Бойында бірнеше өнер ұштасқан

1052

0

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деген ұлағатты сөзі бар. Бүгінгі кейіпкеріміз Нұрлан Сатмағамбетовтың бойында жоғарыда айтылған қасиеттердің бәрі табылады десем, әсірелегенім емес. Санамалап көрейік.

Нұрлан Есімханұлы – ауданға танымал жеке кәсіпкер. Қос бірдей жоғары оқу орнын яғни, Қорқыт ата атындағы университетін «Физика-математика», ал Шымкент қаласындағы Әлеуметтік инновациялық академияны «Спорт және денешынықтыру» мамандығы бойынша бітірген. Оған қоса діни медреседе білім алған. Нұрлан грек-рим күресінен спорт шеберлігіне кандидат, отбасындағы 5 бауырының ортаншысы. Әкесі Есімхан теміржол саласынан зейнет демалысына шықса, анасы Әзима үй шаруасында.

Нұрлан Сатмағамбетов екі жылдан бері кәсіпкерлікпен айналысып келеді. «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2 млн теңге қайтарымсыз грант алды. Қазір кәсіпкер халықтың сұранысына сай тапсырыстар қабылдап, түрлі үлгідегі бас киім тігеді.

– «Кәсіп түбі береке» деген. Қандай істі де бастау оңайға түспейтіні белгілі. Алғашқыда аздаған қиындықтар болғаны рас. Алайда, біртіндеп жұмыс жүре бастады. Шүкір, тіршілігіміз бөтен емес. Үйдің бір бөлігін тігін цехы ретінде ашып қойдық. Түрлі үлгідегі бас киім дайындаймын. Қажетті шикізаттың көбісін өзіміздің ауданнан аламын, табылмағанын сырттан тасымалдаймын. Бас киімді өзім дайындаймын, ата-анам көмектеседі. Базарда сауда орнымыз бар, әзір болған бас киімдерді сол жерге сатуға шығарамын, – дейді жеке кәсіпкер. 

«Жігітке жеті өнер де аз» деп бекер айтылмаса керек. Бойында бірнеше өнер ұштасқан азаматтың кәсібіне береке тілейміз!

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

«Сыр бойы»

Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<