Нақты мақсат – нақты нәтиже

485

0

Елімізде өткен үлкен саяси науқаннан кейін «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасына сәйкес «Nur Otan» партиясы жоспарлаған міндеттер іске аса бастады.  «Nur Otan» партиясының 2021-2025 жылдарға арналған Қармақшы ауданы бойынша сайлауалды бағдарламаларын іске асырудың Жол картасы бекітілді. Ол 7 бағытты қамтитын 80 іс-шарадан тұрады. Бүгінде  54 іс-шара орындалды, 26-сы орындалу үстінде.

«Экономикалық тұрақты аймақ» бағытымен ауыл тұрғындарының табысын арттыру үшін 2025 жылға дейін 267 млн теңгені құрайтын 15 жобаны іске асыру көзделуде.

Биыл 32 млн теңгеге жоспарланған жұмыстар толығымен аяқталып, Жаңажол, ІІІ Интернационал және Дауылкөл ауылдарында жем шығаратын цехтар пайдалануға берілді. Осы жылы 1611 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланса, ол 138,5 пайызға орындалып, 2231 жаңа жұмыс орны ашылды.

Аудандағы ірі жобаның бірі – Ақтөбе ауылындағы  «Қармақшы құс» ЖШС. серіктестік жылына 1500 тонна құс етін өндіретін құс фабрикасын іске қоспақ. Қазір фабриканың құрылыс жұмыстары аяқталып, құрал-жабдықтары алынуда. Азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін Жосалы және Төретам кенттерінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік сөрелері қойылып, өнімдер нарықтағыдан төмен бағада сатылуда.

«Жайлы аудан» бағытымен биылдан бастап елді мекендерде барлығы 34,345 шақырымды құрайтын ішкі көшелер жөндеуден өтіп, 2025 жылға қарай жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы автомобиль жолдарының үлесі 95 пайызға жетпек. Осы жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Жосалы, Төретам кенттерінде және Ақай, ІІІ Интернационал ауылдарында барлығы 40 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп аяқталды.

Кезекте тұрған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін көпбалалы отбасыларға 10 тұрғын үй құрылысы жүргізіліп, пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, кәсіпкерлердің қаражаты есебінен жастарға және азаматтардың әлеуметтік осал топтарына тұрғын үйлер салу жұмыстары пысықталуда. 5 жылда осындай 50 тұрғын үйді және Байқоңыр қаласындағы 50 пәтерлік 5 тұрғын үй құрылысын салу жоспарлануда.

Жосалы, Төретам кенттерінде және Ақай ауылында электр желілері жөндеуден өтті. Ауданның елді мекендері толықтай таза ауызсумен қамтылған. Байқоңыр қаласында және Төретам кентінде сумен жабдықтау желілерін кеңейту жобалары іске асырылады.

Биыл Жосалы кенті табиғи газға қосылды. Қазір газға қосылуға 1502 өтінім түсіп, 1072 отбасы «көгілдір отынның» игілігін көруде.

«Әлеуметтік бағдарланған аймақ» бағыты бойынша 2 елді мекендегі меди­циналық мекемелердің (Қармақшы аудан­дық аурухана) жылу қазандықтарын газға ауыстырудың, Дүр Оңғар, Тұрмағамбет дәрігерлік амбулатория ғимараттарының жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, алдағы жылы құрылыс жүргізіледі. 2025 жылға дейін орталық ауруханаға 3 жедел жәрдем автокөлігі сатып алынады.

Байқоңыр қаласы, Жосалы, Төретам кенттерінде және Ақай, Ақжар, Тұрмағамбет, ІІІ Интернационал ауыл­дарында 8 орта мектеп ғимараты күрделі жөндеуден өткізіледі. 1-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуды 85,7 пайызға жеткізу үшін жұмыстар жүргізілуде.

Жосалы кентінде дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Сонымен қатар Жосалы, Төретам кенттерінде стритбол алаңдары пайдалануға берілді.

«Жастарға арналған аудан» бағыты негізінде жыл сайын 230 жасты тұрақты жұмыспен қамту жоспарланды. «Дип­ломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша 5 жыл ішінде 330 маманға әлеуметтік қолдау көрсетіледі (тұрғын үй, көтерме жәрдемақысын беру).

«Тарих пен мәдениетті дамыту» бағыты аясында партияның «Бақытты отбасы» жобасын жүзеге асыра отырып, отбасылық құндылықтар туралы  түрлі акциялар мен спорттық шаралар өткізіледі. «Ашық және есеп беретін жергілікті органдар» бағыты аясында «бір терезе» қағидаты бойынша ұсынылатын мемлекеттік қызметтердің электрондық форматтағы үлесі 70,3 пайызды құраса, 2025 жылға қарай 90 пайызға жеткізу көзделген.

«Қауіпсіз аймақ» бағыты аясында 2024 жылға дейін көше жарықтары, 60 бейнебақылау камерасы орнатылады.

Біздің негізгі міндетіміз – ауданның әрбір тұрғынының сенімін ақтау. Жос­парланған жұмыстардың мерзімінде және сапалы орындалуы тікелей партияның ау­дан­дық филиалының бақылауында болады.

Қайрат НҰРТАЙ,

«Nur Otan» партиясы

Қармақшы аудандық филиалының төрағасы,

аудан әкімі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<