Жалақы өсті, сапа жақсара ма?

1028

0

Жасыратыны жоқ елімізде дипломы бар, білімі жоқ мамандар пайда болды. Себебі кейбір түлектер оқу бағдарламасын тиісті деңгейде игермеген. Диплом негізінде жұмысқа орналасуға ниет білдіргендерді жаңа енгізілген тәртіп қуантпайтыны анық. Кейбір университеттерге де шешім ұнаған жоқ, өйткені, бұл олардың жұмысының деңгейі мен сапасын айқын көрсетті.

Жоғары оқу орындарының білім беру қызметінің сапасын жақсарту мақсатында, мектепте қызмет етуге тек мықтылар келуі үшін министрлік мықтап кіріскен сияқты. «Елімізде кадрлар даярлау сапасын жақсарту үшін қажетті шараларды қабылдайтын боламыз, әсіресе, педагогикалық бағытта. Енді негізгі тренд анықталып, педагог мамандығы мектеп түлектері үшін қызықты бола бастаған кезде бізге болашақ мұғалімдерді жоғары сапада даярлауды қамтамасыз ету өте маңызды»,  − деді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетов өзінің facebook желісіндегі парақшасында.       

Министрлік биылдан бастап білім саласындағы жемқорлық фактілерін болдырмау, кәсіби біліктілігі жоғары мамандар пулын күшейту мақсатында құқықтық актілерге өзгерістер енгізді. Мұғалімдерді конкурс арқылы жұмысқа қабылдаудың жаңа жүйесі қалыптасып жатқанын жазды.  Бірінші жаңалық – педагогикалық бағытта білім беретін жоғары оқу орындарының түлектері үшін міндетті тестілеу енгізілді. Енді дайындығы нашар үміткерлер мұғалім болып жұмысқа орналаса алмайды, яғни педагогикалық білім туралы дипломның болуы жұмысқа бірден орналасуға кепілдік бермейді. Балалармен жұмыс істей білу өте маңызды және жауапты міндет болғандықтан, алдымен тәуелсіз тестілеуден өту керек. Қосымша тестілеуден өту арқылы «Педагог» біліктілігін алуға міндетті. 

Алғаш жұмысқа тұрарда тестілеуден өту керек

«Бұл қалай жүзеге асырылады?» деген сауалға Білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетов:

− Мысалы, төрт жыл бойы математика мұғалімі мамандығын оқыған студент мектепке жұмысқа орналасу үшін Ұлттық біліктілік тестін тапсыратын болады. Тестілеу сұрақтарында математика бойынша мектеп бағдарламасы мен сол пән бойынша сабақ беру әдістемесі қамтылады. Жоғары оқу орнында, шын мәнінде төрт курс оқып, қажетті білім алған студенттерге тест тапсыру қиындық тудырмайды. Ал бірқатар себептермен білімі мен қабілеті балаларымызды оқытуға жеткіліксіз түлектер білім беру ұйымдарына қабылданбайды. Бізге сан емес, сапа маңызды. Тиісті деңгейде білімі жоқ түлектер балалармен жұмыс істемеуі керек. Болашақ педагогтерді алғаш рет тестілеу көптеген жоғары оқу орны үшін үлкен сынақ болды. Бастапқыда белгіленген шекті деңгейді айтарлықтай төмендеткенімізге қарамастан түлектердің 46%-і ғана қажетті балл жинай алғанын айта кеткен жөн, − деді.

