Көңіл төріне көшкен бейне

526

0

Адам өмірге жылап келеді, жылатып кетеді. Бұл – жаратылыс заңы. Соңында қалдырған ізгілікті ісімен, өмірін жалғастырар ұрпағымен өшпестей із қалдырғандар есімі еш уақытта ұмытылмайды. Өйткені, кемел жанның көзі бардағы әр қадамы, елі үшін атқарған толымды істері ұрпақтан ұрпаққа мәңгілік естелік болып жалғаса береді. Осындай атпал азаматтардың бірі де бірегейі – Серікбол Қожаниязұлы.

Ол 1948 жылы 1 қаңтарда Сырдария ауданында Қожанияз Омарұлы мен Рабиға Мүсілімқызының отбасында дүниеге келді. 1965 жылы Қызылорда қаласындағы №4 С.Сейфуллин атындағы орта мектепті бітірді. Сол жылы Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институттың  жаратылыстану факультетіне түсіп, 1970 жылы биолог мамандығын алып шығады. Еңбек жолын облыстық санитарлық-эпидемиологиялық станциясында энтомолог болып бастап, сол салада зейнетке шыққанша жұмыс істеді.

Серікбол аға қызмет еткен паразитология бөлімінің жұмысы күрделі, көзге көріне бермейді. Бөлім меңгерушісі Давид Генис Ефимович жол көрсетер ұстазы болды. Білікті басшының шекпенінен шыққан ол  халық арасында жұқпалы аурулардың таралмауына, диагностика, емдеу жұмыстарына зор үлес қосты. Жыл бойы облыстың әр өңірінде іссапарда болып, далада қона жүріп, жиналған жәндіктерді лабораториялық зерттеулерден өткізді. Бұл зерттеулер нәтижесінде қай аумақта қандай аурулар таралуы мүмкін екенін алдын ала білетін. Қабылданған іс-шаралар арқасында жұмыс та ілгерілей түсетін. Әр тапсырманың орындалуын да қатаң қадағалайтын.

 Сондай бір оқиға есіме түсіп отыр. Ең күрделі жағдай  – республиканың оңтүстік аймақтарында, әсіресе, біздің облыста тараған Қырым қанды безгегі ауруы болды. Осы кеселді бес адам жұқтырып, қайтыс болғанда (ішінде денсаулық сақтау саласы қызметкерлері бар) басшылық алдында түйткілді мәселе тұрды. Сол қиын кезеңде Давид Ефимович, Серікбол Қожаниязұлы бастаған тәжірибелі мамандар қысқа мерзімде инструкция дайындап, барлық мекемелерге тиісті тапсырмалар жүктеді. Дер кезінде қолға алынған іс-шаралар оң нәтиже беріп, аурушаңдық деңгейі төмендеді. Адамдар арасында өлім деректері аз тіркелді.

Маманның 1980 жылы республика көлемінде ұйымдастырылған ғылыми-тәжірибелік конференцияда жасаған баяндамасына жоғары баға берілді. Ол облыстың эпидемиологиялық қызметінің дамуына қосқан үлесі үшін ҚР «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісі, «Құрмет» ордені, алғыс хаттармен марапатталды.

Серікбол ағаның өнегелі өмірі  көпке үлгі болатындай еді. «Ағасы бардың жағасы бар, інісі бардың тынысы бар» демекші, айналасындағы інілеріне ізетті, ағалық алғаусыз көңілі дара-тұғын. Көңілдегі сырыңды көзіңе қарап танитындай қасиеті  әлі есімде.

Құдай қосқан қосағы Дариха екеуінен екі ұл, бір қыз өрбіген. Бүгінде олардың өз отбасы бар. Немерелерінің алды да үйлі-баранды. Отбасына жайлы, адал жар, балаларының асқар тауы – қамқоршысы, немерелердің ақылшы атасы болды. Көз қуанышы болған кішкентайлардың ортасында арқа-жарқа болып, мәз-мәйрам күй кешетін. Бәріміз қызыға қараушы едік. Әттең… Бір кем дүние деген осы шығар, бәлкім?

Серікбол ағаның ұйымдастырушылық қасиеті бір бөлек еді. Көпті жатырқамайтын, бауырмалдығы, азаматтығы мен адамгершілігі жүрегіміздің түкпірінде сақталып қалды. Ол кең жүректің, дархан көңілдің иесі болды. Бүгінде  ағалық қамқорлығын әлі де іздейміз, аңсаймыз, сағынамыз.

Бұл өмірден біреу ерте, енді бірі кеш өтеді. Сәкеңнің көрер қызығы әлі алда еді. Амал қанша… Оның жарқын бейнесін, жылы жүзін ағайын-туыс, бауырлары, замандастары ұмытпайды. Уақыт озған сайын көркем тұлғасы биіктей бермек.

Аюп Мырзабекұлы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<