Бауыр (әңгіме)

3045

0

Бір үйден соң егделеу апай тұрағы. Кезінде ауыл қызметіне әжептәуір араласқан кісі. Қолында баласы мен келіні, немерелері. Ұлғайғандардай сөзге араласқыш, реті келгенде  ойын ортаға салудан кет әрі емес. Шілденің аптабында есік алдындағы көлеңкеде тыныстап отыр еді. Анадай жерден Сағындық өте берді. Бұл кісі де өзгелер сияқты жұрттың сәлемін күтеді. Біреу ықыласымен сәлем берсе, көңіл-күйі көтеріліп-ақ қалады. Сәлемі мен қоса бағалы дүние­сінен амалсыз айырылып жатқандай, бет-әлпеті құдды бұрнада барымташылардың қолына түсіп, өлердей таяқ жеп, содан зорға оңалғаны кеше ғана сияқты, созған қолының жылуы мен екпіні өлуге дайындалған құрбақадай, пәс пиғыл байқатушыларға ашуы қатты. Әттең, сабауға таяғы жоқ. Енді қайтсін, жөн-жосықты білетін, кезінде болған жан. Азды-көпті қошеметті көрген адам.

– Сағындықсың ба, неғып жылдам бара жатсың? Жұмысың сонша қауырт па, біреуге мүлдем көз салмайтындай! Тіпті, сәлемдесуге де уақытың жоқ па, сенің? – деді ол, дауысын көтеріңкіреп.

Сағындық амалсыздан мойын бұрды. Ол жұмысқа асығып та бара жатқан. Кешегіден шамалы басы ауырып, көңіл-күйі де пәстеу. Адаммен тілдесуге зауқы жоқ. Лажы қалмағасын бері жақындады.

– Қуатты барсыз ба! Сізді байқамаппын.

– Ия, казір көбі бізді байқамайды, қарағым.

– Кешіріңіз. Жұмысқа асығыс бара жатыр едім.

– Дұрыс, жұмысқа асығу керек. Сендер менің алдымда өстіңдер ғой. Әділбектің жағдайы қалай?

– Оны не қылайын деп едіңіз? Өз ауылында жүріп жатыр ғой.

– Ол да, сен де баламсыңдар. Сосын да, жағдайларыңды сұрайтыным.

– Бізді қайтесіз? Өз балаңыздың қамын жеңіз!

– Сөз болғаныңа! Жасы үлкен кісімен бұлай сөйлесуді саған кім үйретті?

– Мені кім деп тұрсыз? Мектеп оқушысы емеспін. Маған Сіздің ақылыңыз қажет емес!

– Бәрекелді, айналайын. Жолыңнан қалма!

Сағындық ұзай берді. Соңында ренжулі қария. «Аман жүрсең көрмегеніңді көреді екенсің! «Бір биеден ала да, құла да туады» дегені рас екен-ау. Әйтпесе, інісінің мінезі жібектей, мына үлкенінің құлықы мен сөзі  түйеден түскендей!» – деп, күрсінді көп жасаған көнекөз.

Көзге түспей, біреудің арқасында ойлағанына жетуді қалайды. Тікесі өзгенің қолымен от көсеу. Пендеден әдіс пен қулық қалған ба?!  Осындайлар  бар. Тіміскі ептілігі мен пасық ниеті арқылы іске асады мақсаты. Болмысы төмен, ұяты пәс пенде үйір осыған. Әділбектің жеңгесі ойын жұртқа сездірмей оп-оңай іске асырады. Аңғалдау Сағындық әйел мақсатын байқамайды. Өйткені, ол адамға сенгіш. Өзге жұртқа соның ғана аты шығады. Әйелі момақан, еш нәрсемен ісі жоқ, жуас адам тәрізді. 

– Қайным соқпай кетті ғой. Сен оған тағы ұрысқан жоқсың ба? Бұрын жағдайды біліп тұрушы еді, – деп, мүләйімсіді әйел.

