Еңбек қана жақсы өмірге жеткізеді

528

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Qazaqstan» ұлттық арнасына берген сұхбатында көпшіліктің көкейінде жүрген көптеген сауалдарға нақты жауап берді деп ойлаймын.

Біріншіден, қаңтар айында болған наразылық шерулерінің астарында өткір әлеуметтік мәселе жатқанын ашып айтты. Халықтың көбінің әлеуметтік жағдайы төмен, мемлекеттің тұтас байлығы аз ғана топтың қолында болып келгені бұлтартпас шындық екенін жеткізді. Бірақ өкініштісі, азаматтардың бұл наразылығын бұзақы топтар мен лаңкестер пайдаланып кетіп, ол қаңтар қасіретіне әкеп соқты.

Одан кейін халық арасында «жазықсыз адамдар жазаланып жатыр» деген айыптаулар, әлеуметтік желілерде өзінің атына бағытталып жатқан бейнеүндеулер жөнінде жақсы хабардар екенін айтты. Осыған байланысты «шаш ал десе, бас алатын» әрекеттерге жол беруге болмайтыны туралы Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураға арнайы тапсырма бергенін мәлімдеді. Әрбір іс бойынша әділ шешім шығарылып, кінәсіздер босатылып, кінәлі адамдар жазаға тартылады. Бұл мәселеге байланысты адам құқығын қорғайтын қоғамдық комиссиялар құрылып, жұмыстарына кірісіп кеткені жөнінде сұхбаттан естіп білдік. Бұл өте дұрыс қадам деп санаймын, өйткені адам құқығының қорғалуы өте маңызды.

Президент сұхбатында «олигополия» терминіне түсінік беріп өтті. Ол экономика саласындағы саны шектеулі адамдардың үстемдігі, өкініштісі, біздің елде оның көрінісі жетерлік. Бұл адал бәсекелестікті қалайтын қаншама кәсіпкерге зардабын тигізіп келеді. Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл мәселе шешімін таппаса, экономикамыз дамымай, ішкі саяси ахуал мүлдем нашарлап кететінін атап өтті. «Экономикада да, саясатта да монополияны мейлінше жою – басты мақсатым» деген Мемлекет басшысының сөзі ертеңге сенім ұялатты. Сондай-ақ шетелге заңсыз шығарылған қаражаттарды елімізге қайтару мақсатында жұмыстар басталып жатқаны қуантады.

Президент сұхбатында ана тіліміз, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының әскерін Қазақстанға кіргізу, кадр мәселесі туралы айтқандары көпшіліктің ойынан шықты деп ойлаймын. Өзіме  масылдықтан, жалқаулықтан алшақ болып, еңбекқор, жұмысқа адал ұлт ретінде қалыптасу туралы пікірі қатты ұнады. Еңбек етіп қана жақсы өмірге қол жеткіземіз. Менің бұл ойыма басқалар да толығымен қосылады деп санаймын.

Сұхбат соңында Қ.Тоқаев елімізде әділетті қоғам орнату, экономикалық дамуымызды  жеделдету мақсатындағы реформалар бағытын өзгертпейтінін мәлім етті. Оны  бәріміз де қолдап, реформалардың сәтті жүзеге асуына әрқайсысымыз үлесімізді қосуға тиіспіз.

Жанарбек НҰРЫМБЕТОВ,

облыстық мәслихат депутаты, «Ысамаддин» ШҚ төрағасы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<