Отыз жыл елес емес, ұлы белес

706

0

Қазақ елі тәуелсіздік деп аталатын қайығына мінгеніне 30 жыл толды. Ғасырлармен салыстырғанда өте аз, осындай уақыт ішінде басқа халықтар жүздеген жылдар бойы жүрген жолдан өттік. Қазақ халқы қазіргі территорияға басқа жақтан ауып немесе басқыншылық жолмен келген жоқ. Олар ғасырлар бойы осы территорияда мекендеген тайпалар мен халықтардан қалыптасты және олардың қалыптасу тарихы мейлінше терең және күрделі. Біздің халқымыз тарихтың сан қилы соқпақтарының қиын да жанкешті және жеңісті де жемісті жолын кешті. Бұл жол негізінен бүгінгі тәуелсіздігімізді және бүкіл әлем мойындаған мемлекеттігімізді құру жолындағы күреспен өтті.

Ұлы Абай айтпақшы жол ұзақ, өмір қысқа. Осындай ұзақ та қиын жолдың өту сатылары қалай жүрді, соған келейік.

Алысқа бармай-ақ, екінші мыңжылдыққа шолу жасасақ, халқымыз монғолдардың озбырлығына, төрт жүз жылға созылған ойрат-жоңғарлардың тепкісіне, үш жүз жылдай орыстардың отаршылдығына, 70 жылдан астам уақыт Қызыл империяның тоталитарлық қысымына төтеп беріп, ұлттылығы мен мемлекеттік дәстүрін ешбіріне де алдырмады.

Қазақ халқы соңғы жүзжылдықта орасан зор демографиялық дағдарысты басынан кешірді. Ресми деректерге сүйенсек, 1916 жылы 6 миллионға жеткен қазақтардың саны 1922 жылға қарай 1 млн, ал 1929-1933 жылы зорлықпен ұжымдастыру нәтижесіндегі ашаршылыққа байланысты 2 млн 380 мың адам қырылды, 1 млн қазақ өздерінің атамекенін тастап босып кетті. 1934 жылы қазақ даласында небәрі 2 млн 493 мың қазақ болды. Мұндай қырғынды әлемнің бірде-бір ұлты басынан кешірген емес. Өткен ғасырдың бірінші жартысында қазақ ұлтының қырылғаны, шет елге асып кеткені бес миллионнан асып жығылады екен. Тарихтың дәуірлік дамуына қолдан жасалған ғаламат кеселдің ең зоры осы еді. Оның үстіне отарлау саясатын барынша зымияндықпен жүргізетін Ресей империясы мен Кеңес тоталитарлық үкіметі тұсында қазақ даласына 7 миллионға жуық келімсек көшірілді. Осындай озбыр саясат арқылы қазақ ұлтының рухы жаншылды, жері азып-тозды, елі азғындады. Алайда, ғасырдың осындай алапатынан аман қалып, ұлт болып сақталып қалғанымызға тәуба дейік.

Өткен ғасырдағы қазақ халқы үшін  ұлы табыстардың бірі – қазақ мемлекеттілігі құрылып, тәуелсіз ел атануы. Осы тәуелсіздік жолында 1731 жылдан 1986 жылдың желтоқсанына дейін жеті жүзге жуық ұлт-азаттық қозғалыс болған екен. Ендеше халқымыз алған тәуелсіздік тосыннан келген жоқ. Ол ұлтымыздың бостандық сүйген жандарының қанына суарылған. Тәуелсіздік – халқымыздың ғасырлар бойы армандаған ұлт бостандығы, тәуелсіздігі, біздің осы күнгі ең асылымыз, ең қымбат қазынамыз. Тәуелсіздікке жеткен ұлт қана өз мемлекеттілігінің іргетасын құрудан бастап, өзін жаңа сапа биігіне көтеруге кіріспек. Біздің бүгінгі тәуелсіздігіміз – ертеңгі болашағымыз. Ұлтымыздың ұлт болып қалуы, ұрпағымыздың тағдыры осымен байланысты болмақ. Ел Тәуелсіздігін орнықтыруда Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың орасан күш-жігері мен сындарлы саясатын ешкім жоққа шығара алмайды. Елбасы – Тәуелсіздік тарихында жаңа мемлекет құрған ұлы тарихи тұлға болып қалады.

