Тұрғындар тілегі жерде қалмайды

695

0

ҚР Парламенті  Мәжілісі төрағасының орынбасары Балайым Кесебаева «Nur Otan» партиясының қалалық филиалы ғимаратында қала тұрғындарымен кездесті. Тұрғындар көшенің жарықтандырылуы, қоғамдық көліктің жай-күйі, ауылдық жерлердегі интернет байланысының нашарлығы, тұрғын үймен қамту, жастардың әскер қатарынан қашуы  және өзге де мәселелер жайлы өтініштермен келген.

Қала тұрғыны Бақытбек Бекбасаров өзі тұратын Қарабура көшесінің ені стандартқа сай жасалмағанын, жаяу жүргіншілер жолының жоқтығын және көшенің жарықпен қамтамасыз етілмегенін айтты.

– Өзім екінші топ мүгедегімін, алайда жеке мәселемен емес, бір топ тұрғындардың өтінішін алып келдім. Біздің аймақта қаладағы ең үлкен «Мұрагер» мектебі бар. Оған жан-жақтан оқушылар келіп оқиды. Бірақ қоғамдық көлік жоқ десе де болады. Сыйымдылығы үлкен көліктердің болмауынан «Газельмен» қатынайды. Оған сыймай қалғандары жаяу жүреді. Қараңғы түскенде балалар жарығы жоқ көшемен қайтуларына тура келеді. Ал олардың қауіпсіздігіне кім жауап береді? – деді ол.

Одан кейін қабылдауға жазылған тұрғын Бейбітбек Бүркітбайұлы қоғамдық көлікте көз мүгедектеріне арналған жеңілдіктің алынып қалғанын, бұл жүйенің сын көтермейтінін айтты. Ал Сәбит Әбіш пен Алтынбек Әлжаппаров кезінде Семей ядролық полигонында екі жыл әскери қызметін өтесе де, өздерінің әлеуметтік статусын ала алмай отырғандарына наразы. Бұл мәселені бірнеше рет көтергенімен ешқандай нәтиже жоғын жеткізді.

– Екі жыл бойы әскери борышымды Семейде ядролық полигонның ортасында жүріп өткердім. Денсаулығымды жоғалттым. Қолымызға қолғап та кимей, жұмыс істедік. Жарылғанда дәл жанында болдық. Алайда қоғамда біздің ешқандай статусымыз жоқ. Жәрдемақы, басқа да жеңілдіктер бізге қарастырылмаған. Өйткені құжатқа бір ғана сөз енбей қалған. Мұны жаңадан келіп жатқан Қорғаныс министрі шешіп береді деп ойлаймыз,– деді олар.

Талсуат елді мекенінің тұрғыны Жанәлі Жүніс елімізге АЭС  салудың тиімділігінен гөрі адам денсаулығына тигізер қаупінің зор екенін айтты. Сонымен бірге, қаладан небәрі 8 шақырым жерде орналасқан бұл аумақтағы интернеттің сапасы сын көтермейтініне шағым жасады.

Қабылдауға барлығы 40-қа жуық адам келді. Балайым Кесебаева тұрғындардың өтініш арызы заң аясында қаралып, тиісті министрліктерге жолданып, Үкімет алдына қойылатынын жеткізді.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<