Елімізде өткен жылы  мұндай сыртқы емтиханды шамамен 40 мың түлек тапсырған. Олардың ішінде шекті балл жинағандар ғана мектепте жұмыс істеуге мүмкіндік алды. Енгізілген бұл жаңашылдық жоғары оқу орындары жұмысының сапасын да көрсетті. Білім беру сапасы төмен жоғары оқу орындары жұмысын тоқтатты. Тағы оқыту сапасы нашар ЖОО-лар 500-ден астам лицензиясы кері қайтарылды. Сондай-ақ бірқатар колледж жұмысын тоқтатып, тиісті деңгейде білім бермеген мамандықтар бойынша 2000 лицензия министрлікке қайтарылды. Осы тиімді тұстарынан бөлек, бұл шара студенттерді диплом үшін ғана оқуға емес, шын мәнінде сапалы білім алуға ынталандырылады. Ал жоғары оқу орындары тиісті сапада  білім беруге міндеттелмек.

Ротация басталды

Биылғы жаңалық  бір ұйымда ұзақ уақыт жұмыс істеген мектеп директорлары үшін алғаш рет ротация жүйесі енгізілді. Ротация латын тілінің rotatio  дөңгелек, айналу деген мағынаны білдіреді. Енді директор бір ұйымда 7 жылдан артық басшы бола алмайды. Ротация басталды және жыл бойы жүргізіледі. Онда мұғалімдер немесе директорлар бір мектепте белгілі бір уақыт жұмыс істегеннен кейін басқа жұмысқа ауысады. Ол жаңа орынды өзі таңдамайды. Мұндай тәжірибе ХХ ғасырда пайда болды және әлі күнге дейін Азия елдерінде таралуда. Ротацияны енгізудің себебі − көбінесе барлық оқушылардың мүмкіндіктерін теңестіруге, сапалы білімді қолжетімді етуге деген ұмтылыс. Тәжірибелі және мықты мамандар әдетте рейтингі төмен немесе алыс мектептерге жіберіледі. Ротация мектептер арасында қарым-қатынас бар жерде жүзеге асу керек. Мысалы, Сингапурде мектептер өзіндік кешендер құрады, ал Қытайда қалалық және ауылдық мектептер серіктестік туралы келіседі. Ротация Кореяда жетпісінші жылдары басталған, сондықтан бұл тәжірибе білім беру жүйесіне мықтап енген. Себептер стандартты − білім беру ортасының біркелкілігін және сапалы білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге деген ұмтылыс. Кореяда, басқа елдердегі сияқты мектепке тек тіркелу арқылы бара алады. Жапон билігі елуінші жылдары мұғалімдерді ауыстыру саясатын әзірлеуді бастады, ал алпысыншы жылдардың басында аталған жүйе ресми түрде енгізілді. Содан бері ол бірнеше рет толықтырылып, жетілдірілді. Қазір Жапонияда мұғалімдер ғана емес, директорлар мен мектеп әкімшілігінің басқа қызметкерлері де осы айналым әдісімен жұмыс істейді.

Ротацияның негізгі мақсатының бірі − ауылдық мектептерге мықты білім ошақтарынан тәжірибелі мұғалімдерді жіберу туралы шешім қабылдау. Билік ауылдық жерлерге көшетіндерге тұрғын үй бөліп, оқуға қажетті заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету керек. Оған қатысу – мансаптық өсудің шарты, мұғалімнің табысы, жаңа кәсіби деңгейге шығуы.

Бұл өзгеріс мұғалімдер арасында қызу талқыға түсті. Бірі «дұрыс, мықты кадрды жоғалтпау керек» десе, енді бірі «айналым арқылы директорлық лауазымын сақтап жүре ме, жеті жыл істеген соң басқаларға да мүмкіндік беру керек, білімді, жаңашыл жастар да бар» деп пікір екіге бөлінді. Әйтсе де министрлік ротация әдісін тиімді деп тапты. Бұл − директорлар құрамының сапасын жақсарту үшін нақты мерзімдер, критерийлер, тестілеу, лауазымға тағайындаудың жаңа жүйесі. Заңда директорлар үшін біліктілік санаттары енгізілді, олар өз жалақысынан 30%-тен 100%-ке дейін ай сайынғы үстемақы ала бастады. Бұл үшін әр 3 жыл сайын директор аттестациядан өтуге міндетті. Аттестаттау нәтижесі бойынша басшы санаттардың бірін алады, ай сайынғы қомақты үстемақыға да қол жеткізеді. Жұмыс тиімділігі өте төмен болған жағдайда жұмыстан шығарылады.