Бұл далада бізден бұрын да талай ұрпақ өтті. Аштықты да, тоқтықты да,  барлықты да, жоқтықты да көрді. Тарих оның бәрін тәптіштеп жатқан жоқ. Елдікке қаншалықты бекем бола алғандарын ғана ескерді. Тарих жадында тек тәуелсіздік  жолындағы күрес қана қалды. Сол жолда жанын пида еткендерді жеңбесе де, жеңімпаздардан асыра дәріптеді. Тәуелсіздік қантөгіссіз келмейді. Біздің тәуелсіздігіміз жолында да аз қан төгілген жоқ.  Оны бізге дейінгі ұрпақтар төкті. Тәуелсіздік ешқашан оңайлықпен орнаған емес. Ол ауыртпашылықты, негізінен, қазіргі көзі тірі ұрпақ – сіздер мен біздер көтереміз.

Өйткені, өз тізгіні өзінде емес кісі де, халық та өз мүддесіне жете алмайды. Сондықтан да біз қандай қиындық көрсек те, қолымызға күшпен түскен тәуелсіздік тізгінінен айырылмауға  тиістіміз.  Бізден кеткен аруақтар мен келетін ұрпақтардың ең алдымен талап ететіні сол. Өйткені, біз – күллі адамзат тегіс танып, тегіс мойындаған тәуелсіз қазақ мемлекетінің  іргетасын қалап жатқан бірінші ұрпақпыз. Тәуелсіздігімізді сырттың алакөздігінен, іштің алауыздығынан аман сақтап қалу – біздің тарих алдындағы ең басты парызымыз.

Қазақстан тәуелсіз ел атанғанына небәрі отыз жыл. Таудай тарихпен салыстырсақ қас-қағымдай ғана уақыт. Солай бола тұрса да, бізге осы отыз жыл барынша қымбат.

Бізге қымбат болатын себебі – ғасырлар бойы тарих құшағында жатып қалған ата-бабаларымыздың рухын көтергені үшін!

Бізге қымбат болатын себебі – өшкен мемлекетіміздің отын маздатып, елімізді қатарға қосып, әлемдік қауымдастыққа ендіргені үшін!

Бізге қымбат болатын себебі – төл тарихымызды, ана тілімізді, дінімізді қаз тұрғызып, «қазақ» деп аталатын киелі атауға жан бітіргені үшін!

Тәуелсіздік жәй ғана термин емес. Тәуелсіздік, ол – сана. Тәуелсіз ел адамының санасы да тәуелсіз болуы керек. Саяси тәуелсіздік әрбір адамның дербес санасына айналғанда ғана күшке айналмақ. Саяси істерге немқұрайлылық ел тәуелсіздігіне сын.

Саяси тәуелсіздік арқылы осы жылдар ішінде қазақ ұлттық мемлекеті орнықты, саяси жүйе жаңарды. Президенттік институт қалыптасты, Конституция, Ұлттық мемлекеттік рәміздер қабылданды, қос палаталы кәсіби Парламент, мемлекеттік билік органдары орнықты, Ұлттық Армия жасақталды, мемлекет астанасы орталыққа көшті, көрші елдермен шекара мәселесі толыққанды шешілді.

Дипломатиялық салада Қазақстан халықаралық қауымдастықтың бір субъектісі ретінде дүниежүзілік қатынастар аренасына шықты. Қазір Қазақстанды бүкіл әлем танып білді. Тіпті сыртқы саясатта Қазақстан басқа елдерді тыңдата алатын «саяси ойыншы» мемлекетке айналып келеді.

Экономикалық салада еліміз өркениетті мемлекеттер өткен нарықтық экономикаға, яғни ұсыныс пен сұраныс реттейтін алуан түрлі меншікті қоғамға өтті. Шетел капиталы ендеп, бойлап кіруде. Тәуелсіздік жылдары елімізге 300 миллиард доллар көлемінде тікелей инвестиция тартылды, 12,5 мың шақырым автомагистраль мен 2,5 мың шақырым теміржол салынды.

Экономиканың салалық құрылымдарын әртараптандыру үрдісі жүріп жатыр. Соңғы 10 жылда еліміздің индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша 1250 жаңа кәсіпорын құрылып, 300 мың жұмыс орны ашылды. Қазақстан экспортының ауқымы 100 елді қамтиды.

