Сәулет пен дәулет

561

0

«Тұрғын саны миллионнан асатын қалалар еліміздің жаһандық бәсекелік қабілетінің тірегі, ал облыс орталықтары өз өңірлері өсімінің өзегі болуға тиіс.

Сондықтан, агломерацияны дамыту туралы заң мен қалалардың кешенді құрылысының жаңа стандартын әзірлеу керек».

Президент Жолдауынан

Құрылыс индустриясы – экономиканың негізгі іргетасы. Кез келген елдің экономикалық күш-қуаты мен әлеуметтік тұрақтылығы құрылыс саласының дамуына тікелей байланысты. Бүгінде өңірімізде құрылыс индустриясы қарқынды дамып, ел экономикасының, оның ішінде тұрғындардың әлеуметтік әлеуетінің артуына айрықша ықпал етіп келеді. Саланың өркендеуін облыс орталығы – Қызылорда қаласы аумағының  өсуінен, аудан орталықтары, ауылдар мен елді мекендерге салынған әлеуметтік объектілер мен тұрғын үй құрылыстарынан, жолдардан байқауға болады.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында еліміздің құрылыс саласын дамытуға айрықша басымдық берілген. Соның арқасында өңірлерде бұрын-соңды болмаған алып құрылыс нысандары бой көтеруде. Әлемдік пандемия қалыпты тіршілігімізге айтарлықтай әсер етіп, экономикамыздың даму үдерісін тежегені рас. Десе де, бұл зәулім ғимараттар мен әлеуметтік нысандардың, тұрғын үйлердің бой көтеруіне тосқауыл бола алмады. Сыр бойында да құрылыстың қарқыны байқалады. Айталық өткен жылдың өзінде тұрғын үй салу 591 мың шаршы метрге жоспарланған болса, бұл көрсеткіш 609 мың шаршы метр өсіммен орындалып,  яғни өсім 3,0% құраған.  Сонымен бірге Қызылорда қаласындағы Сырдарияның сол жағалауында келер жылы мемлекеттік бағдарлама аясында 9-12 қабатты тұрғын үй құрылысы басталатын болады.

Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Арнұр Нұрмағанбетовтың айтуынша, биыл 38 әлеуметтік нысанның құрылысын жүргізуге мемлекеттік бюджет есебінен 10,1 млрд теңге қаржы бөлінген. Бұл қаржыға өткен жылдан қалған 21 және жаңа  17  нысанның құрылысы жүргізілуде. Мәселен, білім саласында 13, денсаулық сақтау саласында 12, 5 мәдени, 3 спорт, 2 қоғамдық тәртіп, «Бизнестің жол картасы» бойынша 3 нысан бар. Жыл басынан осы кезге дейін 11 нысан пайдалануға берілді. Олар – Арал ауданы Сексеуіл кентіндегі 300 орындық мектеп, Шиелі аудандық тарихи-өлкетану музейі ғимаратына қосымша құрылыс, Теннис орталығы, Қызылорда ОІІД-ның әскери және арнайы дайындығы бойынша оқу-жаттығу полигоны, Қызылорда қаласындағы 200 төсектік технологиялық жабдығы бар тез тұрғызылатын модульдік аурухана, Махамбет елді мекеніндегі №268 орта мектептің 200 орындық қосымша ғимарат құрылысы, Қазалы ауданы Әйтеке би кентінде орналасқан №226 мектеп-гимназиясына қосымша спорт залы, Ш.Есенов атындағы қосымша білім беру орталығы, Ақжарма ауылдық округіндегі әлеуметті-медициналық оңалту бөлімше ғимараты, Қармақшы ауданындағы балалар демалысы үшін 150 орындық лагерь мен қаладағы Гидроузел көшесі №21 мекен-жайынан салынатын байдарка және каноэ есу базасы құрылысы.