– Келмесе, жұмысынан қолы тимей жүрген шығар!

– Анда-санда күріш әкеліп тастайтыны бар еді. Ол да тиылып қалды. Шаруашылықтың жарты билігі соның қолында емес пе? Тәйірі, оған бір қап күріш мәселе болып па? – деп, қармақ тастады тағы да. 

– Сен, осы мені майдалап қыздыр­ғаныңды доғар! Саған керек күрішті ертең совхоз қоймасынан жаздырып аламын.

Осыдан әрі тілдесу жалғасқан жоқ. Бірақ, айтылған сөз атылған оқ. Сағындық санасына ұялап қалды. Інісіне бұрыннан бар реніші қалыңдап қоюлана түсті. Әйелге де керегі сол. 

***

Болмыстың шуағы мен көлеңкесі қатар. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» дегендей, күтпеген, күрделі жағдай азаматты сақтандырып, олқылықтан қашықтатып, қадамын аңдап басып, сан рет ойлап-пішіп қана оңды шешім қабылдауына қажет сияқты. Адам шуақты күндердің жиі де, ұзақ болғандығын күтеді. Бірақ, оған айналасы көне қойса?!  Көнбейді.  Біреуі жаңылып, мүлт кетіп, жайсыздыққа кезігіп жатса, маңайындағылардың біразы мұның кемшіліктен жылдам арылуынан гөрі, ұшқарылық қоршауынан ұзай алма­ғанын қалайды. Сөйтсе, қыбы қа­на­тындай, пайда түсетіндей оған!..

Майда пенделік алағол мақсатын қуалап, мұның құлағына жағымды сөздер салып, бауыры екеуінің арасын алыстатпаса, жақындатпайтын құйтыр­қы пиғыл байқатқандар да бой көрсетпей қалған жоқ. Сағындықтың ойына өткенде бөтелкелес қатарының қызып отқанда айтқаны оралды: «Әнеугүні сен ініңнің дастарқаны үстінде оның кемшілігін әшкерелеп, есекке теріс мінгізгендей еткенің маған қатты ұнады! Білмейтіндерді осылай көпшілік алдында жөнге салып, жүгендеп қойған абзал» деп еді ол, айызы толғандай сықылықтап. Бұл ойға кетті: Алғашқыда, сол сөздер Сағындықтың санасын жаулап, айтушының мақсатын жақындатқандай болғаны да рас. Осыны сау кезінде тағы ой таразысына салды. Жаңағының сөзі естіген құлаққа бір қарағанда жағымды сезінгенмен, түбіріне зер салып үңілсең, бірлікке, мәмілегершілікке бұрмайтын сияқты. Апырай-ә, өмір түзу жолдан тайдыратын болғаны ма?!.. Теріс итермелейтіндер жететін сияқты! Ағалы-інілі адамдардың арасына сына қаққанға ұқсайды. Мұны қалай дерсің?.. Шынымен соным дұрыс болмады-ау, бауырымды жұрт алдында тезге салғаным! – деп күмәнданды ол.

Сағындықта ойына келгенін, көріп тұрғанының мәнісін заматында айт­пай, ішіндегісін сыртқа шығармай, жариялағаным біреудің көңіліне қайшы келіп, ұнатпас, ренжіп қалар, мұны кейін бір реті келгенде жеткізе жатармын, қазір үндемей-ақ қояйын деген пиғыл болған емес. Әділбек үйінде  ол оның досы Кеңеспен әп-әдемі әңгімелесіп отыр еді, іле-шала шүйліге кетті оған. Бұған Кеңестің көзқарасы ұнамай қапты. «Көзіңді неге аударасың, сен, жанарыңды неге алып қашасың, қарасыңды неге өзгертесің, әлде сенің ойың бұзық па, болмаса  пейілің таза емес пе?», – деп, Сағындық оған бас салды. Көзіңді алып қашқаның, жұрт бетіне тіке қарай алмағаның, жүзіңнің қаралығы ма? – деп, үдете түсті ызбарын. Кеңес те көтеріліп, ашу шақырғысы келіп еді, Сағындықтың мысы бас­ты білем, сәлден соң ол тостаған тола сүтті аударған мысықтай мүлдем жуасып қалды. Сағындық илеуінің астына түсіп қалбалақтап шыға алмай жатыр. Жұрттың «Қойыңыз – қойыңыз» дегенінің әсерімен ғана ол мұның одан сайын күш ала бастаған кәрінен әйтеуір аман қалды.

