Депутаттар тұтынушылар мүддесін қолдайды

977

0

Кеше облыстық мәслихаттың кезектен тыс 10-сессиясы өтті. Онлайн режимде өткен сессияның күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – Қызылорда облысы бойынша ауызсумен жабдықтаудың баламасыз көздері болып табылатын сумен жабдықтаудың ерекше маңызды топтық және оқшау жүйелерінен халыққа берілетін ауызсудың бір текше метрі үшін төлемақы мөлшерін бекітуге арналды.

Ол туралы хабарлама жасаған облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ерлан Жаңабаев ауызсу тарифі өзгермегендіктен, төлемақы мөлшерін 2006 жылы бекітілген көлемде қалдыру жөнінде ұсыныс беріліп отырғанын мәлімдеді.

Атап айтқанда, қосылған құн салығын ескере отырып, ауызсуды есепке алу  аспаптары бар тұтынушылар үшін 30 теңге, ал, есептегіштері жоқ тұтынушылар үшін 40 теңге көлемінде болады.

Депутаттар төлемақы мөлшерін бірауыздан қолдап, дауыс берді.

Сессияда талқыланған келесі мәселе «Әлеуметтік маңызы бар қатынастардың тізбесін айқындау туралы» облыстық мәслихаттың 2016 жылғы 10 ақпандағы №352 шешіміне толықтырулар енгізу жайында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысы Мұрат Тілеуімбетов хабарлама жасады.

Оның атап өткеніндей, Қазақстан Республикасы аумағында тұрғындардың еркін жүріп-тұру мүмкіндігін қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылатын тұрақты жолаушылар тасымалдау маршруттары арасында әлеуметтік мәні бар маршруттар бар. Қазіргі нарықтағы жағдайда жанар-жағармайдың, автокөліктердің қосалқы бөлшектерінің қымбаттауын ескере отырып, тасымалдаушылардың шығынын өтеу үшін бюджет қаражаты есебінен субсидиялау қажет болады.

Бүгінгі күні елді мекендерде жолаушылар тасымалына сұранысты қамтамасыз ету үшін ауданаралық, ауданішілік «Жалағаш-Жаңадария», «Жалағаш-Аққыр» және Жосалы кентінде №183 орта мектепке дейін қатынайтын кентішілік маршруттарды әлеуметтік маңызы бар қатынастар деп тану керек болып отыр.  Соған байланысты «Автомобиль көлігі туралы» ҚР заңына сәйкес әзірленген облыстық мәслихаттың 2016 жылғы 10 ақпандағы №352 шешіміне толықтырулар енгізу қажеттігін жеткізді. Осы ретте облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов бұл мәселені арнайы комиссия тексеріп, аталған маршруттардың әлеуметтік маңызы бар екенін айқындағанын жеткізді. Екі аудан әкімдігі де өз кезегінде бұл маршруттарға аудан бюджетінен субсидия төлеуге дайын. 

Басқарма басшысы осы орайда әлеуметтік маңызы бар жолаушылар қатынасына жататын маршруттар туралы бір мысал келтіріп өтті. Барлық маршруттарды субсидиялау міндетті емес. Мысалға облыс орталығындағы теміржол вокзалы арқылы жүретін және басқа бағыттағы маршруттар өз шығындарын жауып отыр. Сол себептен олар әлеуметтік маңызы бар қатынастар қатарына кірмейді, оларға бюджет қаржысынан субсидия берілмейді. Ал, қаладан Талдыаралға қатынайтын автобуста адамдар таңертең жұмысқа баратын және кешкі жұмыстан қайтатын мезгілде ғана көп болады. Қалған уақытта бірен-саран ғана жолаушылар мінеді, кейде бос қайтады. Бірақ жолаушы аз деп оны жауып тастай алмайды. Міне, бұл маршрут әлеуметтік маңызы бар деп есептеліп, оған қала бюджетінен субсидия төленеді.

Мұнан кейін депутаттар 2016 жылы бекітілген тізім жобасына толықтырулар енгізу туралы шешім жобасын қолдап дауыс берді.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<