Шетелдік және отандық капитал өзара араласып, құраласып бірде таласып, бірде алысып, бірде жығысып нарық шеңберінде бірге жұмыс істеуге икемделуде. Қоғамымызда орта таптың қалыптасуы жүріп жатыр. Еліміздің өндірісі дағдарыстан өтіп, тұрақтанды, қала берді көптеген салалар да жанданып, шетелдерге өнімдер шығаруда. Тұрғын үй құрылысы бұрын-соңды болмаған қарқынмен даму үстінде.

Тәуелсіздіктің отыз жылында халқымыз үлкен рухани өзгерістерді басынан өткеруде. Елдің тәуелсіз болуы – ортақ Отанымыздың иелі болуы, ұлттық тіліміздің киелі болуы, ұлттық рухтың асқақ болуы деп түсінер едік. Осы жылдар ішінде қазақ азаматын, ел мүддесін жалау етіп қоя алатын қайраткерлерді тәрбиелеу, ұлттық тарихи санасын қалыптастыру, оның нарықтық экономикаға негізделген ділін шыңдау процестері жүргізілуде. Идеологиялық монополизм үстемдігі жойылып, саяси өмірде көпкөзқарастылық пікірлер қалыптасты.

Тәуелсіздік жылдары демократия қанат жайды. Баламалы сайлау, плюрализм, көппікірлік, көппартиялық өмір болмысына айналды. Бас бостандығы шарықтады. Халық ойлаған ойын, пікірін ашық айтуға машықтанды. Ұзақ жылдардан кейін халық діни салт-сананы қалпына келтіріп, рухани тазару жолына түсті. Қазіргі билікте монополизмнің, экономикада олигархияшылдықтың, идеологияда экономикалық снобизм мен әлеуметтік кекшілдіктің көсегемізді көгертпейтініне күн санап көзіміз жете түсуде. Саясатта пікір алуандығына негізделген демократияны, экономикада көп мүддесін көздейтін әлеуметшіл нарықты, идеологияда адамгершілік пен әлеуметтік бәсеңдікті қастерлейтін  гуманизм мен либерализмді жақтайтындар қатары көбейе түсуде. Ол үшін қол қусырып отыра беруге болмайды. Мәмілеге ұмтылу керек. Оны билікке таласушы күштер емес, шын билікке ие күштердің бастағаны тәуелсіздігіміздің өміршеңдігіне көбірек тиімді болады деп есептейміз.

Бүгінгі кең қарымды реформаны да санаулы саясаткерлер емес, саналы көпшілік қана ойдағыдай жүзеге асыра алмақшы. Замана аңғарын алыстан болжап, егжей-тегжейіне түгел түсінуге тегіс ынталы қауым ешқашан жерге қарап қалмақ емес. Жалпы түгел тәуекелге мінбей тұрып, жалқы ештеңе бітіре алмайды. Қарапайым ел деген болмайды.  Жеріне, суына, тіліне, дініне, тарихына, тағдырына ие Халық деген болады. Тек сондай халық қана есерін түзеп, еріне медет бола алады.

Тағдырдың тап қылғанын біреуден, тарихтың тап қылғанын биліктен көріп, тапсына берген де салиқалылыққа жатпайды. Байыбына барып сөйлеп, байыбына барып іс қылған – салауаттылық. Бұрын білім мен ақпаратқа кім ие болса, сол игі жақсы атанып, қалған қауымға ұстаздық етуші еді. Қазір білім мен ақпаратқа әркімнің де қолы жете алатын  болды. Ендеше, әркім де өзіне өзі ұстаз, өзі төреші бола алады. Олай болса, баршамыз білуге тиіс бір-ақ ақиқат бар, әркім өзін-өзі тәрбиелемей қоғам түзелмейді. Қоғам түзелмей билік түзелмейді. Қазақстандық патриотизм мен мемлекеттік тіл мәселесінде бүгінге дейін әрұдайылықтан арыла алмай келеміз.

Мұндай жағдайда төл мемлекеттігімізді, аумақтық тұтастығымызды, әлеуметтік жарастығымызды сақтау мен нығайтудың негізгі салмағы мемлекеттік құрылымдардың мойнына түсері хақ.

Біз – өзгеріс үстіндегі қоғамбыз. Өзгеріс – күрес. Күресте жеңіс те жеңіліс те бар. Біреуге өз жеңілісін, біреуге өз жеңісін мойындау қиын.Мұндай күрт өзгеріс кім-кімнің де көңіл-күйіне оңай тимесі аян.