Сағындық қалай өзгергенін  түсінбейді. Үйдің тұңғышы. Қарындастары бар, кенже інісі Әділбек. Оларға ағалық қамқорлық жасаушы еді. Әсіресе, балалық шағында, жас кезінде. Мына оқиға әлі есінде. Ата-анасы Әділбекке «Орленок» белесепедін әперген. Оның қуанышында шек жоқ. Әлсін-әлсін далаға шығып, көшені ойқастап жүргені. Бір жағы мақтанғысы да келеді-ау. Сағындық үй алдындағы тал көлеңкесінде отырған. Анадай жерде Әділбек жүр шапқылап. Көрінбегеніне әжептәуір уақыт өтті. Жәймен көшенің бұрылысына тақады. Сонда ғана інісінің ересек екі баланың ортасында қалғанын көрді. Жағдай былай болыпты. Олар Әділбектің белесепедін шамалы ғана мінуге сұрайды. Ол береді. Шатақ сосын басталады. Жаңағылар әлім-жеттік жасап, белесепедті кезек-кезек мініп, Әділбекке бермей, оны әурелеп жүр екен. Әділбек ызаланып, күйініп, ересек балалардың зорлығына зорға шыдап тұр екен. Осыны байқаған Сағындық  біреуін желкесінен ұстап, құлағын бұрап шыңғыртты. Екіншісі мұны көрісімен белесепедті тастай қаша жөнелді. Ағасының қамқорлығын көріп, Әділбек өксігін әзер басты.

Ал, казір не болған?.. Ізінен ерген бауырына пана болғаны қайда қалды мұның?.. Үлкен өмірге кіргелі, кісі болғалы өзгеріпті. Сонда қалай? Бір үйде өскен жандар есейе келе бірінен бірі қашықтай түссе, адамдар бірлігі не болмақшы?!.. 

Бүгін тамақ тоқ, киімнің неше түрі бар, қора-жай зәулім. Бірақ, адам адамнан алыстаған. Осыған түсінбейді Сағындық. Ашуы  келеді. Кімге тиісерін, кімнен сұрарын білмейді. Сондықтан, кез келген жерде, адамның сөзі мен ісі теріс көрінгенде оны ұстап тұру мүмкін емес. Адамның мінезі мен түрі де құбылады. Кезінде бір ауылда туып-өскен, жиырма жасынан кейін тағдыр бұйрығымен елу жыл кезікпей жетпіске келген екі қарттың бірін-бірі зорға танып, жастықтарын еске алып шүйіркелескені осыған дәлел. Тек уәде қалпында болуы абзал. Кейде ол да өзгеріске ұшырап жатады. Бұған қалай шыдарсың?  Адамның  пейілі мен көңілі де өзгереді. Жағдай жақсарған сайын олар да кеңейіп, оңалуы тиіс қой. Ал, керісінше, азып-тозып, тарылып жатса ше? Мұның бәрі Сағындық үшін шешімі қиын, ауыр жұмбақ! Ол осыған түсіне алмай, түп-түбіріне жете алмай, мәселенің шешімін таба алмай, тығырыққа тіреліп басы қатқаннан соң  шатаққа ұрынады емес пе?!

