Мейірімге толы еңбек

1150

0

ана мен бала ұйымдарының мерейін өсірді

Ұлт саулығы жолында өскелең ұрпақтың, оның ішінде нәрестелердің де денсаулығын қорғау ерекше назарда. Бұл мәселе аймақ басшысының тікелей бақылауына алынған. Осы ретте жүзеге асырылған жұмыстың нәтижесінде бірқатар медициналық ұйымға халықаралық деңгейде «Вавy–friendly hospitals. Балаға мейірімді қарым-қатынас ауруханасы» атағы берілді.

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «BalaJan» ҚҚ Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Ольга Шишигина, белгілі дәрігер, акушер-гинеколог Зәуреш Аманжолова және «BalaJan» медицина қызметкерлері одағы» қоғамдық қорының президенті әрі құрылтайшысы Эльнар Құрманғалиевамен кездесті.

Басқосуда ана мен бала денсаулығын қорғау мәселелері талқыланды. Аймақ басшысы бірлескен жұмыстардың маңыздылығына тоқталды.

Айту керек, өңірде Дүниежүзілік денсаулық ұйымы ұсынған  «Емізу практикасын қорғау, қолдау және ынталандыру» бағдарламасы қабылданды. Осы бағдарлама бойынша Қызылорда облысының медициналық ұйымдары республикалық деңгейде сертификациядан, ресертификациядан өтіп, халықаралық деңгейде «Вавy–friendly hospitals. Балаға мейірімді қарым-қатынас ауруханасы» атағына ие болды.

Сондай-ақ, облыс бойынша 5 емдеу, алдын алу ұйымы «Алтын тақта» номинациясымен марапатталды. Олар – облыстық Ана мен бала орталығы, көпбейінді облыстық балалар ауруханасы, Арал және Қазалы ауданаралық ауруханалары мен №3 қалалық емхана.

Бағдарламаның негізгі мақсаты – тек ана сүтімен емізу үлесін 95%-ке дейін арттыру арқылы жаңа туған нәрестелердің аурушаңдық және өлім-жітім жағдайын төмендету. «BalaJan» қоғамдық қорының өкілдері Сыр өңірінде осы бағытта қарқынды жұмыс жүргізілгенін айтып, алдағы уақытта да бірлесе еңбек етуге ниетті екенін білдірді.

Айта кетейік, «BalaJan» қоғамдық қоры ана мен бала денсаулығын сақтау және нығайтуға бағытталған бағдарламаларды жүзеге асырумен айналысатын коммерциялық емес қоғамдық ұйым. Ұйым өкілдері «Емізу практикасын қорғау, қолдау және ынталандыру» бағдарламасын әрі қарай енгізу мақсатында «Балаға ізгі ниетті клиника» жобасымен «Ана сүтімен емізудің маңыздылығы» және «Қауіпсіз босану» тақырыптарында семинар өткізеді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<