Тарихи сәттер таразыға түскенде

534

0

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған «Тұңғыш Президент және Тәуелсіз Қазақстан: өркендеудің 30 жылы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Конференцияға ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы, саяси ғылымдар докторы Мұрат Бақтиярұлы, облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, Ұлттық ғылым академиясының академигі, облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Бақберген Досманбетов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, белгілі әнші-композитор Жеңіс Сейдоллаұлы, айтыскер ақын, үш дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов және Сыр толағайы, ауыр атлетші Илья Ильин қатысты. Сондай-ақ зиялы қауым өкілдері, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының белсенділері, жоғары оқу орындарының басшылары мен ғалымдар, басқарма басшылары, үкіметтік емес ұйым өкілдері және онлайн байланыс арқылы аудан әкімдері мен зиялы қауым өкілдері де болды.

Аймақ басшысы Сыр жұртшылығын ҚР Тұңғыш Президенті күнімен құттықтап, Тәуелсіз Қазақстан дамуында Елбасының рөлі мен Сыр елінің жетістігін атап өтті.

– Баршаңызды Тәуелсіз еліміздің мәртебелі мерекесі – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен құттықтаймын. Биыл бірлігі бекем, татулығы жарасқан Қазақстан халқы Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтуде.

Елбасының көшбасшылығы арқасында саяси жүйесі тұрақты, экономикалық әлеуеті мықты, ұлттық рухы берік, халықаралық беделі зор қуатты мемлекетті құрдық. Осы жасампаз істерді Елбасының серігі, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жүйелі түрде жүзеге асыруда.

Еліміз тәуелсіздік жылдары қаншалықты толымды табыстарға қол жеткізсе, оған Сыр елі де өз үлесін қосуда.

«Сыр – Алаштың анасы», бұл – қазақ елінің алғашқы астанасы Қызылорда жайлы Елбасының сөзі. Екіншіден – Отандық ғарыш кеңістігінің өркендеуі. Қызылорда – Қазақстанда ғана емес, әлемде ғарыштық кешен орналасқан стратегиялық маңызы бар өңір. Үшіншіден – халықаралық сарапшылар тарапынан «Ғасыр жобасы» атанған Арал теңізін сақтап қалу идеясы. Экологиялық апат аймағы ретінде тарап кеткелі тұрған облыс Тұңғыш Президенттің дана саясатымен Тәуелсіздік тарихында өз орнын сақтап қалды. Төртіншіден, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолы арқылы ел мен елді, жер мен жерді жақындатты. Бұл барлық ауданы теміржол мен автокөлік жолының бойында орналасқан Сыр елі үшін ең тиімді инфрақұрылымдық шешім, – деді облыс әкімі.

Конференцияда Мұрат Бақтиярұлы «Елбасы және ел тәуелсіздігі», Наурызбай Байқадамов «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Тәуелсіз Қазақстанды қалыптастырудағы рөлі», Бақберген Досманбетов «Елбасы – елорда архитекторы», Серік Дүйсенбаев «Тұңғыш Президент және Сыр өңіріндегі дамудың өрелі 30 жылы» тақырыбында баяндама жасады. Ұлт көшбасшысы Ұлы даланың ұлы есімдерінің жалғасы, Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы ұлы реформатор Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясаты туралы кең әрі тұшымды пікірлер қозғалды.

– Елбасы – елі үшін күрескер. Ол Тәуелсіз ел тарихында болып көрмеген даму жолында өте ауыр тиетін тетіктерді басқарды және соны тиімді жүргізе білді. Елі өзіне сенім артқан тұлға жауапкершіліктен айнымай, ең қиын сәтте де сол халқымен бірге болды. Тәуелсіздікті баянды ету мен болашақ ұрпақтың бақыты жолындағы Тұңғыш Президентке артылған жүк өте ауыр болған еді. Сол артылған жүкті ауырсынбай халық сенімін ақтау, Тәуелсіздікті тұғырлы ету, әлемдік қауымдастықта терезесі тең мемлекет қатарына жеткізу – көптеген қиын шешімдерді қажет ететін дүние. Осы аталған аса қажетті мақсат-міндеттерді шешу тұрғысында Елбасы бірден-бір дұрыс қадам жасаған тұлға, – деді өз сөзінде Мұрат Бақтиярұлы.

Бұдан кейін облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, неміс этномәдени бірлестігінің төрағасы Ирина Шек «Елбасы және Қазақстан халқы Ассамблеясы: бейбітшілік пен келісім жолы» тақырыбында баяндама жасаса, Жеңіс Сейдоллаұлы, Мұхтар Ниязов, Илья Ильин мен Талғат Тілес Тәуелсіз Қазақстанды қалыптастыру жолындағы азаматтардың үлесі туралы ой қозғап, жүрекжарды пікірлерін жеткізді.

 Ержан Қожасов,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<