Адам санасы жұмыртқаға ұқсас. Сыртындағы қатты ақ қабығы болмашы жерде ашу шақырып, жұртты әбігерге салатын пенденің шатақ мінезіндей. Қабығын аршып лас ыдысқа лақтырғандай, адамның оғаш қылығын сылып тастаса, жұмыртқаның ішіндегі сары уызындай, бабадан жеткен тектілігі жарқ етеді. Ендеше, Сағындықта осы бар. Шіркін, пайдасыз қабықты мүлде сылып тастайтын күш болар ма еді? Сағындық соңғы кезде өз мінезі жөнінде көп ойланады. Сотқарлықтың маңайындағыларға тиер теріс әсерін байқап жүр ол. Бірақ, қолынан келері шамалы. Ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады дегендей. Дегенмен, бұл азаматта жақсыға ұмтылыс бар. Өйткені онда тектілік пен тентектік пара-пар. Бабалар тектілігі оған ата-ана қанымен жеткен. Тентектік бала кезіндегі тәрбиеден. Сол тентектік әлі басым.

***

Көбі көлеңкелі іс себебін біреуден көріп, өзгеден іздейді. Өзіне маңайлатуға жоқ. Уақыт өте қолайсыз құбылысты таразылайды, бұрынғы ойларын өзгертіп, дұрыс жолға түсуі мүмкін. Әділбек ағасының мінез тепкісін көп көрді, артық сөз естіді, кейде екі бауырдың арасында  жүруге тиіс емес жағдайлар да орын алды. Туысына қатты өкпелеген күндер өтті. Әке-шеше жоқ жөн сұрайтын. Екі бауырдың бөтен кісі алдына барып, ақыл сұрауы орынды ма?! Одан да Алла ықпалын күткен дұрыс шығар!

Оның ойы астан-кестең. Бауыры екеуі кезіккен тығырықтан арылғысы келеді. Жол іздеп, қарманады. «Апырай-ә», «Қолда бардың қадірі жоқ» дегені осы екен-ау! Осыған жете алмай, армандап жүргендер қаншама? Бауы­ры жоқ адамдар қалай өмір сүріп жатыр екен, ә?! Менікі әурегершілік екен ғой! Осыған дейін тіл табыса алмағанымыз екеумізден-ақ болсын! Бірақ, мен кішімін. Мейлі, бауырым артық сөздер айтсын-ақ! Мықты болсам, сол сөздердің неге, қалай шығып жатқанын тауып, түп-тамырын зерттеп білуім керек еді. Осы уаққа дейін соған шамам келмепті. Бұрынғылардың «Үлкендікі бұрыс болса да, дұрыс» деуінің мәнін Әділбек енді түсінгендей. 

Әкенің Сүлеймен атты тетелес ағасы болған екен. Әділбек мектепке бармай ол кісі жарық дүниемен қош айтысыпты. Перзенттен тарлық көрсе керек. Әділбектің  екі жасар кезінде інісіне келіп оны сұрапты, бауырыма басайын, бала етіп алайын деп. Бұлар келісе қоймапты. Осыны Әділбек есейгенде ана аузынан естіген. Бүгін сол сөз есіне түскенде, оны заматында күтпеген күмән шұғыл шыр айналдыра орап алды! Неге өз ағасы мұны соншама жек көреді, кілең кеудесінен итереді жаттай?! Әрдайым соңына түсіп алады! Мүмкін, бұл шынымен Сүлеймен атты әке ағасының баласы шығар. Онда мұны өз әкесі Сүлеймен қайтыс болған соң осылар асырап алған шығар. Бір жолы әкесі сен Сүлеймен әкеңнің ұлысың дегені бар. Ендеше осында бұл білмейтін сыр жатыр! Оған дәлел де жоқ емес. Өйткені мұның пошымы Сағындық ағасының ­түр-әлпетіне ұқсамайды. Содан Әділбекті күдік ала бастасын! Алаңсыз дамылы кетті. Енді мұның анық-қанығын кім білуі мүмкін? Әрине, Сағындық ағасы. Бірақ, онымен тілдесу, сырласу Әділбекке оңай емес.

