«Қамқорлық» қамқорлығын аямайды

1016

0

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова көпбейінді облыстық балалар ауруханасы жанынан ашылған «Қамқорлық» оңалту орталығының жұмысымен танысты.

Жыл басынан іске қосылған орталық 60 төсекке арналған. Мұнда неврологиялық, кардиологиялық, травматологиялық және туа бітті сал ауруымен ауыратын, яғни, оңалту ем шарасын қажет ететін балалардың  ем алуына барлық жағдай жасалған. Бұрын мұндай науқастар республикалық деңгейдегі оңалту орталықтарына барса, енді олар сол емді осы жерден-ақ алады. Мұндай орталық  бізден басқа республика көлемінде Жамбыл, Алматы және Түркістан облыстарында бар.

–    Орталық барлық қажетті заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталып, мамандармен қамтылған. Мұнда неврологиялық ақаулары бар, жарақаттан кейінгі жағдайдағы, кардиохирургиялық және нейрохирургиялық операциядан кейінгі науқастар екі кезең бойынша ем алады. Екінші кезең бойынша 10 күн, үшінші кезеңдегілер 21 күн емделеді. Әр науқастың ерекшелігіне байланысты арнайы ем шаралар тағайындалады, – дейді аурухана бас дәрігерінің орынбасары Шәрипа Әлиева.

Орталықта науқастардың жоғары сапалы ем алуына мүмкіндік беретін сумен емдеу жүйесі, яғни, бассейндер, емдік денешынықтыру кабинеттері, гимнастика, массаж бөлмелері, тұзды шахта бар. Мұндағы бір ерекшелік – келушілер стационарлық және амбулаторлық жағдайда да, яғни, күнделікті үйінен қатынап ем алады.  Қазіргі кезде 44 бала емделуде. 

Орталық жұмысымен танысқан аймақ басшысы балалардың ата-аналарымен  жүздесіп, емдеу орнының қызметі жөнінде пікірлесті. Өз кезегінде ата-аналар да ризашылығын білдіріп, алғыстарын айтты.

– Оңалту орталығының ашылғанына өте қуанып қалдық. Немерем  осында ем алып жатыр. Туа бітті науқас болды. Көп қиындық көрдік. Басына ота жасалған. Қазір жеті жаста. Бірінші сынып оқушысы. Үйден  оқиды. Әлі де көп емді қажет етеді. Мұнда бәрі жаңа, заманауи құрал-жабдықтар өте көп, тап-таза, кең бөлмелер балаларға да, өзімізге де ыңғайлы. Балаларымыз ауруынан айығып шыға берсін деп тілеймін. Осындай жағдай жасап берген ел азаматтарына көп рахмет, – дейді Шиелі ауданы Бәйгеқұм ауылының тұрғыны Күлбазар Піржанова.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<