Бұдан былай директорлардың өз қалауы бойынша мұғалімдерді жұмысқа қабылдауға мүмкіндігі болмайды. Енді нақты критерийлер белгіленіп, мұғалімдер жұмысқа қызметінің нәтижесі мен жетістіктері негізінде конкурс арқылы орналасады. ҚР БҒМ-нің толықтырулар енгізілген бұйрығында білім беру ұйымының бірінші басшысы бос немесе уақытша бос лауазымы пайда болған кезде бес жұмыс күні ішінде білім басқармаларына конкурс өткізу туралы өтініш жібереді. Бірінші басшының лауазымына тағайындауға арналған конкурсты білім басқармасы жариялайтын болады.

− Конкурс рәсімі бірқатар кезеңді қамтиды, қатысушы 100 сұрақтан тұратын тестілеуге қатысады. Мамандандырылған білім беру ұйымдарының бірінші басшысының бос лауазымына орналасуға үміткер тестілеуден өткеннен кейін «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығымен әңгімелесу нысанында келісудің қосымша кезеңінен өтеді. Ал, «Білім-инновация» лицейінің бірінші басшысының лауазымына үміткерлер тестілеуден, қамқоршылық кеңеспен келісуден босатылады. «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қорымен әңгімелесу нысанында келісуден, сондай-ақ мемлекеттік органның комиссиясының отырысында әңгімелесуден өтеді. Сонымен қатар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымының бірінші басшысының бос лауазымына орналасуға үміткер кандидаттар тестілеуден өткеннен кейін министрліктің Балалар құқықтарын қорғау комитетімен әңгімелесу нысанында келісудің қосымша кезеңінен өтеді, − дейді облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова.

Айта кету керек, конкурс қорытындысы бойынша бірінші басшы лауазымының жеңімпазы жаңа қызметке бес жыл мерзімге тағайындалады. Сонымен қатар, білім саласында сапаны қамтамасыз ету үшін барлық білім ұйымдары мемлекеттік аттестаттаудан 5 жылда бір рет өтеді.

− Биыл мемлекеттік аттестаттаудан 149 мемлекеттік балабақша, 30 мектеп, 7 колледж өтеді деп жоспарланып отыр. Ал, жекеменшік білім нысандары келер жылдан бастап аттестацияланады, − дейді облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ғалия Дәулетова.

− Бұл бастама − білім саласына шынайы жанашыр әрі менеджер, қабілет-қарымы өзгелерден басымырақ мамандарға мол мүмкіндік береді, тәжірибе кеңістігін кеңейтеді. Конкурс арқылы қабылдау білім саласында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағыты бойынша ашықтық қағидатының тиімділігін арттырады.  Білімге құштар мемлекет үшін, бәрі де білімге құштар мектеп үшін жасалып жатқан аса тиімді әрі нәтижелі бастамалар. Мен мәртебелі маман атануға талабы мен ынтасы басым әріптестерді аталған бастамаларға атсалысуға шақырамын, − деді министр А.Аймағамбетов.

Елімізде мұғалімдердің жалақысы биыл тағы 25%-ке өсті. Жаңа жүйе сәтті жүзеге асса, мұғалімдердің біліктілігі ғана емес, жалақысы да артады. Білім саласы жалақыны көтеру, жүктемені азайту, есептілікті қысқарту, педагогтерді өзіне тән емес функцияларға тартуға жол бермеу мақсатында жылды осындай жаңа бастамалармен бастап отыр. Құптарлық. Енді тек әлемнің дамыған елдеріндегі ротациялау әдісін дөңгелетіп алып кетсек игі.

Гүлбану Мақажан,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<