***

Інісіне қатты шүйлігіп ренжіткен кеште көршісі Болатпен бірге қайтқан. Ертеңіне мұның үйіне келіп ол: «Кеше сен бауырыңды бекер  ренжіттің! Оған таққан кінәларың негізсіз, артық! Сен ініңе босқа өкпелейсің! Мұны біреу­лер пайдаланып кетеді. Екеуіңді шатыстыр­ғысы, алыстатқысы, бөлгісі келеді. Осыған жол бермеуің керек, Сәке!» – деді.

Осыны күткендей Сағындық та іле-шала ақтарыла сөйледі:

– Болат, осыны әдейі жасайды дейсің бе? Амалсыздан ғой! Білмеймін, маған не болғанын, әйтеуір жұртқа разы емеспін! Маған сенсең, біреулер бірін-бірі арбап-алдайтын сияқты. Ойлайтыны тек өз қамы. Өздеріне бәрі оң. Маған теріс! Осыған шыдай алмай бар бәлені өзіме қаратып алам!

– Қызық екен, Сағындық. Ендеше, мен осыны байқамаппын.

– Сенсең де, сенбесең де, мен өзгелерге сол бала кезімдегі көзқараспен қарайтын сияқтымын әлі. Есейе келе сол мінезім, осы әдетім көп өзгерген емес. Дүние үшін жұлысбаймын, таласпаймын! Қайдан жұққанын білмеймін, мен адамның не ойлап тұрғанын көзінен ажырата аламын. Анада Кеңеске тиіскенімді білесің. Оған назар салғанымда көзін алып қашқанын байқап, қаным қайнады. Негізі тіке қарамай, көзін аударып кеткен пендеден аулақ жүру керек!  Болат,  барымды айтайыншы саған!  Мен,  осы қатты қорқамын, өмірге бейімсіз тудым ба деп!.. Жоқ, әлде, шынайы болмысқа сай емес өзгелер ме?!

– Кейде,  «Бала болдың ба?!» – деп жатады қасындағының қарапайым ісін аңғарып, бостау сөзін естіп. Ақ-адал ойы мен жүрек жарды сөзі болса ше ол? Жұрт бала болмас үшін есейеді, ақыл мен білімге толады. Пысықтары арасында қулық-сұмдықпен жарасып үлгереді. Биік лауазым мен мол байлыққа жету үшін. Біреудің есебінен. Өзгенің несібесінен. Ал, осының қажеті қанша?! Баға жетпес, қасиетті өмірді арзанға айырбастаудың?! Бұрыс жолмен, теріс пиғылмен келген мол дүниенің түбінде құтсыз болатынын жұрт білмей ме осы?! Осыны айтты да, Сағындық кідірді. Болат бар ықыласымен басын шұлғып, ойлы, ыстық назарын аударды досына.

Ол сырт көзге қаталдау, мейірімсіздеу көрінгенімен, іштей көп ойланады. Сөзге де ергіш, түйсікті сәтте ойланып, қиналмайды, бірден түзу жолдан тайдырар ашуға секіріп мініп, жұрт тынышын алады. Содан таяқ жейтін. Кейін, оңашада ойланып, өзіне көңілі толмай ренжитін, бірақ, алда ілікті жағдай туа қалса үйреншікті әдетіне қалай ұрынып кеткенін байқамайтын. Әсіресе, бауыры жөнінде. Інісімен көлеңкелі қарым-қатынаста болуы оны мазасыз ойға жетелейтін. «Артымнан ерген бауырыма неге сондай қаталдық жасап жүрмін?! Барған сайын екеу­міз алыстап бара жатырмыз. Жұртты көрсем, әп-әдемі, тату-тәтті өмір сүріп жатыр, тіпті сырттай қызығасың. Ал, біздікі болса мынау. «Осыны қою керек қой» деп жатып, ұйықтап кетуші еді. Ертеңіне, ояна келе күнделікті күйкі тірлікке араласа мұны ұмытатын. Ойлары аяқсыз қала беретін.

