«Қайсарға» бас бапкер тағайындалды

1312

0

Қызылорданың «Қайсар» командасына бас бапкер қызметіне Сұлтан Әбілдаев тағайындалды. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асылжан Жаманқұл, облыстық футбол федерациясының вице-президенті Болат Көшербаев мәлім етті.

Айта кетерлігі, келер жылы «Қайсар» бірінші лигада сынға түседі. Биыл команда сәтсіздіктен кейін Премьер-лигадағы орнын сақтап қала алған жоқ. Алға қойылған мақсат – үздіктер қатарына қайта қосылу. Бұл орайда командаға барлық қолдау көрсетіледі.

– «Қайсарға» бас бапкер қызметіне бірнеше үміткер таңдалды. Олардың арасынан Сұлтан Әбілдаевқа сенім артуға шешім қабылдадық. Жергілікті жанкүйерлер оның есімін жақсы біледі. 1970 жылы 21 наурызда Қызылорда қаласында дүниеге келген ол кәсіби футболшы ретінде алаңда жартылай қорғаушы қызметін атқарды. Мансабының басым бөлігін жергілікті клубта өткізді. Ол әзірге «Қайсардың» тарихында ең көп ойын өткізген футболшы ретінде танылды. Еліміздің ұлттық құрамасы сапында көптеген ойындарға қатысты. 2005 жылдан бері бапкерлікпен айналысып келеді. Алдымен футбол орталығында шәкірт тәрбиелесе, 2009-2016 жылдарда бас бапкердің көмекшісі, бас бапкер және өзге қызметтерді абыроймен атқарды. 2016 жылы «Қайсарға» жетекшілік жасап, бірінші лигадан Премьер-лигаға шығарды. Сол жылы ең үздік бапкер атағына ие болды. Сондай-ақ, С.Әбілдаев – облыста аталған қызметті атқаруға мүмкіндік беретін тиісті лицензияны иеленген жалғыз маман. Жергілікті футболдың қыр-сырын жақсы біледі. Алдағы уақытта қызылордалық жастардың жарқырай көрінуіне жол ашады деген үміттеміз, – деді басқарма басшысы.

Команда қаңтарда жаңа маусымға оқу-жаттығу жиынын бастайды. Негізгі құрам ойыншылары сол дайындық барысында белгілі болады.

– Әзірліктің ойдағыдай өтуіне өз деңгейінде назар аударылады. Бүгінгі күндері қаржылық мәселесі шешілуде. Алдағы уақытта команда директоры қызметін Жағыпар Жұмахметов атқарады. Ол бұған дейін өндіріс саласында еңбек еткен. Ұзақ жылдан бері «Қайсардың» жанкүйері ретінде қолдау көрсетті. Ал спорттық директор қызметіне белгілі футболшы Серік Сағындықов келді, ол бұрын «Қайсарда» ойнаған, – деді Б.Көшербаев.

Сұлтан Әбілдаев негізінен жергілікті футболшыларға сенім білдіретінін тілге тиек етті. Қазір Мақсат Байжанов, Думан Нәрзілдаев сынды тәжірибелі ойыншылармен келіссөз жүргізілуде. Сондай-ақ, еліміздің өзге өңірлерінен футболшылар келуі мүмкін.

«СБ» ақпарат  

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<