Білім ошағы – бағдарлама жеңімпазы

937

0

Жапон елінің «Шөп тамыры» қайтарымсыз көмек бағдарламасы елімізде сонау 1997 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Бағдарламаның түпкі мақсаты – адамзат қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

«Шөп тамыры» бағдарламасы бүгінде республика көлемінде әлеуметтік салаға қатысты өзекті мәселелердің шешілуіне септігін тигізіп отыр. Айталық, бұған дейін бағдарлама аясында жеңіп алған гранттар есебінен еліміздің бірқатар білім ошақтарының шатыры жөнделіп, есік-терезелері жаңартылған болатын. Ал бірер күн бұрын облыс орталығындағы, Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейі балалар тасымалы үшін өз жобасын ұсынып, грант иегері атанды. Бұл жаңалық мектеп-лицей ұжымын ерекше қуантты. Себебі, бүгінде аталған мектеп-лицейіне Сабалақ, Эдельвейс мекен-жайларынан 630 бала қатынап оқуда. Жыл сайын бала санының артуына байланысты білім ошағының теңгеріміндегі  тасымалдаушы автокөліктер жетіспейтін.

Нақтырақ айтсақ, Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейі «Шөп тамыры» гранттық жобасына қатысу арқылы 65 794 АҚШ доллары көлемінде грант иеленіп, Жапон елшісі Джун Ямада мен мектеп-лицей директоры Бек Тумырзаев ZOOM платформасы арқылы грант келісім-шартына қол қойды.

– Биылғы оқу жылында мектеп-лицейде 3803 оқушы білім алады. Оның ішінде 630 оқушы алыс елді мекендерден арнайы көліктермен тасымалданады. Бұл ретте мектеп-лицейдің теңгеріміндегі автокөлік жетіспейтін болғандықтан, қалалық автобус паркінің қызметін пайдаланатынбыз. Әрине, бұл бізге тиімсіз. Сондықтан аталған бағдарламаға қатысып, ел қатарлы бағымызды сынап көрген едік. Нәтижесінде, жобамыз жүзеге асып, көлемді қаржылай қолдауға ие болдық. Осы күні Жапон елшілігімен екіжақты келісім шартқа қол қойып, құжат рәсімдеу жұмыстары жүріп жатыр. Сәтін салса, алдағы наурыз айының соңына қарай оқушылар тасымалы үшін екі автокөлік пайдалануға беріледі, – дейді мектеп-лицей директоры Бек Тумырзаев.

Айта кетейік, Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицей ұжымы өткен оқу жылында ең үздік білім беру ұйымы ретінде облыс әкімі тағайындаған 34 миллион теңге грантты жеңіп алған.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<