***

Әке әңгімесін жалғастырды: «Осы ауылда тоқсанға таянған жалғыз ілікті қарт болған. Сол кісімен ұзақ сөйлес­кенім бар. Ол уақта мен орта жастамын. Білмеймін неден екенін, сол кісі маған жылы ұшырады. «Ауылдың  сырын білесің бе?» – деді. «Білмеймін» деп жауап қайырдым. Сәл ойлаңқырап қалды. Білмесең, айтайын! Өзіммен бірге кетпесін. Сөйтіп қарт әңгімесін бастады: «Ертеде ауыл шетіндегі көл жағасына қоршау орнап, барақтар тұрғызылды. Оған сотталып, жазасын өтейтін елу шақты адам әкелді. Заман белгілі. Күнкөріс ауыр. Әркім өзінше тырбаңдануда. Бір күні ауыл азаматтары мен жаңағы қоршаудағылар арасында қатынас басталсын кеп. Жазаларын өтейтіндер ұры-қары, бұзақы емес, кілең оқыған, білімді, жуас адамдар.  Қай заманда да адам сөйлеген сөзінен, аузынан шыққан өтімді, өткір ойдан табады емес пе, шамасы бұлар да сондай пәлеге кезіккендер-ау! Неге, не үшін отырғандары белгісіз, оны өздері де білдірген емес. Оларды бақылайтын форма киген оншақты орыс әскерилері бар. Бір-бірімен өзінше тілдескенде сөз арасында «Итака» деген сөзді көп айтады. Содан ауыл адамдары осы маңды «Итака» деп атап кетті.

Ауыл азаматтарының күн көрісі жетісіп тұрмаса да, олар жаттық білдірмей «Итакамен» байланысын үдетіп, күнде бірнеше тапа жүгері, күрмек нанын,  тобатай сүт, сапар кесе айран мен көжелерін апарып тұрғаны.

Сол қоршау оншақты жыл тұрды. Босағаны үйлеріне қайтып, қалғаны өзге жаққа бет алды. Кетерінде олар ауыл азаматтарымен жылап айырылды. Ішіндегі үлкендеуі: «Біразымыз осы ауыл адамдары арқасында аман қалдық, бұл маң Құдай ықыласы ауған құтты қоныс екен. Мұнда қолқайыры мол, жүректері жылы, пейілі кең жандар тұрады екен. Осы ауылға Алланың нұры жаусын, жандары көктеп, көгерсін. Аталарының бізге жасаған сауапты істер шарапатын Алла ұрпақтарына бұйыртсын!» – деді, көзіне жас алып. «Мен осыны өз құлағыммен естігенмін», – деді қарт.

Жаңа ғана түнеріп отқан Сағындық әкесінің баяғыда айтқан осы сөзі есіне түскенде болмыстың түйінді жұмбағы шешімін сезгендей толқыды. Ардақты әке жол көрсетіп тұр ғой! Бұрын осы ауылға баталарын беріп кеткен  адамдар жүрегі түбінен шыққан ықылас-шарапаты солайымен өзіне дарып, құйылып жатқандай көрінді. Бір жағы бұл оның ішкі ойы да шығар. Кісі қиналғанда, машақатқа кезіккенде, одан құтылу мен арылуға  жол іздеп қарманады.  Сағындық қазір сондай өлара  сәтте. Ол «Баталы құл арымас» дегендей ата-баба қонысынан қайыр көрген мүсәпір жандар қалдырған қасиетті  шапағат-қайырымнан үміттенеді.  Мұның бабалары сонау сұрапыл заманда аузынан жырып, таныстығы да, жақындығы да жоқ, зорлықтың тәлкегіне түскен кінәсіз жандарға қолдау жасап, оларды аман алып қалыпты.  Ал, мұның өз бауырына жақсылық жасауға шамасы жетпегені ме?!