Жоспар бойынша жыл соңына дейін тағы 12 нысан құрылысы аяқталады. Халық игілігіне пайдалануға берілетін нысандар ішінде Жаңақорған кентіндегі 600 орындық мектеп, Жалағаш кентіндегі 200 орындық Оқушылар үйі мен 50 орындық Өнер мектебі, Қазалы ауданы Әйтеке би кентіндегі ауысымына 250 келушіге арналған емхана, Арал ауданы Жалғызағым елді мекенінде  салынатын медициналық бекет сынды ғимараттар бар.  Сонымен бірге Жалағаш ауданы Таң елді мекеніндегі дәрігерлік амбулатория көптің игілігіне берілетін болса, «Көпбейінді облыстық балалар ауруханасы» ШЖҚ КММ ғимаратының «Қамқорлық» (блок Г) оңалту орталығы реконструкциялаудан өтеді. Ал Жанақорған ауданының Шалқия кентіндегі 150 орынға арналған клубты пайдалануға беру де – жоспардағы іс. Алдағы жылдың еншісінде тағы 15 нысан құрылысы жалғасын табады.

Қазіргі күні құрылыспен айналысатын  мекемелер көп. Бұлардың ішінде құрылыс салуға тапсырыс беретін, сәулеті мен жобасын келістіретін, құрылыс-монтаж жұмыстарының, материалдарының сапасына бақылау жасайтын, құрылысты жобалайтын мекемелер бар. Барлық аудандар мен қала әкімдіктері жанында құрылыс, сәулет және коммуналдық шаруашылық бөлімдері құрылған.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында құрылыс атаулы тоқырағаны рас. Соның ішінде, тұрғын үй құрылысын салу жұмыстары өте баяулады. 80-жылдардың ортасында басталған «Мерей» шағын ауданындағы кейбір құрылыс 2004 жылы салынып бітті.  Арал теңізінің тартылып, экологиялық апат аймағына айналуы бүкіл дүние жүзін алаңдатқан жағдай болды. Елбасының тікелей қолдауымен «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу» жобасы дүниеге келіп, «Көкарал» бөгеті тұрғызылды, «Ақлақ» су тоспасы салынды. Кіші Арал теңізі сақталып, елдің ризық-несібесіне айналды. Аймақта балық шаруашылығы өркендеп, балықшылар атакәсібіне қайта оралды. Жағалаудағы елді мекендердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсарды. Бүгінде Аралда бұрынғы Кеңес заманында болмаған жаңа технологиямен балық зауыттары жұмыс істеуде. «Жезқазған-Сексеуіл-Бейнеу» теміржол желілерінің құрылысы жүргізіліп, Сексеуіл арқылы өтетін теміржол бойында көптеген нысандар ашылды, жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылды.

«Ақбұлақ» бағдарламасы аясында қаланың бірқатар елді мекендерін ауызсумен қамтамасыз етуде ауқымды жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде 57 скважина іске қосылып, облыс орталығы – Қызылорда қаласы толықтай жерасты су көзіне жалғанды.

Аумағы 980 гектарды құрайтын толықтай инженерлік инфрақұрылым жүйелерімен қамтамасыз етілген «Бәйтерек» жаңа шағын ауданы ашылып, жер кезегінде тұрған 6 мыңға жуық азаматқа жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер бөлінді.

Тәуелсіздік алған  жылдан бері облыс бойынша  7 млн 372 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген екен. Оның ішінде, соңғы 8 жылда (2013-2020 жж.) берілген тұрғын үй көлемі 4 млн 255 мың шаршы метрді құрап отыр. Бұл жылдары жалпы 9 960 пәтерлі 443 көпқабатты тұрғын үй (799 мың ш.м.) халық игілігіне берілген. Сондай-ақ, 3 млн 456 мың шаршы метр жеке тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілген.

Тұрғын үй құрылысы бағдарламалары аясында Қызылорда қаласында кейінгі жылдары 16 жаңа шағын аудан (Сұлтан Бейбарыс, Жаппасбай батыр көшелері бойында, Тасбөгет кенті, Титов қыстағы, «Сырдария», «Астана», «Арай», «Арай-2», «Нұр Орда», «Ипподром», «СПМК-70», «СПМК-70/4», Сырдария өзенінің сол жағалауында 1,2,3,4 тұрғын кварталдар)  мен 5 тұрғын үй кешені бой көтерді.