Бұндай шетін жағдайды өз мақсатына пайдалануға тырысатындар да бар. Оның бірден бір амалы – билікті сынау. Оларды қалыптасып отырған қиындықтардың негізгі айыпкерлері етіп көрсету. Сол арқылы арзан ұпай жинау.

 Мұндай мақсатқа жету жолында амал таңдап жатпайтындар, жағдай неғұрлым ушыға түссе, бізге солғұрлым жақсы деп ойлайтындар қоғамда жеткілікті.

Бәрінен бұрын, ауыспалы кезеңде болмай қоймайтын ауыртпалықтардың бәрін тәуелсіздіктен көріп, қарғанып-сіленетін тәйтік сөздерді естігенде, төбе құйқаң шымырлайды. Рас, тәуелсіздік бәрімізді бірден қарық қылып тастамайды. Біраз уақыт бұрынғымызға зар болып қалғанымыз да рас.

Экономикадағы, әлеуметтік саладағы, тұрмыстағы қиыншылықтар, кемшіліктер, әділетсіздіктер бүгін болмаса ертең түзеледі, шешіледі, бәрі шындықтың, ашықтықтың, әділдіктің тура жолына түседі. Ол қоғамның дамуындағы бұлжымас ақиқат, заңдылық. Өткен қоғамнан мирас болып қалған ел байлығы аз ғана топтың қолына өтіп кетсе, ол мүмкін бейбіт жолмен келген тәуелсіздікке төлеген құнымыз болар, кім білсін…

Әрине, осы ретте байлықтың кімнің қолында болғаны, оның толығымен елге, халыққа қызмет етуi аса маңызды. Ұлттық құндылықтарды бойына сiңiрген, қанымен, жанымен, кіндігімен туған еліне, жеріне байланған, оны шексіз сүйетін, ұрпағының болашағын Қазақстанмен байланыстыратын азамат қолында бар байлығын өз отбасымен қатар елінің, ұлтының игілігіне жұмсайтыны сөзсіз. Елдің бүгінгі байлығына болмаса да, ертеңгі байлығына сондай жандар ие болар деген үміт бар. Өйткені елiмiзде экономикалық тәуелсіздік болмаса, саяси тәуелсіздік те баянды, тұғырлы болмайды. Оған жетудің басты жолы – жаппай шетелдік инвестицияны тарту емес, ішкі қаржылай мүмкіндіктерді толық пайдалану, ұлттық бизнесті қолдау, өсіру, қорғау, ел мен жер байлығын отандық кәсіпкерлердің қолына шоғырландыру, иесі ету. Ол – елдегі өзара сенімнің, ішкі тұрақтылықтың негізгі кепілі, кілті. Алдағы заманда солай болатынына кәміл сенемін. Бабаларымыздан мұра болып калған ұлан-ғайыр жеріміз, оның қойнауы әлi де көптеген бағалы байлыққа, қазынаға толы екені сөзсіз.

Ұрпағымыздың осы мақсатқа жетуінің сара жолы – ол заманауи терең білім мен ілімді игеруі, тұрақты ізденісте болуы, Отанға деген сүйіспеншiлiгi, өз ұлтының тарихын, дәстүрiн мәдениетін, тілін, дінін білуі, қастерлеуі, дамытуы.

Қазіргі адам – нарықтық мүлік, нарықтық зат. Білімді, білікті, кәсіби сауатты, бәсекеге қабілетті болса ғана нарықта өтімділік қасиетке ие болады.

Өткен отыз жыл елес емес, ол – ұлы белес. Тәуелсіздік бекіп, тұғырына нық қонды. Тәуелсіздікті жариялау оңай, оны ұстап тұра алатын ел болу қиын. Тәуелсіз еліміздің іргесін қалау – халық ісі, босағада тұрып сын айту екінің бірінің қолынан келеді. Сондықтан елдіктің ұраны: Тәуелсіздігіміз баянды болсын! Иманы: Тәуелсіздік туын келер ұрпаққа жеткізу, айдынды етіп, әлем көгіне көтеру! Тәуелсіз өмірімізде ерікті де еркін дәурен сүруге жазсын!

ХХІ ғасырда замана қасіретін молынан шеккен халқымыздың ырысы ассын, еліміздің бағы тасысын!

Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,

сенатор, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы,

саяси ғылымдар докторы, профессор

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<