Ойланып жатып, ұйықтап кетті. Таң ата түс көрді. Ауылға қонақ жігіт келіпті. Айтуынша, ол баяғыда «Итакада» болған адамның ұлы екен. Әкесі ақырғы сәтінде осы ауылға барып, ауыл адамдарына рақмет айт, деп  тапсырыпты. Әке өсиетін орындауға аттаныпты. Сол азамат Сағындықтың қолынан алып рақметін айтты. «Әкем сіздерді «Құдайына қараған адамдар» деп еді маған. Соны айтуға келдім» – деді ол. Бұл оянып кетті.

Осы түс Сағындыққа көп жайды аңғартты. Әке  өсиеті есіне түсті. Ата-баба аруағының желеп-жебеп жүргеніне көзі жетті. Көп ойдың шешімін тапқан сияқты. Далада мәшинасымен әріптесі күтіп тұр. Ертемен құрылысқа жетулері тиіс. Ол бірден көрші ауылға тартты. Екі қыстақтың арасы жарты сағаттық. Жол ұзарып кеткен бе, қалай?.. Жеткізетін емес! Қарсы көлік шаң берді. Жақындай түсті. «Мынау Әділбек қой» – деді  қасындағы. – Тоқта – деді Сағындық.

Ол да тоқтады. Ішінен Әділбек шықты. Бұл да түсті. Екі бауыр жол үстінде кезікті.

– Қайда барасың? – деді бұл.

– Сізге келемін, – деді ол.

– Ендеше, мен саған барамын, – деді ағасы.

– Сөзім бар Сізге айтатын, – деді інісі.

– Айт, онда жұмысыңды, – деді бауыры.

– Сізге қояр сұрағым бар. Соны білгім келеді!

– Ол қандай сұрақ?

– Аға, осы мен Сізбен бірге тудым ба?  Менің шын әкем Сүлеймен емес пе?  Кейде екеуміз бір тумағандай көрінеді маған!

– Бауырым-ай! Не дейін саған! Сенің туғаныңды көрген мен емес пе?! Жатушы ең томпиып, сүп-сүйкімді боп!.. Сен дүние есігін ашқанда ата-анамның қалай қуанғанын көрген жоқсың! «Сағындық соңынан қара ерді» – деп, жар салды ғой ол иманды болғырлар!

– Айтыңызшы, онда Сіз үшін осы дүниеде менен артық, менен жақын жан бар ма?.. Көп ойландым! Маған Сізден артық, Сізден асқан жақын жан жоқ екенін ұқтым, түсіндім, аға! Менің қатем көп. Енді Сіз не істесеңізде көтеремін! Өйткені, соңыңыздан ерген қараңызбын!..

– Сай-сүйегімді сырқыратып, жанымды елжіретіп жібердің-ау, Әділжаным!  Мен де ақымақ емеспін!  Жас кезімде кітап көп оқыдым. Сенің мына сөзің оқыған уақиғаны есіме салды ғой. Ерте заманда болымды азамат жаудан жеңіліп шегінген екен. Жолай ұлын кездестіреді. Оны артына мінгізіп алады. Шауып келе жатыр. Алдында жаяу қашып бара жатқан туған інісін көреді. Жау артта жақындап қалды. Жарамды ат тек екі адамды ғана жаудан құтқарады. Сонда жаңағы батыр көзіне жас алып: «Атасы бөлек аттан түс, атасы бірге атқа мін» деген екен!

«Сол сен екенсің ғой, кешір мені бауырым, бұдан былай екеумізді Алладан өзге ешкім айыра алмайды!» – деп, кемсеңдеп інісін құшақтай алды, алпысты алқымдаған азамат. Інісінің көзінен де жас парлап тұр. Ата-аналары дүниеден көшкенде осылай жылап еді олар. Онда әке-шешеден айырылғанына жыласа, мұнда бір-бірімен қайта қосылғанына, табысқанына  жылап тұр.

(Соңы. Басы өткен санда)

Серікбай ҚОШҚАРОВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<