2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында тұрғын үй құрылысы мен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым желілерін жүргізу үшін   мемлекеттік бюджет есебінен барлығы 19,8 млрд теңге  қаржы бөлінді. Облыс бойынша барлық қаржыландыру көздері есебінен 1946 пәтерді құрайтын 98 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді.

Сонымен бірге, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жергілікті бюджет есебінен Қызылорда қаласында 10 және Жаңақорған кентінде 18 пәтерлі бір үй сатып алынды. Жалпы, қаржыландырудың барлық көздері есебінен 2020 жылы облыс бойынша  608,9 мың шаршы метр тұрғын үй берілді.

Облыс әкімдігі мен Үкімет арасындағы Меморандумға сәйкес, биыл  644,7 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Биыл облыс бойынша «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы ауданы 159,1 мың шаршы метрді құрайтын 110 үйдің құрылысы жүргізілген. Жыл аяғына дейін жалпы ауданы 127,3 мың шаршы метр болатын 94 тұрғын үй пайдалануға беріледі. Осы мақсатта мемлекеттік бюджет есебінен 13,4 млрд теңге қаржы бөлінді. Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй құрылысы бойынша  2,9 млрд теңге қаралған.  Оның ішінде  қалада 17, Шиелі ауданында  4, Сырдария ауданында  33, Байқоңыр қаласында  5 үй бар.   Кредиттік тұрғын үй құрылысы бойынша 6,7 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ, Қызылорда қаласында 19, Шиелі кентінде 25 үйдің құрылысы қолға алынды. Ал жеке тұрғын үй салушылар есебінен Қызылорда қаласында 7 үй салынады.

Биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 695 пәтерді құрайтын 49 жалға берілетін тұрғын үй үлестірілген. Оның ішінде 232 пәтер халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына, 463 пәтер аз қамтылған көпбалалы отбасыларына тиесілі.  Аз қамтылған көпбалалы отбасылар үшін 342 жалға берілетін пәтер сатып алынады. Сондай-ақ,  665 пәтерді құрайтын 38 кредиттік тұрғын үй бар.

Осы жылдың 11 ай қорытындысы бойынша қаржыландырудың барлық көздері есебінен тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші 567,7 мың шаршы метрді құрап отыр. Қызылорда қаласында 590 пәтерді құрайтын 12 жалға берілетін, 280 пәтерді құрайтын 5 кредиттік үй,  Шиелі ауданында 25 кредиттік баспана пайдалануға беріліп, аз қамтылған көпбалалы отбасыларға 157 пәтер сатып алынған. (Қызылорда қаласында 62, Сырдария ауданында 10, Қармақшы ауданында 4, Арал ауданында 36, Қазалы ауданында 17, Шиелі ауданында 18, Жалағаш ауданында 10 пәтер).

2017 жылдан Сырдария өзенінің сол жағалауын игеру жұмыстары басталды. Жаңа қаладағы алғашқы құрылыстың іргетасы сол жылы наурыз айында қаланды. Алғашқы бесқабатты 18 тұрғын үйдің кірпіші қаланды. Бүгінде алып құрылыс алаңына айналған сол жағалауға жұрт қызыға қарайды. Алыс-жақыннан келген ағайынның, қонақтардың  қала келбетіне оң баға беруі біздің мерейімізді асырып, көңілімізді марқайтып, көкірегімізге мақтаныш сезімін ұялатады. Ілгеріде ілкімді істері оқта-текте ғана жасалатын шағын шаһарда қазір күн сайын өрісі кеңейген өрелі өзгерістерге куә болудамыз. Мұндай игілікті істерді, әсіресе, сол жағалаудан байқайтынымыз рас. Дария бойындағы дүйім елдің көз қуанышына айналған биік үйлер мен әсем ғимараттар сонау жерден «мен мұндалап» көрінеді.

Жалпы жоспар бойынша бұл аумаққа 800 пәтерді құрайтын тұрғын үй кешені, әлеуметтік-мәдени және білім беру нысандарын салу көзделген еді. Сонымен қатар, емхана, 300 адамға арналған көпсалалы аурухана, музей мен студенттер қалашығы салынады.

Бүгінгі күні сол жағалауда 4 тұрғын кварталы бой көтеріп, 65 тұрғын үйдің құрылысы пайдалануға берілді.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<