жұмыс істедік. Ал көбісімен 15-20 жыл қызметтес болдық. Барлығы да жақсы жігіттер еді. Ешқашан ұмытпаймын. Біз қалай көмектесер едік? Қолымыздан ештеңе келмеді. Ал олардың ата-аналарына сабыр тілеймін, осы қайғыға төтеп берер жігер тілеймін. Біз шамамыз келгенше қолдау көрсетеміз», – дейді Элайдын Зейналов.

Ол сондай-ақ дәрігерлерге және барлық медициналық қызметкерлерге көрсеткен көмектері үшін алғысын білдірді. Жеңіс Маралбаев та дәрігерлер мен құтқарушыларға алғысын білдірді. «Барлық сәттер есімде жоқ. Жарқ етті. Кенеттен жарылыс сезіндім. Содан кейін түтін шықты. Шамдар шиқылдай бастады. Есімнен танып қалдым. Шахтинск бөлімшесінен келген жігіттерге рахмет. Жедел шығарып алды. Мені бірінші шығарды. Газдың иісі де, дәмі де жоқ. Бірнеше рет дем аласың, есіңнен танып қалуға сол да жеткілікті. Дәрігерлерге рахмет. Барлық ем-шараларын жасады. Күтім де жақсы болды. Шахтинск бөлімшесінен келген жігіттерге жеке алғысымды айтамын. Өте жылдам жұмыс істеді. Құтқарып алды», – дейді аман қалған екінші шахтер Жеңіс Маралбаев.

Еске сала кетейік,7 қарашада «Абай» шахтасында желдеткіш штрек кенжарында метан таралды. Апат салдарынан алты шахтер қаза тапты, тағы екеуі ауруханаға түсті. Еске салайық, 7 қарашада «АрселорМиттал Теміртау» АҚ көмір департаментінің «Абай» шахтасында метан газы тарай бастаған. Бұл уақытта шахтада 64 адам жұмыс істеп жатқан, 54-і эвакуацияланды. Апат салдарынан екі адам зардап шегіп, алты кенші қаза тапты. Зардап шеккендер ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан шахтерлердің жақындары мен туыстарына көңіл айтты. Сондай-ақ зардап шеккен азаматтардың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді. Апат салдарынан қаза болғандар мен зардап шеккендердің есімі жарияланды. ҚР ТЖМ басшысы Юрий Ильин БАҚ өкілдеріне арналған брифингіде апатқа қатысты қылмыстық іс қозғалғанын айтты. Көз жұмған 6 кенші метан газы тараған кезде құтқару құралын киіп үлгермей қалған.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<